КӘСІПКЕРГЕ КЕРЕК – 1001 ДЕРЕК

Аймақтағы кәсіпкерлер палатасында бизнесті қаржылық емес қолдау бөлімі 2013 жылдан бері жұмыс жасайды. Негізгі бағыты – кәсіпкерлерге пайдалы кеңестер беру, жаңадан кәсіп ашамын деушілерге бағыт сілтеу. Атап айтқанда, мұнда сегіз түрлі сервистік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке ынталы жеке тұлғаларға әртүрлі оқу-тренингтері ұйымдастырылады.

Сонымен, ұсынылатын қызмет түрлері қандай?

Біріншіден, бухгалтерлік, салықтық және статистикалық есепті қалай жасау керек, соған байланысты кеңестер беріледі. Тарқатып айтар болсақ, салықтық заңнамаға енгізіліп отырған өзгерістер түсіндіріледі. Мұндағы мамандар «1С-бухгалтерия» бағдарламасымен қалай дұрыс жұмыс жасауды үйретеді.

Екіншіден, кедендік рәсімдер, оның ішінде, кедендік декларация толтыру үлгісі, жаңа тарифтер, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Кедендік одақ шеңберіндегі жүктерді декларациялау бойынша қажетті мәліметтер айтылады.

Үшіншіден, кез келген кәсіпкер менеджмент жүйелерін енгізу бойынша кеңес алып, бүкіл үрдіс бойынша маман көмегін тегін пайдалана алады. Кеңес беру орталығындағы қызметкерлер «ИСО 9001:2000», «ИСО 14001:2004», «ИСО 22000:2005», «ОНSAS 18001:2007» халықаралық менеджмент сапа стандарттары бойынша құжаттар дайындаудың қыр-сырын үйретеді.

Төртіншіден, кәсіпкерлер заң шеңберінде туындаған сауалдардың нақты жауабын алысқа бармай-ақ осы орталықтан табады.

Бесіншіден, маркетинг мәселелері бойынша бағыт-бағдар мен сілтемелер беріледі.

Алтыншыдан, ақпараттық технологияларға қатысты кеңестер айтылып отырады. Көптеген кәсіпкерлерді толғандыратын тағы бір мәселе – мемлекеттік сатып алу жайы. Осыған орай, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу мәселелеріне байланысты қажетті ақпараттар беріледі. Және де соңғы сервистік қызмет – менеджмент саласындағы ақыл-кеңестер нақты деректер арқылы ұсынылады.

Ақан Қайырғалиевтың айтуынша, кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында барлық қызмет тегін көрсетіледі. Яғни, «Жұмыс жасап тұрған бизнесті жүргізуге – сервистік қолдау» бағдарламасы арқылы заңгерлер мен маркетологтардың, сапа стандарттарын енгізу бойынша білікті мамандардың кеңестерін тегін алуға болады. Қолдау бөлімінің қызметкерлері жаңа бастамаға қатысты кез келген мәселені шешуге дайын.

Осыған дейін де палата тарапынан қыруар істер атқарылып, бірталай кәсіпкерге өз ісін ашуға кең жол ашылған. Өткен жылдың өзінде бухгалтерия, маркетинг, ІТ-технология саласы, мемлекеттік сатып алуға байланысты біраз кеңестер беріліпті. Тағы төрт қызмет түрін аутсорсингтік компаниялар көрсеткен екен. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жақсылықты өткен жылы облыста 1253 кәсіпкер пайдаланған. Нәтижесінде ондаған кәсіпкер бизнес-жоспар құрып, нақты қаражат көзіне қол жеткізді. Сөйтіп, өз бизнестерін ашып, одан әрі дамытуына мүмкіндік туды.

Ал, биылдан бастап аталған сегіз қызмет түрін аймақтық палата түгелдей өз тарапынан көрсетуді мойнына алды. «Өткен жылғы жұмыстарға сараптама жасай келе, сұранысқа ие сервистік қызмет түрлерін анықтадық. Олар – бухгалтер және заңгер қызметі. Бұл қызметтерді барлық аудандағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында пайдалануға болады. Ал одан басқа қызмет түрлері ай сайын аудан орталықтарына арнайы шығып отыратын «Мобильдік кәсіпкерлікті қолдау орталығында» көрсетіледі. Қазіргі дағдарыс кезеңінде мұндай көмек кәсіпкерлерге өз қаражаттарын үнемдеу үшін мол мүмкіндік бермек» дейді А.Қайырғалиев.

Бизнесті сервистік қолдау бөлімі өткен жылы кәсіпкерлікке ынталы адамдар үшін «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы аясында семинар-тренингтер ұйымдастырды. Нәтижесінде, 640 адам оқудан өтіп, сертификаттарға ие болды. Бұл сертификаттар арқылы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әртүрлі қолдауларды пайдалануға болады. Одан әрі, «Бизнес-Өсу» бағдарламасы бойынша 82 кәсіпкер өз білімдерін шыңдады. Сол сияқты, тәжірибелі кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылған «Жобалық өсім» жобасы бойынша 56 адам тағылымдамадан өтті. Осындай оқу түрлері ағымдағы жылы да жалғасын табатын болады. Ол үшін оқуға ынталы адамдар кәсіпкерлер палатасына хабарласып, алдын-ала жазылуы керек.

P.S. Егер дамыған мемлекеттерге көз жүгіртсек, ел экономикасының негізін шағын және орта бизнес құрап отырғанын көреміз. Бәрінен бұрын, өндіріс ошақтарын қалыптастыру алдыңғы кезекке қойылған. Ал, Қазақстанның әлі де болса шикізаттық секторға тәуелді екенін кімнен жасырамыз? Демек, бізге де өркениетті елдерге қойылған талаптың үдесінен шығу қажет. Осы тұрғыда, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар көмекке келеді. Тек соны өз уақытында және ұтымды пайдалана білсек болғаны!

 

Бұл – маңызды!

Аудандарда орналасқан кәсіпкерлерді қолдау

орталықтарының  мекен-жайы:

Жылыой ауданы – Құлсары қаласы, Абдрахманов көшесі, 27-үй, тел.: 871237-48225;

Индер ауданы – Индербор кенті, Бейбарыс көшесі 5-үй, тел.: 871234-21470;

Құрманғазы ауданы – Ганюшкино селосы, Гилаев көшесі, 10-үй, тел.: 871233-20308;

Махамбет ауданы – Махамбет кенті, Абай көшесі, 4 «а» үй, тел.: 871236-79018;

Исатай ауданы – Аққыстау селосы, Әбілхайыр көшесі, 32-үй, «Нұр Отан» ғимараты, тел.: 871231-21603;

Қызылқоға ауданы – Миялы селосы, Абай көшесі, 29-үй, тел.: 871238-21921;

Мақат ауданы – Мақат кенті, Сәтбаев көшесі, 74-үй, «Нұр Отан» ғимараты, тел.: 871239-79163, 871239-30600.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*