«ҚАҒБА, САҒАН ЖЫР ЖАЗДЫМ МІНАЖАТТЫҚ…»

 «Азанмен әнін бастады
 Қағбаның қарлығаштары.
 Армысың, әл Харам аспаны,
 Иманның жаңылмастары.
 Құбылаға тәжім етемін,
 Қысымды жазым етемін.
 Сүренің сазына орап
 Жырымды жазып өтемін.
 …Көңілден пырақ көремін
 Лаулаған шырақ көремін.
 Арайлы Алланың аспанында,
 Азан боп әні басталғанда,
 Сәждеге бірге құлайық
Қағбаның қарлығаштары», – дейді ақын. Қағбаның қарлығаштарының қасиетін сезінген ақын-жүректің толғанысы ерекше. «Қағбаның қарлығаштарымен бірге сәждеге құлау» ниет-тілегі қандай көркем. Бұл – бұған дейінгі қазақ ақындарының бірде-бірінің аузына түспеген сөз. Өтеген ағаның «Қағбаның қарлығаштары» кітабына зер сала оқығанда байқағанымыз, ақын мінажат жырлар тақырыбына ат шығару үшін емес, жан-жүрегімен сезініп ұғынғандықтан барғанын байқаймыз. Әрбір өлең жолының астарынан парасаттылықтың ішкі иірімдері, жер бетіндегі жақсылыққа құмар ақын жаны айқын көрінеді.
 «Құлағымда Құранымдай сазым бар,
 Көңілімде жадыраған жазым бар.
 Жүрегіме қонып жатыр біртіндеп
 Қисуәға түскен алтын жазулар».
Қағбаны жауып тұрған, биіктігі 14 метрдей, жоғарғы жағында арнайы алтын белдігі бар қара мата «Қисуә» деп аталады екен. Оның төрт жағында алтын әріптермен «Алла –жалғыз, Мұхаммед – оның елшісі» деген сөз бен Құранның қасиетті аяттары жазылған. Қисуәға түскен алтын жазулар ақын жүрегіне жарық, ғажайып бір нұр таратардай. Ақын әр нәрседен сыр іздегіш. Әуелей ұшқан Қағбаның қарлығаштары да, сылдырап аққан су да, жайқалған көк құрақ та бір құдіретті жырлап жатқандай сезінеді.
 «Жақпар тастың әжімінен сырғанап,
 Нұр тауынан тарап жатқан нұр ғажап.
 Күллі әлемдік мұсылманның бірі боп
 Тауға қарап телміреді бір қазақ.
 Аспан анау- көгілдір шыт, желбіреп,
 Маңдайыма мақам болып келді леп,
 Құран түскен сол үңгірді көрсем деп
 Көп үңілдім көзім жасы мөлдіреп».
Ақын жаны сезімтал және бақылағыш. Кейде теңіздей тебіреніп, кейде ақ жаңбырдай селдетеді жыр-күйін.Пайғамбарымызға қасиетті кітап – Құран түскен таудың атауы – Нұр тауы. Мекке қаласының іргесіндегі аса биік емес қоңыртау. Нұр тауының қасиетін ұғу үшін де қасиет керек. Қара өлеңді қадір тұтқан ақынның Нұр тауына деген ынтызар-ықылас көңілінен мәйекті жырлар тууы да заңдылықтай көрініп кетеді. «Аспанның көгілдір шыттай желбіреуі, құбыладан соққан қоңыр желдің маңдайдан сипап, мақам үніндей үн қатуын» ақын образға айналдырып жіберген.
«… Мұздалифа,
Саналы ойдың сарасы,
Маған бір сәт ой тоқтатып қарашы,
Намысынан найзағайлар тұтанған
Қазақ деген қайсар елдің баласы.
…Мұздалифа,
Саған жеттім.Жеткенім,
Айтатұғын армандарым көп менің.
Бірінші арман – мәңгі болсын азаттық
Жыртылмасын намыс деген шекпенім.
Мұздалифа.
Екінші арман – сол арман,
Азаттығым талай ғасыр жоғалған.
Бар бақытым, бар байлығым дәл осы
Қазынам ед қорқауларға тоналған.
Мұздалифа.
Үшінші арман не деңіз?
Жер аман боп қозғалмасын көк өгіз.
Үшінші арман – мәңгі болсын қазағым
Көкке жетсін көк байрақты төбеміз».
Мұздалифа – мархабаттың мекені саналады. Қажылыққа келгендер осы Мұздалифа жазығына түнеп, түнімен іштей тілек тілеп, таң намазында Қағбаға қарай бет алады. Әр адамның жүрегінде аялап жүрген арман-тілегі бар. Көк байрағы желбіреген еліміздің көсегесі көгеріп, биіктен көрінуін тілеген ақынның абзал тілегі қайсар елдің баласына тән бөрі-мінезбен осылайша ақжарма жыр боп ақтарылады. Бір тылсым мұң, бір тылсым сыр жан дүниесін билеген ақынның Мекке іңіріндегі көңіл-күйі де ғажап.
«Кіші жұма.
Мекке іңірі. Кешқұрым.
Құбыладан қоңыр самал естідім.
«Ақша бұлттар арабша өлең» секілді
Жанға жайлы жайма-шуақ кешкі мұң.
…Бұлақ қашып бара жатыр бұралып,
Жаратқаннан жарлық алып, құп алып.
 Иманды іңір инабатқа шақырып
 Асау ойға салады екен бұғалық.
 Құбыла желі соғып өтті бөгелмей,
 Тентек ойды тезге салып көгендей.
 «Азаныңыз аман болсын, мұсылман,
 Қазаныңыз толы болсын» дегендей.
 Иншалла!»
«Ақша бұлттарды арабша өлеңге» теңеген екен Жұмекен. Жұмекен өлеңіндегі әдемі әулесімді Өтеген Оралбайұлы құбылтып, шебер үндестіріп әкеткен. Бұлттай толқып, бұлттай аунап, бұлттай мөлдіреп жатпай ма ақын жаны?! «Азан мен қазанның амандығын тілеу» де, татулық сүйгіш ақжүректі жанның мінез-құлқынан хабар береді. Ақынның көпке өнеге етіп отырғаны да осы қасиет.
 «Діл мен діннің тамыры бір,
 Бір Алланың әмірі бір.
 Тау мен дала сағымы бір.
 Мүсәпірдің қағымы бір.
 Жер бетінде жүргендердің
 Жер астында қабірі бір.
 Жұтатұғын ауаң да бір,
 Шомылатын науаң да бір.
 Көретұғын аспаның бір
 Табылатын дауаң да бір.
 … Бұл өмірдің ақ-қарасын
 Иманменен атқарасың.
 Жауап берер күн келгенде
 Сауабыңмен ақталасың».
Алла Тағаланың алдында барлық адам баласы бірдей. Алла ешкімді бөліп-жармайды. Алланың айрықша ғаламаты да осында. «Кісіден қанағат кетсе, кісілігі қашады» дегенді дүниеден өткен барлық ғұламалар айтып кеткен.
Жақсылыққа жақ болу, жамандыққа қас болу – барлық ізгі ниетті адамның арманы. Өмірдің ақ-қарасын иманмен атқарған пенденің жолы түзу, көңілі ақ. Жаратқанның алдында да жасаған жарқын істері, сауабы оның қолдаушысы болмақ. Мына бір өлеңінде ақын «Қажылық – тек өтеу емес парызды, Пенделіктен адамдыққа жорық бұл» деп өте салиқалы тұжырым жасайды. Адамның адамшылығы істеген іс-әрекеті мен сөзінен көрінеді.
 «Ұлы қала.
 Ұлағатты барлығы,
 Азан-әнмен атады ылғи таң нұры.
 Жүрегінде – жақсылықтың жаңбыры
 Тілегінде – маңдайдағы тағдыры.
 Мекке – мерей,
 Мекке – қуат,
 Мекке – жыр,
 Адам ойы дәл осында көкте жүр.
 Ібілістің түрмесі де осында
 Босамасын, дегеніне жетпегір.
 Күн асқанда Арафаттың шыңынан,
 Күндей айқын көңілдерді ұғынам.
 Әзәзілдің аязынан суыған
 Жанымдағы мұзды ерітіп, жылынам.
 …Күлімсіреп, жаның тұрар жымиып,
 Көкірегіңе кемелденген сыр үйіп.
 Ихраммен иман айтса бір иық,
 Құдыреттен көңіл күтер бір иық
 Ұлы қала,
 Сен куәсің бәріне.
 Бұл қаланы –адамдықтың ары де.
 Сен тұрасың жаутаң қағып,
 Пендені,
 Жаратушым алмаса деп кәріне».
Меккенің жанарынан жыр оқыған ақынның ішкі толқынысы. «Ихраммен иман айтса бір иық, Құдіреттен көңіл күтер бір иық» деп тебіренеді.
 «Жайсаң ойдың жай қоңыр үніндемін,
 Жапырақтың көз ашқан бүріндемін.
 Мешіттердің есігін ашып тастап
 Құбыла жаққа қарайды бүгінгі елім».
Имандылыққа бет бұрған еліміздің суретін сөзбен салуы да жарасымды. Бұл жыр жолдарының жөні бөлек, бұл жолдар сіздің жаныңызға қуаныш ұялатады, көркейген Қазақ елінің тыныштығына, татулықпен өмір сүріп жатқан сан ұлттың келбет-көрінісіне шүкір дейсің. Жер бетін мекендеген адамзат бір-біріне мейірім-шапағатын төксе, онда өмір мәнді болмақ.
 «Біреу бай деп мақтаймыз,
 Күндейміз, һәм қызғанып.
 Сыртынан кеп даттаймыз
 Ішімізде мұз жанып.
 Біреу озса көре алмай,
 Тырысады теріміз.
 Кемге көмек бере алмай
 Тарылады жеріміз.
 «Біз де сондай болсақ «деп,
 Сырттай күйіп-жанамыз.
 Биіктерге қонсақ деп
 Аласарып барамыз.
 Аласарып барамыз,
 Адам бүгін сұрамсақ.
 Адасыңқы санамыз
 Аярлықты тұр аңсап.
 …Сұраймыз кеп барлығын,
 Ақша, мансап, даңқты.
 Салмағы ауыр ар жүгін
 Көтеру де қауіпті.
 Алла берсе, алдың ба,
 Ақ-қарасын айыршы.
 Жаратқанның алдында
 Адам деген қайыршы».
Адам бар жерде қызғаныш бар, өсек-ғайбат бар. Биіктеймін деп жүгіріп жүріп, аласарып қалатынын байқамау да сол пендешіліктен туады. Жалаңдаған қызыл тіл мен жайылған қолдың сұрамсақтығының таусылмауы да – пендешіліктің ең төменгі сатысы. Барға – қанағат, жоққа сабыр тілеу – арлының қолынан келетін нәрсе. Жаратқанның алдында адамның бәрі бірдей. Ақын жырының соңында «салмағы ауыр ар жүгін, көтеру де қауіпті» екенін ескертіп өтеді.
«Дем саламын Құранмен бұл өлеңге,
Сенбестік жоқ титімдей мына менде.
Жер-Анаға «Табын» деп кім айтып жүр
Табынамыз өзіміз мына әлемге.
«Табын» деген тасқа да басылыпты,
Көк аспанның астына шашылыпты.
Аңғырт ойлап, асығыс байлам айтқан,
Алла, біздің кешкейсің асылықты».
Баршаға ортақ Құдіреті күшті Алла Тағала бүкіл ғарышты, тіршілікті, қиямет-қайымды жаратты. Құран Кәрімде «Алла біреу-ақ. Алла мұңсыз. Әр нәрсе оған мұқтаж. Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес» делінген. Ақынның «Иә, Алла, аштым саған жүрегімді», «Мұхаммедтің үмбетімін», «Арафат аспанында», «Ұлылардың бейнеті де бес елі». «Мәуліт түні», «Сәулелі сөзге бас ұрдым», «Мұнартып тұрған Минаға келдім», «Жидда кенті – жезқанат», тағы басқа жырларында, «Өлең өзі тумайды жайшылықта» деп Мұқағали жырлағандай, ақынның өлеңмен қауышып көрісуі де ғажап екенін сезінесің. Мына жырды Әл-Харамның иманжарығынан төгілген нұрдың ақын қаламымен жырға айналуы десек, жарасатын сияқты.
«Бәрі жарық осында.
 Әл-Харамда,
 Бір ғажайып жұмбақ бар аңдағанға.
 Сүт сәулесін жолдадым бар ғаламға.
 … Асыл жарық.
 Нұр шашқан от күндейсің,
 Көк аспанда күлімдеп көп күлгейсің.
 Аспан жақта қалқыған ақ бұлт көрсең
 Өтегеннің өлеңі деп білгейсің».
Бұрын «Өлеңнің ақша бұлты Әбу ақын» деп еститінбіз. Мына жердегі «ақ бұлт» теңеуі Өтеген Оралбайұлының ақындық мінезіне дәл келіп тұр.
Ақынның сыры да, мұңы да, күрсінісі де – өлеңінде. Жусан деген шөп бар. Қышқылтымдау жұпар иісті болып келетін жусанның емдік қасиеті де бар деседі. Әйтеуір, жусан – бағалы да, елдің бәріне ұнайтын шөптің түрі. Жусан тазалықтың, сағыныштың символындай. «Жусан иісін әкеліп маң даладан, Үлестірдім Құбыланың самалына» дейді ақын. Жусанның иісі – қазақтың иісі.
 «Бір түп жусан қазақтың даласынан,
 Қададым мен Қағбаға-ғаламатқа.
 Қабылдап ал қазақтың баласынан
 Жусан иісін қалдырдым аманатқа».
Ақынның осылайша өзінің нағыз қазақ жанын, жан сырын, ішкі толғанысын өлеңмен өрнектеген жыр жолдарында имандылық бар. Шындығын айтқанда, Өтеген Оралбайұлы «Қағбаның қарлығаштары» кітабында Мекке қажылық сапарға барған кездегі көргені мен білгенін, сезінгені мен түйсінгенін ақ жібектей жырға орап, кестелі сөздің көркеміндей ғып оқырман қауымға ұсынған.
 «Иә, Бекет» деп өстік біз сыйынып,
 Жанымызға иман нұры құйылып.
 Ешқашан мен шығармадым есімнен
 Пір атамды өлең-өмір бұйырып.
 Бекет атам, менің ұлы нағашым,
 Жүрегімнің отын көсеп жағасың
 Меккеде де есіме алдым мен сені
 Қайда жүрсем сен де мені табасың».
 Ел ішінде «Мәдинеде – Мұхаммед,
 Түркістанда – Қожа Ахмет,
 Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөз бар ертеден. Соңғы екі әулиені Пайғамбарға жақындата айтылуында қандай сыр бар?
Бекет ата 1750 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы Ақмешітте дүниеге келіп, 1813 жылы Маңғыстаудағы Оғыланды тауына өз өсиеті бойынша жерленген. Пайғамбар соңы – Мұхаммед болса, пір соңы Бекет Ата деп аталынады. Піріміздің туған жері – Өтеген Оралбайұлы дүниеге келген Ақкиізтоғай ауылы. Ақкиізтоғайдан шыққан жол біраз жонды асырып, «Намазтақырға» апарады. Айналасы ат шаптырым, алып жайнамаз секілді тақтайдай тегіс тақыр алыстан мұнартып көз тартады. Бағзы заманда Бекет ата осы жерде таң намазын оқыған екен. Осы араға жақын жерде Ақмешіт бар. Ақмешіт – әулие мүридтеріне ұстаздық еткен жері, ата-анасының мәңгілік мекен еткен төрі. Ақынның Мекке жерінде де пір Бекетті еске алуы тегін емес. Олай дейтініміз, бір кезде Ақмешіт – Ақкиізтоғайдың ақ тақырында асық атып, ойнап өскен қара баланың, бұл күнде белгілі ел таныған азамат қаламгерге айналып, Қасиетті Қағбаның қара тасына маңдай тигізуінде де, өзегінде қара өлеңнің ақ нөсердей төгілуінде де Бекет атаның шапағаты жатқан шығар, бәлкім?!
Кітапқа зәрулік жоқ қазіргі кезде. Бір-бірінен аумайтын кітаптар көп. Оқылмайтын кітаптар көп. Қолымыздағы Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның қарлығаштары» жыр кітабы – оқылатын туынды. «Қағбаның қарлығаштары» Мұсылман әлемінің қасиетті мекені – Мекке, Қағбаны тануға ұмтылдыратын, жанға шуақ сыйлайтын кітап. Қазақ жырына, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған рухани дүние. Өзім әдебиеттің кейінгі толқын өкілі болғандықтан, имани-салауаттылық, ұждани-адамгершілік қасиеті жоғары бұл кітаптың ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы әбден заңды деп ойлаймын. Егер кітап мәре сызығынан көрінсе, автор үшін де емес, әдебиет үшін олжа болар еді!
Маржан ЕРШУ,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*