КӘСІП ИЕЛЕРІНЕ – ЖАҢА СЕРПІН

 

Балық өнімдерінің түрлерін дайындайтын «Амангелді» өндірістік кооперативінде бүгінде 200-ден астам адам еңбек етуде. Балық аулау науқаны басталғанда 600 адам қосымша жұмысқа тартылады. Кооператив жаңа ауланған балықты тәулігіне 93 тоннаға дейін сақтай алады. 800 тонна сыйымдылығы бар мұздатқыш камералары орнатылған. Мұнда тірі балық қана сатылмайды, сонымен бірге, кептірілген, ысталған өнімдерін қосқанда, жиырмадан астам балық өнімдерінің түрлері дайындалуда. Алда ауқымды жоспарларымыз бар. Мәселен, жүзбелі сауда нүктелерін көбейтуді қолға алмақшымыз. Өйткені, қала тұрғындарынан бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерден де  сұраныс жоғары.

Мемлекет басшысы теңгенің еркін айналымдағы бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге өту ең дұрыс қадам екенін, бұл бағытта көп жұмыстар істелуі қажеттігін айтты. Теңге еркін айналымға шыққан соң, валюта теңгерімі орнығады. Ал, бұл, отандық өндірістің дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызады. Яғни, жаңа саясат экономиканың әр саласына, елдің әлеуметтік ахуалына тың серпін береді. Тауар экспорттаушы ірі кәсіпорындармен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысын да өрге бастайды. Отандық өнімді арттырып, Қазақстанның экономикасын одан әрі дамытуға жол ашады. Осылайша, кәсіп иелеріне жаңа серпін береді деп нық сеніп отырмыз.

«Амангелді» өндірістік кооперативінің өнімі ішкі нарықпен қатар, сыртқы сауда-экономикалық қатынаста бәсекеге қабілетті бола түсті. Халықаралық талаптарға сай өнімдер даярлап, оны Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында әлемдік аренаға шығаруға ден қойдық. Қазіргі уақытта компаниямыз әлемнің бірнеше еліне балық өнімін экспорттайды. Ірі серіктестеріміз Ресей, Өзбекстан, Украина елдерімен қатар, алыс шет елдер – Латвия, Германия, Грузия және Франция сияқты мемлекеттердің тұрғындары біздің өнімдерімізге үлкен сұраныс тудыруда. Оны аталмыш елдерге ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 905,453 тонна өнімнің экспортталғанынан көруге болады.  Бұл көрсеткіш өткен жылы 1746 тонна болған еді. Сондықтан, инфляциялық таргеттеу режімі нәтижесінде экспортқа өнім шығаратын біздің кооператив сынды отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігі арта түсетіндігін атап өту ләзім.

Болашақта балықтан тез тағам түрлерін дайындайтын шағын дәмханалар ашуды көздеп отырмыз. Жаңа қаржылық-несиелік саясатты жүзеге асыру қолға алғалы отырған ісімізге оң ықпалын ти­гізеді. Енді отандық бизнеске тың күш бітеді деген сөз. Олардың бәсекеге қабілет­тілігі артады. Демек, аймақта балық шаруашылығы өндірісі мен оларды қайта өңдеу көлемі артып, өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға және өнімнің тұтыну нарығының көкжиегін кеңейтуге үлкен мүмкіндік ашылады.  Яғни, қосымша инвестициялар тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға оң қадамдар жасалады. Қиын кезеңде де кемеңгерлігімен  жол таба білген Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясаты олжалы еңбек пен нәтижелі жұмысқа жетелеуде.    

Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ,

«Амангелді» өндірістік

кооперативінің төрағасы,

Атырау қалалық

мәслихатының депутаты. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*