КӘСІПКЕРЛЕР НЕГЕ ШАҒЫМДАНАДЫ?

Белгілі болғандай, облыстың бизнес-климатын жақсарту мақсатында шағын және орта бизнес субъектілеріндегі әкімшілік тосқауылды жою бойынша тиісті мемлекеттік органдармен жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша қазір барлығы 32 805 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оларға қолдау көрсету мақсатында барлық аудандарда кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. «Бір терезе» қағидасы бойынша кәсіп иелеріне мемлекеттік бағдарламаға қатысу шарттары, салықтық, қаржылық, бизнесті ашу, жабу және жүргізу бойынша кеңестер беріледі. Десек те, кәсіпкерлерден әр түрлі тақырыпта облыс әкімінің блогына жыл басынан бері 15 арыз түсіпті. Бұл жөнінде облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева баяндап, арыздарға уақтылы жауап беріліп, қанағаттандырылғанын айтты.
Алайда, шағын және орта кәсіп иелері арасында құжаттарын реттей алмай дал болып жүргендері де жоқ емес. Мәселе төңірегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиев баяндады.
– Жыл басынан бері кәсіпкерлер палатасына әртүрлі мәселемен 50 арыз түсті. Олардың басым бөлігі уақытында қаралып, тиісті жауаптар берілуде. Десек те, арыздың отыз пайызына толық жауап берілмеді. Олар әлі де қаралып, тексеріс үстінде. Шағымданған тұрғындардың көбі кәсіп ашуда құжаттарды рәсімдеу қиынға соғатынын алға тартады. Әсіресе, бұл облыстық жер қатынастары басқармасы мен архитектура және қала құрылысы басқармасына қатысты. Сондай-ақ, несие алу, кепілге мүлік қою шарттары да кәсіпкерлерге қиындық тудырып отыр» деген Асылбек Мұхитұлы кәсіпкерлердің құқын қорғауда барлық тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс жасап, мәселелерін шешуге ықпал етуді ұсынды.
Бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге төлем тарифтері қымбатқа соғып жатқаны рас. Олардың құқын қорғауда монополистермен жұмысты арттыру керектігі де сөз болды. Осы тұста қоғамдық кеңес мүшесі Ұлықбек Тінәлиев «Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерге төмен тарифтер белгіленген. Мұндай жеңілдіктерді бізге де енгізуге ықпал болса» деген ұсынысын білдірді.
Ал, салық органдарында сыбайлас жемқорлыққа қатысты алынған шаралар жөнінде облыстық Салық басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Рзағұлова баяндады. Оның айтуынша, басқармада салық төлеушілерге бюрократтық кедергілерсіз қызмет көрсетуді тездету және де жақсарту үшін электронды салықтық қызметті көбейту, сондай-ақ, салық органы қызметкерлерінің жағдайын жетілдіріп, қызметкердің еңбекақысын көтеру, сыйақыға ынталандыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шаралары қолға алынған.
«Жемқорлыққа қатысты атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беруде. Алайда, мемлекет үшін қауіпті саналатын жемқорлықты түпкілікті болдырмауда салық төлеушілердің де түсінігін арттыру қажет. Осы мақсатта «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының филиалында салық төлеушілерге қолайлы салық есептіліктерін тапсыруға терминал орналастырылды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау, құқық, салық мәселелерін шешуге ықпал ету мақсатында департамент жанынан қоғамдық кеңес жұмыс жасайды» деді Айгүл Серәліқызы.
«Кәсіпкерлердің тиісті мемлекеттік органға қатысты сұрақтары Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қаралады. Алайда, ол ұзақ мерзімді алатындықтан, кәсіп иелері мемлекеттік органға тікелей барып, мәселесін шешіп жататыны жасырын емес» деген облыстық партия филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Сайын Қуанышев сыбайлас жемқорлықты жоюда ең алдымен, адалдыққа қатысты мәдениет қалыптастыру керектігін алға қойды. Сондай-ақ, сыбайлас жем¬қор¬лықпен күресте барлық мемлекеттік қызметтердің жұмыстарын жетілдіру жөнінде шешім қабылдады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*