ҚАЛАНЫ ДУМАНҒА БӨЛЕГЕН СӘТ

 

– «Атырау музыка колледжі сан жылдар бойы өлкеміздегі мәдениет пен өнердің құлаш жайып, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Әр жылдары ұшырған түлектеріміздің Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп, халқымыздың күйі мен дәстүрлі әнін, музыкалық құндылықтарын насихаттап жүргенін көргенде, марқайып қаламыз. Міне, биылғы жыл да үлкен мерекелерге толы жыл болды. Қазақ хандығының – 550, Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20, Ұлы Жеңістің – 70, Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейтойы тойланған тұста біздің қаламыз да 375 жылдығын атап өтіп жатыр. Осыған орай, шәкірттеріміздің күшімен дайындалған концерттік бағдарламаны ұсынып отырмыз, – деді колледж директоры Гүлнәр Сәдуақасова.

Мейрамға жастардың тартуы   ақын Маржан Ершуованың сөзіне жазылған сазгер Болат Қохамановтың «Атырау – арман» әнімен ашылды. Оны Орынбасар Жұмаханов жеріне жеткізе шырқады. Күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындаған Серікқали Тәжіғалиевтің де өнеріне жиналған жұрт тәнті болып, қол соқты. «Қазақстаным, алға!» әнімен көпшілікке рух берген Мерует Жәкидің де өнері айтуға тұрарлықтай.

Дәстүрлі ән сыныбында оқитын студенттер Ғарифолла мен Мұхиттың әндерін орындады. Өздері «Әншілер шеруі» деп атаған бұл нөмір өте сәтті шыққанын атап айтқанымыз жөн. Домбырашылардың күй тартысы да ойдағыдай шықты. Шәмші әндерінен попурри орындалып, лирикалық көңіл-күйге де мән берілді.

– Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бүгінгі өнер мейрамына қатысқанына қуаныштымын. Студенттер күшімен жасақталған бұл шараға қатысушы, сыншы ретінде келіп едім. Шәкірттеріме көңілім толды, еңбегіміз зая кетпегеніне разымын, – деп ағынан жарылды музыка колледжінің дәстүрлі ән сыныбының аға оқытушысы Пахаман Бүркітбайұлы.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*