«Картада бір ауыл бар» конкурсы: Көкжалдар мекені

Газет және оқырман

Осыдан біраз бұрын «Атырау» газетінде еңбек және тыл ардагері Е. Төремұратовтың «Тума деген ауыл бар» атты мақаласы жарық көрген болатын. Менің жазбам сол мақаланың жалғасы іспеттес.

Көкжалдар мекені

Тума ауылына жалғас Карта деген жер болды. Тумада бес колхоз мекендеді. Ал, Карта деген жерді бастапқыда малшылар мекендей қойған жоқ. Себебі, ол жер мал ұстауға қолайсыздау еді. Жерінде тек қара шағыр өсетін.

1941 жыл болатын. Азаматтарды соғысқа алып жатқан кез. Жас-кәрісіне қарамай күнде бірнеше шақырту қағаз келеді де, азаматтар дереу соғысқа аттанады. Ол кезде мен 4-5 жастағы баламын. Әкем Қабдрахман Апахашев  өзінен екі  жас кіші інісі Қаділ Апахашевпен бірге бір күнде соғысқа аттанып кеткен еді. «Ақ папа, қашан келесің?» деп, жылап қалғаным есімде. Періштенің құлағына шалынған болар, әкем 1946 жылы соғыстан аман-есен оралды. Ағам Қаділ сол күйі із-түзсіз кетті.

Ерлер соғысқа кеткеннен кейін елдегі ауыртпалықты  әйелдер атқарды. Колхоздың малын бақты, пішенін шапты. Малдың сүтін сауып, майын тапсырып, соның көк сүтін айырып ішіп күн көрді. Осындай қиын-қыстау кезеңде анам Қанипа Апахашеваны бір табын қашар (сиыр) беріп, Картаға апарып тастады. Бізді көшіріп апарған жерді жергілікті жұрт «қазып салған қыстау» дейтін. Ортасын пешпен бөлген, бір жағында әйел адам бір ұл, бір қызымен тұратын. Екінші жағына біз орналастық. Біздің аздаған малдың өнімінен жасаған тамағымыз болды. Сауынға бір сиыр берді, сол жануардың өнімін талшық еттік.

Біз барған жерді қасқырлар ғана мекендейді екен. Күн батып, айналаны қараңғылық жапса, қасқырлар ұлып, ұйықтатпайтын. Ағам да кішкентай болатын. Соған қарамастан анам оны қолғанат қылып, жанынан тастамайтын. Малды көз айырмай бағып жүреді. Әйтпесе, кез келген уақытта қасқыр шабуылдап, малды тартып кетуі мүмкін. Қасқыр тартқан малда қайыр болмайтыны тағы белгілі. Қазір ойласам, анамның үнемі арпалыста жүру себебі осында екен ғой.

Сол кезде машина деген атымен жоқ болатын. Малдың жағдайын білу үшін ферма меңгерушісі  Әлима апай бірнеше күн салтпен жүріп келетін. Біз  оны «ақ шеше» дейтінбіз. Осылайша, аракідік ферма басшысы ғана арнайы іздеп келіп-кететін шалғайдағы Картаны соғыс жылдары екі-ақ малшы мекен етті. Менің анам сиыр бағады. Екінші малшы қой бағады.

Сөйткен Карта бір кездері қасқырлардың мекені болды. Кейінірек, Картаны қашқындар мекендей бастады.  Картаны жайлаған биік қара шағыр ішінен адамдар көрінбейтін. Осы жазбам арқылы,  Картаның бұрынғы көрінісін бердім деп ойлаймын.

Казалика КАБДРАХМАНОВА,

Исатай ауданы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *