ҚАРЖЫГЕР

 АЛҒАШҚЫ МАРАПАТ

Бүгінде жетпістің жетегіне ілесіп отырған Рысжан Оспанов өзінің жиырмаға толар-толмас шағында  білегіне  тағылған  алғашқы қолсағатын әлі ұмытқан жоқ. Ол адал еңбегімен, маңдай терімен келген бірінші марапаты болатын. Қалай болып еді өзі?

Рекеңді ежелден қаржыгер ретінде ғана көргендер бозбала Рысжанның өнегелі өмірінің бастапқы біраз жылын мұнайшылыққа арнағанын біле ме екен?

Әкесі Дәулет Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып оралған сол халық шаруашылығының әр саласында жауапты жұмыстарда жасады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, қанды қасаптан аман қалғанына шүкіршілік етіп, жұмсаған жерден бас тартпады. Ленинградтың теміржолшылар институтын тәмамдаған соң Мақат пен Доссорда тар табанды темір жол торабына басшылық етті. Сөйтіп,  жүріп жергілікті атқару және кәсіподақ жетекшілігіне, партком хатшылығына сайланды. Сол қызмет бабымен көшіп-қону бұларды Қосшағылға да алып келді.

Жалпы, Рекең орысша оқыған. Кіндік қаны Ескенеде тамғанымен, Құлсарыдағы Пушкин атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Кейін Қосшағылдағы Лермонтов атындағы орта мектепке ауысты. Осында жетінші сыныпты бітірген соң Доссордағы кәсіптік училищеге түсті. Қараарна, Тереңөзек тәрізді кеніштерде тәжірибеден өтті. Ал, жолдама Қосшағылға берілді.

«Жас келсе – іске» дегендей, тындырымды бозбала жаңа жұмыстастарының бәріне ұнады.

Жалпы, Қосшағыл сол кезде-ақ байырғы кеніш саналатын. Соғыс кезінде де өнім берген. Майдандағы талай танк пен ұшақтарға осы кен орнынан алынған мұнайдан жасалған жанар май құйылған.  Егде жандардың есінде шығар, сонау жылдары Шамбай Оралазиев есімді мұнайшы болды. Адам жанын түсінетін, бар ауыртпалықты баршамен бірге бөлісетін. Ортан қолдай өндіріс жетекшісі еді.

 Сол кісі кезекті мереке қарсаңында бозбала Рысжанға да ауылдағы шағын клубқа келуді тапсырды. Барды. Бір кезде еңбек озаттарын бағалы сыйлықтармен марапаттау басталды. Мұның да аты аталды. Бастапқыда жаңсақ естігендей көрген. Тек жанындағылар бүйірінен түртіп, сахнаға шығу қажеттігін айтқанда ғана өзі екенін білген.

Әрине, қатты қуанды. Сахнаның төріне көтеріліп, марапат алу қандай бақыт! Жұрт қошеметтеп,  қол шапалақтап жатыр. Бірақ өзінің жұмыс жасағанына екі-ақ жыл толған. Ұжымда өзге де әрі тәжірибелі, әрі іскер мамандар бар екенін есіне түсіп, біраз қысылып та қалды. Өзін солардан аттап өткендей көрді. Бірақ жұмыстастары жүзінде еш қызғаныш жоқ, бәрі де арқасынан қағып құттықтап жатыр. Шіркін, сол кездің көңілі кең, жаны жайсаң жандары-ай!

Содан бозбала Рысжанды мұнайшы мамандығын жете меңгеру үшін 1965 жылы Грозный қаласына жібереді. Қолында осындағы мұнай институтына берілген жолдамасы. Түсіп-ақ кететін еді. Орысшаға да сауатты, бірер жыл еңбекке араласқаны да бар. Бірақ, алысқа алғаш шыққаннан ба, әлде өзге себебі болды ма,    әйтеуір,  айнып қалады. Содан жанындағы жолдасымен бірге кейін қайтады. Мұнайшы мамандығына осылай нүкте қойылды.

Бірақ, ауылға қалай барады? Расын айтқанда, өзінің оқығысы да келеді. Сөйтіп, көне Гурьевті шарлап, оқу орындарын іздеп жүргенінде Семейдің қаржы-экономикалық техникумына шақырған хабарландыруға көзі түседі. Ол кезде мұндай мамандар да тапшы. Қабырғаға жапсырылған қағазды оқып тұрғандарында жоғарыдағы ашық терезеден өздерін ішке шақырған әйелдің дауысын естиді. Кейін білді, ол Анна Григорьевна Звосковая есімді қызметкер екен. Қаржыгер мамандығының мәні мен маңызы туралы біраз айтып тастады. Әрі оқу Ақтөбедегі филиалда өтеді екен, ауылға да жақын. Содан жанындағы жолдасымен құжаттарын тапсырған, өтіп кетті. Міне, Рекеңнің қаржыгерлік жолы осылай басталды. Кейін Алматыдан халық шаруашылығы институтын тәмамдап, жоғары білімді және алды.

 

МЫҢ АСҚАНҒА – БІР ТОСҚАН

Халқымыздың осы нақылы өте орынды айтылған. «Биікпін деп мастанба, сенен де асқақ аспан бар» дегендей, өзін өзгеден зор санайтын талайлар тәубесіне түскен. Мемлекет мүлкін атасынан қалған мұрадай көріп, қара басының қамына пайдаланған дөкейлердің бірі осы Рекеңнің қырағылығы нәтижесінде тұтылды.

Көнекөздер жақсы біледі, кеңестік кезде халықтық бақылау комитеті аталатын құрылым болды. Сөзі өтімді,  салмағы басым мекеме. Рысжан ол кезде жас маман. Бір күні оны Опорный елді мекені тұсындағы газ тарату мекемесін тексеруге жіберді. Келді. Үлкен басшысы мұны баласынды ма, тіпті қабылдаған да жоқ. Жә, бұл оған аса мән де бермеді. Қажетті құжаттарын алдырып, жұмысына кірісіп кетті.

Әр цифрды шұқшия қарап, шұқылап отырғанында үлкен кемшіліктің үстінен шықты. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, мекеме басшысы мемлекеттің тікұшағын өзінің жеке мүлкіндей көріп, оңды-солды пайдалана беріпті. Соған мініп алып ар жағындағы Саратовқа, мына беттегі Омбыға күн құрғатпай барып тұрған. Жалғыз емес, жанында өзімен бірге істейтін әйелі бар. Оның шығынын газ құбырын тексергенге жатқызып, есептен шығарып келген. Бұл да жай көзге көрінбес еді, егер әйелі екеуі сол тікұшақпен сайрандаған күндеріне мекеме есебінен іссапар шығындарын қоса алып тұрмаса. Сөйтіп, екі қоянды бір оқпен атып отырған ғой. Кәсіпорынды қосарланған шығынға батырған. Оның үстіне, бұл талай жылдан бері қайталанып келеді екен.

Міне, соның бәрін тексеру қорытындысына тіркеп, мекеменің бас есепшісіне көрсетті. Әлгінің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Сол бойда басшысына жүгірді. Келгелі мұнымен амандасуға  да  жарамаған дөкейдің өзі жетті ентігіп. Ашудан түтігіп кеткен. Осы өңірді өзі билеп-төстеп, әбден қожасы болып алған адамға бармақтай баланың кемшілігін бетіне басып, құжатта көрсеткені батып кетсе керек. Келе мына қағазды құртып, басқаша жазуын талап етті. «Әйтпесе, көресіні көресің» деп күш көрсетуін де жасырмады.

Рысжан жас та болса, азды-көпті жұмыс жасаған. Қулыққа басқысы келді. Әйтпесе, әлгінің бір-ақ түнде көзін құртып та жіберуі мүмкін. Талай жыл жалғанды жалпағынан басып жасаған қылмысы ашылғалы тұрғанында еш нәрседен тайынбайтыны да кәміл. Бұған дейін мұндағы кемшіліктердің неге ашылмай келген себебін де ұқты. Бұрынғы тексерушілер қорыққандарынан шындықты айта алмаған ғой.

Содан жұмыс аяғы екендігін сылтауратып, мәселені шешуді ертеңге қалдырды. Ауылдағы бір танысының үйіне түскен. Дереу содан Құлсарыға жүретін пойызға мінгізіп жіберуін өтінді. Ол да мән-жайды ұғынса керек, стансаға алып келді. Тауарлы пойыз жүргелі тұр екен, құжаттарын құшақтап, соған жармасып кете барды.

Келгесін тексеру қорытындысын өзінің басшысының алдына жайып салды. Болған оқиғаны да жасырмады. Айтпақшы, артынан естіді ғой, әлгі дөкейдің адамдары түнімен бұл түскен үйдің төңірегін қарауылдап шығыпты. Сөйтіп, бір сыннан өткен. Соңынан әлгі мықты да орнынан алынып, қызметтен қуылды. «Мың асқанға – бір тосқан» деген осы емес пе?  

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫНДА

Рысжан Оспанов – бастапқыда қаншама қиындықтар кездескенімен, еліміздің егемендігін алғанын бақыт санайтын жандардың бірі. Рас, алғашқыда экономикалық байланыстар бұзылып, күнделікті тұтынатын тауарлар жетіспеді. Тіпті, соны алатын халықта ақша да жоқ. Бюджет қоржыны бос жатыр. Рекең ол кезде қаржы саласын басқаратын. Не істеу керек? Анау мұнай өңдеу зауытының қазандарында тонналап текке тұрған дайын өнімді қалай кәдеге жаратады? Соларды сатып та пайда түсіруге болар еді ғой.

Соны ойластырып жүргенінде республиканың астықты облыстарын жанар маймен қамту мәселесі туындады. Жоғарыда отырғандардың да басы әбден қатты. Міне, сол кезде Рекең өңір басшылығына орынды ұсыныс жасады. Егіншілікпен шұғылданатын аймақтарға бензин мен дизель отынын беріп, кейін солардан астық алса қайтеді? Батыл бастама бәріне де ұнады. Ол кезде бұдан өзге тығырықтан шығар жол да жоқ еді. Сөйтіп, жанар майға мұқтаж облыстардың басшылары келіп, шартқа қол қойып жатты. Оларға келісімді бағамен бензин жөнелтілді. Қазандар дайын өнімнен босаған соң зауыттың жұмысы да қайта жанданды. Міне, бартерлік алыс-беріс осылай өмірге келген-ді.

Бюджеттегі әр теңге түгілі, әр тиынды үнемдеуге тура келді. Әсіресе, қоғамның әлжуаз адамдарын қорғауды қолға алды. Мекемедегілер біреуден бір нәрсе алса да күнін көрер. Ал, зейнеткерлер мен мүгедектер қайтпек? Тіпті, азулы мекемелердің есепшоттарын жауып тастап, түскен қаржыларын әлеуметтік салаға аударуға тура келді. Талай мықтылар табалдырықтан имене аттап, есепшоттарын ашуды өтінетін. Араға адам салатын. Біреуіне де жеңілдік жасаған жоқ. Рас, біраз танысының өкпесіне де қалды. Бірақ жұртқа жасаған жақсылығымен саралағанда мұндай реніштер түк те емес.

 

НАҒАШЫ

Рекеңнің анасы Кәрима – Құрманғазы ауданының қызы. Арғы тегі елге сыйлы белгілі адамдар болыпты. Әкесі Қиғаш бойында балықшылар артелін басқарып, сол маңның тұрғындарын ашаршылықтан сақтаған. Имандылықтың тәрбиелік мәнін бағалады ма екен, діни сауаттылықты да қолдаған. Мешіт те ашыпты. Бірақ, сонысы өзіне сор болып жабысқан. Қуғынға түсіп, абақтыға айдалған. Ұл-қыздары да, ағайындары да тоз-тоз болып кетіпті. Кімнің қайда екені кейін де табылмады. Мүмкін, мұның анасы да әлдебір жаққа кетер ме еді, егер сол кезде сөзі өтімді басшылық қызметте жүрген әкесі кездеспесе. Дәулет жігіт сүйгені үшін тәуекелге басын тігіп, айдаудағы адамның қызына үйленіп, фамилиясын да өзгертіп алған.

Кейін, о ғажап, араға талай жылдар салып шешесінің немере бауырынан хабар келді. Апасын, яғни Рекеңнің анасын, қайтарынан бір жыл бұрын іздеп тауып, амандасып қалды. Полковник шені бар әскери адам екен. Сол Ризабек нағашысы бүгінде Алматыда тұрады. Әлдеқашан зейнеткерлікке шыққан, бала-шағасының жанында. Анасы да өмірден өтерінде бауырымен табысып, қайтпас сапарына риза көңілмен аттанып еді-ау.

Рекеңнің қуғынға түскен тек нағашы жұрты ғана емес. Өзінің әкесінің Мизамғали есімді ағасы да «халық жауы» атанып, түрмеге қамалған. Кезінде аудандық қаржы бөлімін, қалалық атқару комитетін басқарған жан-ды. Әлдекімдердің домалақ арызымен тағдырына балта шабылды. Содан айдауда жүргенінде соғыс басталып, өзі сұранып майданға аттанады. Сол соғыстың бастапқы жылдарында әскерге адам жетпей, сотталғандардан айыптылар батальондары жасақталған. Солардың біреуінің сапында ұрысқа түседі. Тағдырдың жазуын қараңызшы, жан беріп, жан алып жүргенінде майдан даласынан ауылдасын кездестіреді. Жараланып кейін қайтқалы тұр екен. Содан елге сәлем айтып үлгеріпті. Есіл ердің өзі оралмады, сүйегі жат жерде қалды. Шүкір, ұрпағы бар. Ұлы Кенжеғали Оспанов ұзақ жылдар энергетика саласында еңбек етіп, содан зейнеткерлікке қалды.

Ақыры нағашыдан бастап, ағайынға ауысқан екенбіз, соны жалғастыралық. Рекең өзі бес ағайынды. Үлкен ағасы Сапарғали өмір бойы теміржолшы болды, бүгінде Мақатта тұрады. Одан кейінгі ағасы Сапар да Мақатта. Ол – мұнайшы болған кісі. Өзіне тете інісі Рысқали – қаржы саласының маманы. Талай лауазымды қызметтерді атқарған, министрлікте жұмыс жасаған, қаржылық бақылау комитетінде бөлім басшысы болған адам. Кезінде Қазақстанның Украинадағы елшілігін тексергендердің бірі. Бүгінде зейнеткер, Алматыда тұрады. Кенжелері Есенкелді өмірден ерте кетті. Шіркін-ай, жанып тұрған, шалқып жүрген жігіт еді. Бауырларының жадында да сол қалпында сақталыпты.

Ал, балаларының бәрі әке соқпағына түсті. Үлкен ұлы Есенқұл «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында экономист болып еңбек етеді. Қызы – Күнсұлу Доссор мұнай-газ өндіру басқармасында есепші. Кенже ұлы Еркінғалидың өз кәсібі бар. Әкеге тартқан ыждағаттылықпен есеп-қисабын тиянақты жүргізеді. Осы қаржыгерлер әулетінде жолдасы  Зауза  ғана  дәрігер мамандығын қалапты. Ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында жемісті жұмыс жасаған ол – бүгінде немерелерінің аяулы әжесі. 

Міне, бүгінде жоталы жетпіс жастың жалына жармасқан Рысжан Оспанов туралы қысқа қайырғанда айтпағымыз осы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*