ҚАНДАЙ КИНО КӨРІП ЖҮРМІЗ?

Өзге жұртта қандай?
Алдымен, өзге елдің кинотеатрлары жайында айтып өтсек. Алысқа ұзамай-ақ, Украинаның астанасы Киев қаласында әлемдік прокаттағы шет елдің кез келген киносы тек қана жергілікті тілге аударылып берілетінін білдік. Тіпті, кинотеатрдың кіреберісіндегі кино туралы ақпарат ілінген тақтайшалар мен брошюраларда шет елдің керемет кинолары украин тілінде сөйлейді. Өзге жұрт тілін түсінбегені үшін кинотеатрға барып, шет елдің киносын көрмей-ақ қойсын, алайда туған тілдерінің жетімсіремеуі үшін украиндықтар бәріне даяр.
Ал, Францияда былай: шетелдік кинодан түскен қаражаттың бір мөлшері ұлттық киноны дамытуға жұмсалады. Ресейде кезінде ұлттық фильмдерді салықтан босатқан. Сондықтан, орыс киносы қарқынды дамып кетті. Өзбек тіліндегі кинолар қатарын көбейтіп, кинотеатрларындағы олардың үлесін де арттырып қана қоймай, өз тілінде өзгелердің экранына ұсынып жатқан өзбектерге қалай сүйсінбессің?! Тілге деген құрметтің бәрінен жоғары тұруы кім-кім үшін де үлгі екені сөзсіз.
Түрлі атыс-шабыс, қантөгіске толы фильм түсіретін Америка Құрама Штаттарында өздері түсірген отандық фильмдер сол елдің телеарналарынан берілмейді екен. Олар фантастикаға, қантөгіске толы киноларды тек өзге елге сату үшін түсіреді. Өйткені, халықтың санасы жат әдеттерден аулақ болғанын бірінші кезекке қояды.

Біздің елде мынадай
Еліміз бойынша осы аптада көрсетіліп жатқан киноларды kino.kz сайтынан парақтадық. Сайттың қазақша беті мүлдем жоқ. Желіні аша салысымен «Сегодня в кино», «Сегодня детям», «Скоро», «Киноклуб» деп анықтамалық ақпараттар орыс тілінде сайрай жөнеледі. Әрі қарай «Кинособытия», «Премьеры сегодня», «Премьеры недели» деген анықтамалық тақырыптармен әрбір кино туралы мәлімет беріледі. Сондай-ақ, сайтта қазақ киноларының өзін орысша әріптермен жазған. Мысалы, «Жау журек мын бала» деген сияқты.
Тағы да бір айта кетерлігі, кинотеатрлардағы көрсетіліп жүрген кинолардың көбі орыс тілінде, қазақ киносы немесе қазақтілді кино саусақпен санарлықтай екендігіне көзіміз жетті. Мысалы, Шымкент қаласы мен Қызылорда, Ақтау қалаларынан да қазақ тілінде көрсетіліп жатқан бірде-бір кино таппадық. Есесіне, боевигі мен комедиясы аралас шет елдің өнімі толып жүр. Демек, қазақы орта үшін кинотеатр есігі тарс жабық деген сөз. Қанша жерден қазақ тіліндегі кино көргіңіз келіп тұрса да, еліміздің кинотеатрларынан іздегеніңізді таба алмасыңыз анық. Айтпақшы, Алматы қаласының он шақты кинотеатрын аралап шықсаңыз да, киноның қазақ тіліндегі таныстырылымы бар брошюраны таба алмайсыз. Өзге елдердегідей ұлттық құндылықтарымызды өзіміз дәріптемесек, ертеңгі күні елімізге тұтқа болып, ұлттың болашағын ойлайтын ұрпақ қалмасына кім кепіл?

Атыраудағы кинотеатрлардың күйі қандай
Қаламыздағы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан Д.Нұрпейісова атындағы Мұнайшы мәдениет сарайындағы «Арман» кинотеатры мен «Атырау» сауда – ойын-сауық орталығындағы «Chaplin Атырау» кинотеатрының негізгі көрермені – жастар. Ал, олардың билет құны 18 жастан асқандарға – 1100, 1300 теңге болса, балаларға – 800, 900, тіпті 1200 теңге. Кейбір күндері ғана студент жастарға жеңілдіктер көрсетілетін болғандықтан – жастар жиі келеді.
Алайда, жастар кинотеатрдан қандай фильмдер көріп жүр? Осы тұрғысынан келгенде ауыз толтырып айтатындай фильмдерді таба алмадық. Негізінен, көрсетілетін фильмдер мыналар: «47 ронинов», «Друзья друзей», «Elki 3»,» «Риддик», «Гравитация», «Мой парень псих», «Паранормальное явление: Метка Дьявола», «Любовь в большом городе», тағы басқа. Атауларынан ат үріккендей.
Соның ішінде «Риддик» аталатын фантастика жанрындағы атыс-шабыс триллер фильмін мысалға алайық: Онда Риддик есімді кейіпкер өзге ғаламшарда өмір сүреді. Дұшпандарынан кегін алу үшін түрлі атыс-шабысқа қатысады. Былай қарағанда, мән жоқ, мағына жоқ, бей-берекетсіз аққан қан, жөн-жосықсыз өліп жатқан адамдар санаға кері әсер етеді. Осындай фильмдерді көріп өскен жастарымыз кісі өлтіруді немесе соғысты оңай нәрсе көреді. Кейбірінің ойланбастан қылмысқа баруы да осындайдан емес пе екен?
Жүйкеге қатты әсер ететін ең қорқынышты кино «Паранормальное явление: Метка Дьявола» деген де кинотеатрдан жиі беріліп жүр. 2012 жылы түсірілген фильмнің төрт бөлімі жарық көрген. «Ужас» дегеннен соң әрі қарай түсінікті. Джесси атты қыздың адамдармен емес, нағыз жындармен тілдесіп, бақытын солардан іздейтіні секілді оғаш қылықтарды кеңінен бейнелейді. Осындай фильмдерді кинотеатрлардың қандай мақсатпен ұсынып отырғанын түсіне алмадық. Ақша табу үшін басқа да жақсы кинолар жіберуге болар еді ғой. Мысалы, бірде «Пидің өмірі» деген үнді фильмін көрген едім. Онда теңіздің ортасында жалғыз қалған жігіттің жанқиярлық ерлігі баяндалады. Ең болмағанда адамды батылдыққа, ерлікке, парасаттылыққа баулитын осындай мәнді киноларды неге көрсетпеске? Өйткені, кино арқылы халықтың көзқарасы, санасы қалыптасады.
Клара Тоқсанқызы, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы: – Бір кездері атағы жер жарған, қала орталығындағы көрермені көп «Мир» кинотеатрының болғанын бүгінде бірі білсе, бірі білмес. Бүгінде ол жекеменшіктің құзырында кетті. Онда тәрбиелік мәні зор фильмдер берілетін еді. Қазір кинотеатрлар жекешеленіп кеткендіктен, кез келген кинолар көрсетіліп жатқаны шындық. Өзім демалыс күндері ресейліктер түсіретін мелодрамаларды көруге барамын. Олардың кино түсіру ерекшеліктері ұнайды. Шынайылық басым. Дегенмен, Нұрсая ықшамауданында салынып жатқан кино-концерт залы пайдалануға берілгенде қазақ киноларын да көріп қалармыз деген үмітім бар.

«D» ФОРМАТЫ ДЕРТКЕ ДУШАР ЕТЕДІ
«Авангард» ықшамауданындағы «Атаба» сауда орталығының екінші қабатында орналасқан «Арсенал 3D» кинотеатры да жұртшылық қызығушылығына ие болып жүр. Өйткені, бұл – көпшілік жиі баратын қаладағы рейтингісі жоғары бірден-бір кинотеатр. Мұнда 145 орындық екі залда фильмдер көрсетіледі. Өркениет ағымы әкелген аталмыш «құбылыс» яғни, жаңа технологияны бүгінде екінің бірі біледі. Тіпті, кез келген үйден де осындай теледидар табылуы ғажап емес. Көзілдірік кию арқылы көгілдір экраннан «шығып» кеткен зат көз алдыңа келеді. Айтулы форматпен атыс- шабыс немесе қорқынышты фильмдер көру жүйкеге тиетінін бүгінде ғалымдар айтып, дәлелдеп отыр. Қазіргі таңда озық технологияның үлгісін көрсетіп отырған Жапон елінің ақ-қара түсті кәдуілгі телеформатқа қайта көшуі де «болашақты сақтандыру» екені сөзсіз.
Қазақ еліне соңғы жылдары дендеп енген телеформаттың күшейтілген түрлері қаламызда да қанат жайды. Мәселен, 3D форматында көрген дүниең экраннан шығып, көз алдыңа ғана жақындайтын болса, 5D форматы экрандағы «нәрселерді» тіпті денеңе «тигізеді». Яғни, тітіркендіргіш қасиетке ие. Психолог-невропатологтардың айтуы бойынша, мұндай форматтағы фильмді 5 минуттан артық көруге болмайды екен. Ал, 3D форматында көп дегенде 15 минуттан артық көгілдір жәшікке телміру – мүлде қате. Бұл, біріншіден, көздің көруін нашарлатады және түрлі аурулар ошағын тудыруына себеп. Әсіресе, жүйке жүйесінің жұмысын бұзады. Десек те, жас жеткіншектер осындай форматтағы кинотеатрға көптеп барады.
Ғайни Сұлтанова, педагогика-психология пәнінің жоғары санатты оқытушысы, отбасылық психолог: – «3D – 5D форматында кино көру бала психикасына қатты әсер етеді. Психикалық түрлі ауруға да алып келуі мүмкін. Мұндай форматта жиі кино көретін бала алдамшы көріністер, әсіресе шаршау, әлсіреу, қорқыныш, үрей секілді психикалық әсерге бой алдырып, «оптикалық иллюзия» дертіне шалдығады. Өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін халге жетеді. Адамдармен, тіпті өзінің жақын-жуықтарымен, әке-шеше, бауырларымен араласудан қашқақтайтын ондай бала, абайламаса, шынайы мынау өмірді виртуалды, жансыз «өмірге» айырбастап жіберетіндей дәрежеге жетеді. Сондықтан, ата-аналар балаларын бақылап, осындай форматтағы киноларды көруге жиі баруына тыйым салғаны дұрыс.
Аида Бегалиева, «Chaplin Атырау» кинотеатрының әкімшісі: – «Киноплекс» сандық форматтағы 3D бойынша кино көрсететін орталық болып ашылды. Соған байланысты «Chaplin Атырау» деп кинотеатр атауы өзгерді. Жұртшылық қазір жаңалықтан қалыс қалғысы келмейді. Ашылғанымызға шамалы уақыт болса да, зал көрермендерге қашанда лық толы. Негізінен кинолар орыс тілінде көрсетіледі. Тек «Жау жүрек мың бала», «Шал» секілді фильмдер қазақша нұсқада ұсынылды. Ал, жақында режиссер Фархат Шариповтың түсірген «Инопланетяне ни при чем» деп аталатын отандық жаңа жылдық комедиясы да біздің кинотеатрдан орыс тілінде берілді. Өкінішке орай, бізге көп ретте кинолар орысша нұсқада келеді. Атыраудың қазағы басым болғандықтан, негізінен қазақтілді киноларды ұсынғымыз келеді. Өйткені, қазақша фильмдер нұсқасын сұрап келетін көрермендер көп.

Түйін
Араб мемлекетінде үкімет киноның екі түріне ғана ақша бөледі екен. Балалар фильміне және деректі фильмге. Осы орайда біздің елімізде де алдымен ұлттық киноға қаржы бөлінуі тиіс! Өйткені, кинода ана тіліміз, дініміз, өткен тарихымыз, ұлтымыз және болашақтың келбеті бейнеленеді. Осыны ұғынатын кез жетті.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*