«Калинин» халық театры – ең үздік өнер ұжымы (ФОТО)

Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында «Шынайы шымылдық» атты халық театрларының өңірлік байқауы өтті. Кейіпкер бейнесін ашып көрсете білген әуесқой өнер ұжымдарының шебер ойыны көрермендердің көңілінен шықты.

IMG_5550Байқау шымылдығын Атырау қаласының атынан өнер көрсеткен «Амангелді» халық театры С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» деген екі бөлімді драмасымен ашты. Режиссері – Ерлан Қамзаев. Ал, Исатай ауданының «Аққыстау» халық театрының режиссері Фаруза Рахметова Б.Мұқайдың «Ерулік» драмасын қойды. Мақат аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасын назарға ұсынды.

Индер ауданынан «Жарсуат-Мәдениет» халық театрының режиссері Мұрат Талас М.Әуезовтің «Қарагөз» драмасын сахналады. Ал, С.Олжабайдың «Қара көзілдірікті келіншек» драмасын режиссер Шайда Оразағалиеваның қоюымен «Индер-Мәдениет» халық театрының әртістері көрсетті. Сондай-ақ, Махамбет аудандық «Алға» ұжымы Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашын» көпшілік назарына ұсынды.

IMG_5552
Байқауға қатысушылардың өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Оның төрағасы – Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының режиссері Жанат Телтаев. Ал, құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, актриса Анета Баетова, Қ.Сүгірбеков атындағы республикалық театрлар фестивалінің лауреаты, бірнеше байқаулардың жеңімпазы Гүлназ Қамысбаева, театр суретшісі Тимур Коесов пен облыстық халық шығармашылығы орталығының топ жетекшісі Дидар Арыстанғалиевалар бар. Олар халықтық театр ұжымдарының сахна мәдениеті, декорация, сахналық киім, реквизиттер, тақырыптың ашылуы, режиссердің шеберлігі, актерлік орындаушылық, музыкалық көркемдеу жағына ерекше мән берді.

Сайыс кезінде Құрманғазы ауданының Морской селолық клубы жанындағы халық театрының актерлары А.Сейдімбековтің «Мезгілсіз махаббат» драмасын нақышына келтіре сахналап берді. Режиссері – Тұрарбек Өтеғалиев. Осы аудандағы Калинин селолық клубы жанындағы театр ұжымы да Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы» қойылымындағы (режиссері Берік Жұмағазиев) негізгі ойды асқан шеберлікпен жеткізе білді.

IMG_5553

Сонымен қатар, қызылқоғалық «Жангелдин» мәдениет үйі жанындағы халық театры Б.Срайлдың «Қобдиша» төрт көріністі драмасын, «Самал» мәдениет үйі жанындағы ұжым Б.Римованың «Қос мұңлық» драмасын және «Арман» театры Б.Қорқытовтың «Жарайсың, бажа!» комедиясын сыншы көзге паш етті. Ал, Жылыой аудандық мәдениет үйі жанындағы «Кең Жылыой» театрының әртістері Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» хикаясын сахналады.

IMG_5551

Байқау қорытындысымен, «Калинин» театры бірауыздан жеңімпаз деп танылды. Ал, «Кең Жылыой», «Индер-Мәдениет» өнер ұжымдары екінші орын иеленсе, «Амангелді», «Морской», Мақат және Қызылқоға аудандық мәдениет үйлері жанындағы «Самал» халық театрлары үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

IMG_5554

Бұдан бөлек, Ж.Әлмашұлының «Тірі жан» драмасы «Үздік декорация», Б.Қорқытовтың «Жарайсың бажа» комедиясындағы ролі үшін Сағидолла Якып «Үздік ер адам ролі», С.Олжабайдың «Қара көзілдірікті келіншек» драмасындағы басты рольдегі Гүлзира Шаукерова «Үздік әйел адам ролі», «Мәңгілік бала бейнесі» драмасы үшін Назгүл Жиенбаева «Үздік режиссер» және М.Әуезовтың «Қарагөз» драмасындағы басты ролі үшін Саяжан Әзидоллақызы «Көрермен көзайымы» номинацияларымен марапатталды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*