ҚАСЫММЕН ЖЫРЫН ҚАЙРАҒАН

…Қараойдан қаракөк аспанға атыла ұшқан қарабауыр қанатының суылы адырнасын ала өгіздей мөңіреткен Махамбеттің қозы жауырын жебесінің суылындай болып естіледі. Қажы Тарханнан кіре тартып, кір басқан шалғайына шүпірлеген шабақтар шегендеген ақ мұрт, ақшулан Атыраудың айдынын сызған кемеден төгілген кермарал дауыс Құрекеңнің «Кісенін ашып», «Көбігін шашып», мұңға иінін берген «Кішкентай» көңілді «Серпер» қайратқа сілтеп, арқаны арқайын кеңге салып, алғаусыз көңілмен бір көтеріліп қаламын.
Есіме Жем жағасында жалаңаяқ жүгірген балаң күндер қайыра оралып, анадай абзал, әкедей ақжал Ақкиізтоғайым алдымнан құшағын ашып, бауырына басып, жүгіре шыққандай болады. Қатарластарым, қанаттастарым қаптап алдымнан ұмтылғандай қуанамын. Әкемнің көзін көрген, анаммен сырлас болған қариялар ұмсынып, алыс жолдан иығын шаң басып оралған ұлдарының бетінен сүйгендей күй кешемін.
Жаманқұмақтың жалғыз мосыағашы тұсына келгенде «сенімен бірге барамыз» дегендей болып асыға жөңкіліп, абыржи қозғалып, қамшылар жағымнан қапталдаса шұбырған «ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар» бұйрабас ұстазымның шашындай ұйысқан бұйрығынды даланы өзімен бірге ертіп, Ақкиізтоғайға қарай асыға тартады. Ойыма өлең жолдары келеді:
«Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар,
Қарасаң аспанда да алалық бар.
Біреуде жас та болса даналық бар,
Біреуде қарт та болса шалалық бар».
Көңілдің құм-сағатына қайыра үңілемін. Бұл өлеңмен кездесуге дейін әлі арада бірнеше жылдар жатыр еді…
Ол жылдары біздің үй малда, қойнауы құт Қарақұмның шығыс-терістік жағында отырар еді. Жердің аты да осы өңірге тән – Қоңырқұдық. Тылсым тарихын қауғамен саумалаған Жылыой-Маңғыстау аймағының тіршілік картасы да жылжыған жылдар бойы құдықтармен өлшеніп келді. Қоңырқұдық та, жарықтық, осындай көңілге де, өмірге де жақын жер еді. Шағыры шалғынды ормандай болған, «Қарақұм дегенше қарағым десейші» деген қанатты сөзге кейіпкер болған Қарақұм қойнауында, Қоңырқұдық пен Аққұдық жайлауында, Майкөмген мен Еткөмгеннің байлауында өткен балаң күндер әкем Оралбай мен Аманқостың әкесі Назар ақсақалға да етене ортақ жерлер еді. Демек, бізге де ыстық, бізге де ортақ жерлер ғой ол.
Әкем орта сауатты, латын қарпімен де, орыс әрпімен де оқып, жаза алатын жан болатын. Жібермей қарайтын баспасөзі – аудандық «Ембі» газеті. Айына бір-екі рет келетін автодүкен жеткізетін шаң басқан бір буда газетті ақтарып-төңкеріп, ішінен «Ембіні» тауып алатын да, мақтадан сырылып тігілген жұқалтаң кеудешесінің оң жағында ауызы ашыңқы қалтасынан құлақшасы қызғылт-қоңыр көзәйнегін алып, үнемі ондық шамның жарығын көтеріп қойып, ұзақты кеш «кәзит» қарайтын. Әкем әсіресе өлең-жырды қағыс жібермейді. Аудан ақындарын жатқа біледі. «Жанаштың жаңа жырлары шығыпты, ауыздығын шайнап келе жатқан жорға ғой» деп отыратын. «Осы, әлгі Жетімек Назардың баласы жақсы ақын болып келе жатыр, әкесі көп сөйлемейтін, тұйықтау кісі ғой, шамасы сөз нағашы жағынан келді ме екен» деп, өз пікіріне өзі тоқмейілдік танытып жататын. «Ақын болғасын Аманқостай болу керек қой» деп әкем ағыл-тегіл болады да жатады.
Бір күні мен де «Ембіні» қарай қалдым. Соңғы бетінде «Қоңырқұдық» деген өлең басылыпты. Авторы – Аманқос Ершуов.
«Ата-бабам көкейге қонымды ғып,
Деп қойыпты атыңды Қоңырқұдық.
Жымыңдаған түнгі оттар шақырады,
Мен түгіл, жолаушының жолын бұрып», – деп төгіліп барады. (Бұған да 50 жылдай уақыт болыпты-ау).
Ол кезде өлеңді талдауға күшіміз жете бермейді, өзіміз отырғасын ба, әлде жер аты таныс болғасын ба – осы өлең маған керемет әсер етті. Әп-сәтте жатталды да қалды. Бұл өлеңді арада осыншама уақыт өтсе де әлі күнге жатқа оқимын. Ауылым туралы ойланғанда бұл өлең ешқашан есімнен шыққан емес. Пілте шамның жарығымен көне көзәйнегін түзеп қойып, газет оқып отырған әкемнің бейнесі есіме түскен сайын осы өлең де есіме түседі де тұрады. Қазір ол жерде кімдер отыр екен, әлде мал аяғы баспайтын көне жұрт, көшкен орын болып қалды ма, ол жағы маған беймәлім, бірақ «Қоңырқұдық» деген қоңыр сөз сағыныштың қоңыр әуені болып жанымды әлі күнге әлдилейді. Алаштың айтулы ақыны Аманқос Ершуов әдебиетке осы «Қоңырқұдықтан» келген сияқты болады да тұрады.
Ақкиізтоғай ауылындағы Амангелді орта мектебінің 6-шы класында талпынып өлең жаза бастадым. Алғашқы өлеңімді сол кездегі «жанып тұрған тақырып» – октябрьге арнағаным есімде. Ешкімге көрсетпедім, ешқайда бермедім онымды. Өлеңдік көркемдігі жоқ, ұйқасы аяғын әр жерден бір басқан нәрсе сияқты болғаны да әлі есімде. Енді ақындарды өзімше зерттей бастадым.
Бұған дейін мектеп оқулықтары беттерінен көріп, оқитын ақындарымыздың бәрі тұлдыр жетім, әке-шешеден ерте айырылған жандар болатын. Мен тіпті ақын болу үшін әуелі жетім болу керек шығар деп ойлайтынмын. Және кітаптағылардың бәрі де шеттерінен бірер жылда қатар туып, бір жылда дүниеден өткен. Сонымен тірі ақынды көру деген қиын екен деген ой да қылаң берген. Әке-шешем тірі, мен, сірә, ақын бола алмаспын деп күдіктене бердім.
Абыз баба – Пір Бекеттің кіндігі кесілген Ақмешіттің ақжайнақ құмында кіндіктері кесілген ақындар: Ұлы Отан соғысының сұрапылынан оралмаған, жаны нұрланған шақта «Жазық Дала» деп қолын қоятын Далабай Жазықбаев, ерке Жемнің сабырлы ағысындай биязы, бір өзі бір әдебиет институтының жүгін көтергендей Қабиболла Сыдиықов, өлеңдерінің екпіні Желтаудан соққан желдей ескен ақжарма азамат Меңдекеш Сатыбалдиев, ат құлағында ойнап, талай аламан бәйгеде шабандоз бала атанған Айтуар Өтегенов, оның мақаласынсыз «Ембі» газеті шықпайтын тұсалмас тілші Қонаш Қалдыоразов, кластас құрбы, сырға берік сыралғы достар Аманғали Сеңгірбаев пен Мақсот Қуатбаев, өлеңнен ғылым сүзген Амантай Оспанов, әрі ғалым, әрі сыншы, әрі ақын, Аманқос ағамның қызы Маржан Ершуова, тағы басқа, асығыс шолғанда ауызға түспей жатқан іні-қарындастарым аяулы мекен – атакүлдік Ақкиізтоғай ауылының түлектері. Осы тізімнің ішінде мен де бармын деп көңілім тоғаяды.
Ал осы тізімнің кеуде тұсында көзге түсетін Аманқос Ершуовтың орны бір бөлек. Ақындар ауылы атанған Ақкиізтоғайдан түлеп ұшқан есімдері аталған жандардың көбі ауылдан ұзап та кеткен жайы бар. Туған жерге туын тігіп, табан аудармай, төзімді күн кешіп келе жатқан, ақындар ұстаханасының көрігін дүрілдетіп, жырын оқыған жандардың жүрегін дірілдетіп Аманқос ағамыз Ақкиізтоғайында әлі отыр. «Дипломмен – ауылға» деп дүрлігіп жатқан қазіргі заманда осы мәселені жарты ғасыр бұрын түбегейлі шешіп тастаған Аманқос Ершуов болатын.
Пайғамбар хадисінде ең сауапты істердің бірі – адамға білім беру, оқыту деген. Сол сауапты қалағанынша алып жатқан ақын-ұстаз, Аллаға шүкір, жетімек болса да, жетім емес екен. Ұзақ жыл колхоз басқармасы болған Назар Ершуов нағашымды сан рет көріп, аузымды толтырып «ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, атын ұстағаным бар. Мен сөйтіп ақын баласынан бұрын абзал әкесін көрдім. Ақынды содан кейін ғана көрудің сәті түсті. Тірі ақынды да көрдім-ау, әйтеуір.
1967 жылғы қыркүйек айында біздің Амангелді орта мектебіне жаңадан оқу бітіріп бір топ жас мұғалім келді. Олар шалғайда жатқан бұйығылау ауылымызға жаңаша өмір, жарқын көңіл ала келді. Солардың бірі Аманқос ағай болатын. Қасында қалаша сәнді киінген, қасы-көзі қиылған, біздің ауылдың жаңа келіні Алтын апай бар. Бұл кісімен де танысуым қызық болды.
Тоғызыншы кластың алғашқы сабақтары да басталды. Менің алғашқы өлеңдерім аудандық «Ембі» газетіне жиі шыға бастаған кезі. Ауыл арасында ақын бала атанып, кеудем кішкене көтеріле бастаған шақ. Алтын апай бізге математикадан сабақ беретін болды. Сабақ басталар алдында Балтабай Адамбаев құрастырған «Шешендік сөздер» деген кітапты оқып отырғанмын. Аңдамай қалыппын, Алтын апай асығыс кіріп келді де, қолымдағы кітапты жұлып алып, кластан шығарып жіберді. Әжептәуір ақын атанған басым өкпеледім де қалдым.
Апайдың да мінезі қатты екен, содан мені екі апта сабағына кіргізбеді. Сегізінші класқа дейін жақсы оқыған математика пәніне деген көңілім содан суи бастады. Біржола «әдебиетке» қарай ойыстым. Ең қызығы, Аманқос ағай бізге әдебиеттен сабақ береді. Болған оқиғадан бейхабар болу керек, жақ ашпайды. Мен де айта қоймаймын. Сөйтіп Алтын апайға оппозиция, Аманқос ағайға шәкірт болып күндер өтіп жатты.
Кейінгі жылдарда, ақын атанып, танымал тілші болған жағдайымда әзіл-шыны аралас: «мені әдебиетке әкелген Алтын апай» деп айтып, жазғаным да бар. Сөйтсем, Алтын апай менің апам болып шықты. Демек, мені әдебиетке біліп, білмей жетектеген Алтын апам. Осы кезеңдерде Аманқос ағамның өлеңдері республикалық газет-журналдардың бетінен жиі көріне бастады. Атыраудың облыстық газеті арнаулы нөмірлерінің алдына Аманқос жырларын салатын болды. Аманқос поэзиясының білгірі әрі жанкүйері әкемнің де оқитын газетінің ауқымы үлкейіп кетті.
Сол кезде бұрын тарих шаңына көміліп кете жаздаған ұлттық дәстүр – ақындар айтысы қайтадан жандана бастаған. Бірақ қазіргі айтыстардай азуын айға білеп, қағазға қарамай жөңкіле жөнелетін салт әлі қалыптаса қоймаған-ды. Ақындар жазып келіп, соны оқып беріп айтысады. Соған қатысқан Аманқос ағамыз мұнда да қамшы салдырмай, өлеңнің барлық заңдылығы мен техникасын толық сақтап, төрт аяғы түгел теңжорға жырларымен елдің аузынан түспейтін болды. Оның тауып айтқан тіркестерін жұрт жатқа айтып, күлер жерде күліп, қостар жерде қостап жататын.
«Істеген жұмыстары далаға ұшып,
Жүреді мал маманы арақ ішіп.
Қыраубаев ұрып жыққан бір байғұстың,
Жарасын жалап тұрды қара күшік», – деген шумақтары әлі күнге жадымнан өшкен жоқ. Бұдан да басқасын ұзақ-ұзақ келтіруге болар еді, бірақ оған жер тар, уақыт қысаң…
Бір күні «Ембі» газетіне шыққан «Шопан» деген өз өлеңімді әкеме: «Кәке, Аманқостың жаңа өлеңін оқып берейін» деп мәнерлеп оқып бердім. Оқып болып, әкем қалай қабылдар екен деп, бетіне жалтақ-жалтақ қарап қоямын. «Ой, пәлі, жақсы өлең екен, Назардың баласының өлеңі екені көрініп тұр» деп әкем жарқылдап қуанып қалды. Ішім жымың ете қалды. Бұл менің өнер жолында әкемнен сырттай алған алғашқы жақсы бағам еді. Мен сөйтіп Аманқос Ершуовтай ақын болсам ғой, әкем қуанады екен деп армандайтын болдым. Өлеңді де бұрынғыдан жиі жаза бастадым. Осылайша Аманқос ағам да біліп, білмей мені әдебиет ауылына жетелей жөнелді.
Жалпы, Аманқос ағай ұстаз ретінде бағаға сараң адам. Әдебиетке деген талабы қатал. Бір кластағы отыз үш шәкірттің одан бес деген баға алғаны кемде-кем. Нағашы жағымның «сараңдығы» да бар еді, табиғаттары бір болғасын, соның да әсері ме, әйтеуір, ақ тер, көк тер болып, 45 минут сабақ айтқанда бұйра басын шайқап тұрып, бес деген бағаны зорға қоятын. Бір досыма мазмұндама ішінде «бір цифрды сөзбен жазбадың, әдебиет саған математика емес» деп, бірден екі қойғаны да әлі есімде. Осы жайт есіме түскенде ағамызға да шәкірт кезінде Алтын апай сияқты бір мұғалім кездесті ме екен деп күліп қоямын.
1969 жылы Алматыда жас ақындардың республикалық фестивалі өтті. Оған Гурьев облысынан біздің ұстазымыз, әдебиет пәнінің мұғалімі Аманқос Ершуов ағамыз қатысуға кетті. Ол кезде мен оныншы класта оқып жүргенмін. Туыстас Бөкей ағамның үйінде жатып оқимын. Ол кісі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерін жаздырып алады. Барлық газеттерді ұқыптап жинап, тігіндісін жасап, қабырғаға іліп қояды. Мен де соларды жатып алып оқимын. Бір күні «Қазақ әдебиетін» ашып кеп қалсам, Аманқос ағайдың Қасым туралы өлеңі жарқ ете түсті. Жата қалып оқиын. Жұлып әкетіп барады. Екпін, ырғақ, құйылған сөз, төгілген теңеу. Қасымның отты жырының жалғасындай болып лаулаған сол жыр газеттің бетін де лаулатып тұрғандай болды.
Ақжарма ақын Ғафу Қайырбеков өлеңмен төгілдіріп ашқан сол ақындар жиынында қазақ поэзиясына тегеурінді топ, жаңа жыр жүйріктері келді. Солардың алдыңғы қатарында Аманқос Ершуовтың да аты шығып, академик Зейнолла Қабдолов: «Қазақ өлеңіне жаңа Қасым келді» деп жар салды. Осылайша қазақ поэзиясының жаңа жүйріктері қатарында жарқ етіп көзге түскен жас талант Аманқос Ершуов әйгілі француздар тудырған: «ақындар ауылда туып, астанада тұрады» деген қанатты сөзге бағынбай, өзінің баянына біткен бірбеткей мінезіне бағып, туған ауылында қалды. «Ауылда туған ақындар ауылда күн кешеді» деген ұғымды қалыптастырды. Осынысы дұрыс болған секілді, ол ауылда ақындар галереясын жасақтады, ақындар гвардиясын құрды.
Аспандағы бұлттардан айшуақ ой, астарлы пікір түйген ақын Аманқос Ершуов өлеңдері алаш жұртының адуынды ақыны Қасым Аманжоловтың сарынымен сабақтас, екпінімен ерулес. Аманқос ақынның жырлары қыннан шыққан қанжардай жүйрік, Атыраудың атан жығар желіндей екпінді, Жемнің ақшағылын емірене сүйіп, есіле ағатын ағысындай жанға жайлы. Өлеңінің ішкі қуаты мен сыртқы шуағы қатар түсіп, құйрық-жалы сүзіліп қатар ағатын жігері Қасымның қылыш-жырына қайралғандай әркез серпінді де, сергек. Қазақ сөзінің кәнігі зергері Зейнолла Қабдолов көкем айтқан әуелгі ойды одан әрі тарқатсақ, ол Қасыммен жырын қайраған ақын. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деген Қасым-дауылпаздың бақытты ұрпағының бірі ақын Аманқос Ершуов. Басқалардан гөрі Қасымға жақын қаламгер.
Жетпіске келсе де өлеңі жігіттік мінезден таймаған ұстаз-ақынның мерейтойы – елдің тойы, жұртының қызығы. Жылыойға қарай қанатын қомдаған сағыныштың жел қанатына байланған осынау үшбу тілек ақ парақтарға құйылып, ақша бұлттардың көшіне еріп, атажұрт – Ақкиізтоғайыма қарай самғап барады.
Бұлттанушы бұйрабас ағам танитын шығар…

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақынның ақын шәкірті,
ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Журналистика академиясының академигі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*