ҚАЗАҚ ЕЛІ АТАНУ – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУҒА ЖАСАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Елбасының осындай пікірі айтылысымен-ақ көптеген әлеуметтік желілер мен газеттерде қызу талқылау басталып кетті. Әрине, пікірлер де сан түрлі, бірі дұрыс деп қолдап жатса, енді бірі «бұл шаруа көп шығынды қажет етеді, сондықтан,  қоя тұрсақ қайтеді» деген ой айтады. Ал, кейбіреулер атауды өзгертетін болсақ, «Қазақ Республикасы» немесе «Қазақия» деп атайық» деген ұсынысын ортаға салады. Ең бастысы, Елбасы айтқан пікірге ешкімнің бейжай қарамай, елең еткені болып отыр.

Біздің ойымызша, Елбасы «Қазақ Елі» атауын тектен-тек айтып отырған жоқ. Себебі, осыдан бірер жыл бұрын Парламентте осы ұсыныс ортаға салынған болатын. Бірақ, ол кезде тосыннан айтылғандықтан ба, көпшілік екіұдай пікірде қалды. Алайда, сол ұсыныс  жұртшылықтың ойынан әлі де ұмытылған жоқ, қайта әркімнің санасында пісіп-жетіле түсті. Мұны Елбасы да біліп отыр.

Екіншіден,  біздің еліміз 1920 жылғы 26 тамызда  Кеңестер Одағының құрамында Қазақ АССР-ы болып құрылып, ал, 1936 жылғы 5 желтоқсаннан бастап Қазақ  ССР-ы болып аталған. Ендеше, елімізді Қазақ  атауымен айту – бұрыннан бар қағида. 

Үшіншіден, Қазақстан –қазақ ұлтының байырғы  Отаны, осы жерде олардың тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі қалыптасқандығын бүкіл әлем де, осы жерде тұратын сан түрлі ұлт өкілдері де мойындады, әрі құрметпен қарай бастады. Мысалы, Білім және ғылым министрінің айтуы бойынша, өткен жылы 32 мың өзге ұлттың баласы қазақ мектептеріне беріліпті. 

Елбасы айтқанындай, жыл сайын қазақ тілін жетік меңгергендер 10 пайызға өсіп отырады екен. Бұл  тәуелсіздік алғанына 22 жылдан асқан егемен елдің енді өзіне қатысты мәселелерді халқымен ақылдасып, өзі шешуге мүмкіндігі туды деген сөз. 

Төртіншіден, «Қазақ» атауына «стан» деген сөздің жалғануы бізді көп білмейтін басқа елдердің көз алдына қырық жыл бойы басынан қырғын арылмаған Ауғанстан, Пәкістан секілді елдердей елестейтіні ақиқат. Бұл дамудың даңғыл жолына түсіп, ұлы мақсаттарға ұмтылған елге аз да болса нұқсан болары сөзсіз. 

Бесіншіден, «Қазақ Елі» атауы ол ұлттың рухын оятады, ертеңге деген сенімге жол ашады, бүгінгі ұрпақты өз елінің тарихына, салт-дәстүріне, тіліне жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарауға үндейді. Ендеше, Елбасының бастамасы – тарихи бастама, «Мәңгілік Ел» болуға жасалған алғашқы да, маңызды қадамның бірегейі десек, артық болмайды.

Нұрлан ҚАБЫЛОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*