«ҚАЗАҚ БОЛМАСА, БІЗ ҚАЙТЕР ЕДІК»

– Мұса Абакарұлы, Қазақстанға қай жылдары келіп едіңіздер? Туған жер, өскен ортаңыз туралы айта отырыңыз…

– Менің ата-анам Қазақстанға 1963 жылдары келген. Үлкендер «жер ауып келгендерді әр елді мекенге бөлгенде мүлік, азық қоры мүлде болмаған. Осындай кезде елде өздері әзер күн көріп отырған жергілікті тұрғындар зорлықпен көшіп келгендерге қолынан келген барлық көмегін аямады» деп айтып отырушы еді.

Бүгінде Елбасының сали­қалы саясатының арқасында, жергілікті ұлт өкілдерінің қонақжай мінезінің, табиғи болмысының, даласы қалай кең болса, жүрегінің де солай кең болуының, бітімгершілік қасиеттерінің молдығының арқасында ұлтаралық келісім, татулықта келең­сіздік болған жоқ. Түрлі тағдырмен келген өзге ұлт өкілдері Қазақстаннан тұрақты мекен тапты, өзінің Отаны деп есеп­теді. Келген адамға үй  бермесең, жеп отыр­ған наныңнан бір үзім бөліп берме­сең, ол адам бір-екі күннен артық тұра алмас еді. Қазақта ондай болған жоқ. Бар­лы­ғын бауырына баса білді, көмек­тесті. Мен өзімді Қазақстанның байырғы тұрғынымын деп есептеймін. Бір атаның баласындай бауырмал халқы, ел қорғаған батырлары мен аузы дуалы билері бар Қазақ еліне екі жасымда келдім. Яғни, 1961 жылы Дағыстанда, Лак ауданының Кумух ауылында дүниеге келдім. Бұрындары атамекенінен жер аударылғандардың көпшілігі суық климаттық жағдайларға, аштыққа шыдай алмағанын анам жиі еске алатын. Сол қиын кезеңдерде Қазақ даласынан пана тауып, ұрпағын өрбіткендердің жергілікті халыққа алғысы шексіз. Бүгінде тұрақтылық пен тыныштық орнаған елдің азаматы болғаныма шүкіршілік етемін.

– Ағымдағы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып отыр. Жалпы, тұтас бір жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясына арналуының мәні неде?

 – Дана халқымыз айтпақшы, «бірлік бар жерде – тірлік бар». Көзді ашып-жұмғанша, Мемлекет басшысы айтқандай, адам нанғысыз биікті бағындырдық. «Барлық уақыттарда біз көпэтносты халқымыздың бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз және сақтай беретін боламыз. Қазақстан қоғамындағы бей-бітшілік пен келісімнің басты механизмі – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, жұмыс істеп келеді» деген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақ елінің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келе жатқанын әрдайым айтып отырады.   Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтқан өзінің ұсынысы негізінде Президент 1995 жылы 1 наурызда Жарлыққа қол қойып, бүгінгі Ассамблея құрылды. Оның алдына қой­ған негізгі мақсаты елдің бірлігін нығайту еді. Түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастыру болатын. Осыған байланысты облыс орталықтарында түрлі этностық мәде­ни орталықтар құрылды. Бұл тәжірибе бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отырғанына куәміз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы еліміздегі этносаралық қатынастар саласын реттеп, жүйелеп отыратын жүйені қалыптастырды. Сонымен қатар, Ассамблея сол кезеңде демократиялық жаңаруларды бастан кешіп жатқан Қазақстандағы азаматтық қоғамның алғашқы қарлығашы болғаны даусыз. Расымен, мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық орнамай, экономикалық салада жетістік болмайтыны ақиқат. Сондықтан, Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр.

Халық бірлігі – мемлекеттің негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған Қазақстанымыз туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Өткен аптада болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Мемлекет басшысы елдегі тыныштық пен бірлік болғанда ғана дүлей соққан дауылдарға төтеп бере алатынымызды айтқан болатын. Ел Президентінің атап өтуінше, тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған Қазақстанның дәулеті мен сәулеті келісіп, әлеуеті мен қуаты еселеп артты. Ел экономикасы қарыштап өрлеп, дамудың индустриялық-инновациялық бағытына түсті.

Міне, қазақстандықтар тәуелсіздік салған сара жолымен жүріп келеді. Алайда, қандайма қиыншылық болмасын, берекелі бірлігіміз бен жарасымды ынтымағымыз арқасында талай асуларды, биік белестерді тайсалмай бағындыра білдік. Оны алыс-жақын шетел, алпауыт мемлекеттер мойындап, бағасын беруде.

– Өзіңіз жетекшілік ететін «Салам» дағыстан этномәдени бірлестігінің атқарып отырған жұмысына да тоқталып өтсеңіз…

– Орталық 2002 жылы құрылды. Бүгінде облыста лакцалар, даргинистер, аварцалар мен құмықтар, лезгиндер, ноғайлармен қатар, табарацандарды қосқанда 400-дей адам бар, міне, орталық осы ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіреді.

Ассамблеяның бастамаларымен өткізілетін әр шараға қатысып отырамыз. Халықтар достығы, ел бірлігі, ынтымақ орнату жұмыстарында мәдени-көпшілік шаралардың мәні зор.

 Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты – тіл саясатын жүргізу. Сол үшін де қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің кешенді шаралары қолға алынып, Қазақстан халықтарының белағашы болатын қазақ мәдениетін өркендету ісі шешімін табуы тиіс. Осы ретте біздің бірлестік те мемлекеттік тіл тынысын кеңейтуге өзінің үлесін қосып келеді, алда жалғасын табады.

 Бұрын этномәдени орталықтар тіл, салт-дәстүрге қатысты мәдени шаралармен ғана шектелетін. Бүгінгі күні бағыт түбірімен өзгерді. Орталық мүшелері кәсіпкерлік саласында айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бастысы, елдегі бейбіт бірлік пен мамыржай тірлік – рухани байлығымыз.

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*