Көздегені көк аспан, мен жастарға сенемін!

Жолдау жолдарынан:

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды  толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды  Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын».

Көздегені көк

Тәуелсіздік жылдары жастар саясаты жемісті жұмыс атқарды. Жастардың білім алып, қоғамның толыққанды мүшесі болуын көздейтін  мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да осы мәселені назардан тыс қалдырмай, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыруды тапсырды.

Мемлекет басшысы Жастар жылын жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасы Үкіметке атаулы жылды өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдауды міндеттей отырып, Жарлықтың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне жүктеді.

Аталмыш жылда қамтылатын мәселелердің кешенді жоспар-жобаларына азаматтардың ұсыныс-тілектері де ескерілуі керек. Ендеше, жастарымыз бұл жауапкершілікті қалай сезінуде? Аталған жылды флэшмобтар мен мағынасыз форумдар шеруіне айналдырып алмаудың жолы қайсы? Жалпы, Жастар жылында нені ескеріп, нені күтесіз?

Осындайда Мағжан ақынның терең мағыналы «Мен жастарға сенемін» деген сөзі де бірден ойға орала кететіні жасырын емес. Ал, бүгінгі жастарымыздың бәсекеге қабілетті, өркениетке бейім болу керектігі күмән тудырмайды. Бұл орайда Елбасының өзі жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың болашағынан зор үміт күтеді. Мемлекет қамқорлығымен осыдан бірнеше жыл бұрын өңірлерден жастар саясаты басқармасы құрылып, жастарға қатысты істерді жүйелі жүзеге асыруға мұрындық болып келеді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, аймақта жүз елу мыңға жуық жас бар. Өңірдегі жастардың барлық санатын қамтитын 20 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жобалар негізінен жастар шығармашылығын дамыту, әлеуметтік осал топтармен жұмыс, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және еңбекке баулу, ұлттық құндылықтарды насихаттау мен қылмыс пен суицидтің алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бағыттарын қамтиды.  Жастардың жазғы демалысын тиімді пайдалану және еңбекке баулу мақсатында «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында «Көгалдандыру, абаттандыру», «Құрылыс», «Педагогика» және «Археология» бағыттарына 2 150 студент пен  жұмыссыз жас маусымдық жұмысқа тартылған.

«Ендігі кезекте жастармен жұмысты қай бағытта жалғастыратынымызды анықтау мақсатында, Атырау облысы жастарының әлеуметтік ахуалы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығына тапсырылды. Аталмыш зерттеу қорытындысының нәтижесіне өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асырудың жаңа тетіктері қарастырылмақ.

Осы орайда, алдағы үш жылдағы жұмыс жоспарымызды айқындау мақсатында «Атырау облысы жастарын қолдаудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы» ұсынылатын болады. Аталған стратегиялық құжатта «Сапалы және қолжетімді білім», «Жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру», «Жұмыспен қамту», «Жеке және кәсіби дамуға жағдай жасау», «Отбасы институтын дамыту» сынды бағыттар қарастыру жоспарлануда» дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Әйгерім Құрманберлиева.

Screenshot_1

Ринат  ҒИЛАЖЕВ, «Жас  Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы:

Креативті идеялар болса…

–Жастар қай кезде де Елбасының назарынан тыс қалған емес. 2019 жылдың Жастар жылы болып жариялануы қуанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ, бұл біздің сыналар сәтіміз. Атаулы жылда, болмашы бір шаралармен емес, ғылыми білім және инновациялық бағыттағы бір жылдық емес, ұзақ мерзімді қамтитын ауқымды жобаларды жарыққа шығаруымыз керек. Қазіргі уақытта жастар ісі жөнінде жол картасы жасақталуда. Мұнда да көптеген мәселелер қамтылуда. Жастар жылында жастардың әл-ауқаты бірден жақсарып кетеді деп айту артықтау болар. Дегенмен де, мүмкіндігінше әлеуметтік осал топтағы жастарға қолдау болғанын қалаймыз. Осы жылы өз ісін енді бастап жатқан жастар бастапқы екі-үш жылда салықтан босатылса, бизнесіне кепілдіксіз несиелер берілсе деген ұсынысымыз бар. Себебі, көпшілігі салық төлеп, кепілдік қоямын деп жүргенде  енді қолға алып жатқан кәсібін жандандыра алмай қалады. Ал, екінші бір үлкен мәселе – жас отбасылардың ажырасуы. Бұған сананы тұрмыс билеген уақытта, баспана, жұмыссыздық мәселелерінің басты себеп болып жатқаны жасырын емес. Сол себепті, арнайы мекемелерде меморандум арқылы жұмыс өтілінсіз жұмысқа қабылдау мүмкіндігі қарастырылса, бұл да бір мемлекет тарапынан қолдау болар еді.

«Жас Отан» жастар қанаты «Жас саясаттанушылар» мектебін ашты. Ондағы мақсатымыз – жастарды саяси сауаттандыру. Қазіргі таңда жастардың көбі әлеуметтік желілердегі алыпқашпа әңгімелерге сеніп, бос дабыраға еріп жатады. Яғни, саяси сауаттылықтың төмендігі сезіледі. Сондықтан, жер-жерлерде осындай мектептер ашылса деген ұсынысымыз бар. Себебі, мұнда білікті саясаткерлер, саяси жаңалықтарды түсіндіру, оны қабылдау мақсаттарында жұмыс жасайды.

Малика ТӘКЕЖАНОВА, Х.Досмұхамедов  атындағы  Атырау  мемлекеттік университетінің  III  курс  студенті:

Жұмыспен қамтылса…

–Атаулы жылда атқарылар қандай іс болсын, студенттерден айналып өтпесі анық. Бізді оқу орнын бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мәселесі алаңдатады. Университетті бітірген жас түлекті мекемелердің бірден жұмысқа алмайтыны анық. Дипломды жаңа алған маманнан екі жылдан үш жылға дейінгі еңбек өтілін, тәжірибесін сұрап, біраз әуреге салады. Сондықтан, жастарды еңбекке араластыру, жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалмаса деймін. Жастарды қолдау бағытында арнайы бағдарламалар қабылданып, жұмыс, жалақыға қатысты ынталандырулар болса, қамқорлық күшейер еді. Әрине, бүгінге дейін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Соның бірі –  «Дипломмен ауылға!». Бұл – жастарды жұмыспен қамтуды көздейтін бірден-бір бағдарлама. Алайда, осы жобада қамтылар мамандықтардың санын көбейткен дұрыс. Өйткені, бағдарламада өзге де салаларды қамтыса ауылға баратын жастар саны артып,  шағын ауылдардың дамуына өз септігін тигізер еді.

Серік МҰХАНБЕТОВ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

Сенім арта білсек…

– «Иә, біз де  жас болғанбыз. Бірақ, біздің балалығымыз бүгінгі жеткіншектерге қарағанда мүлдем басқаша еді».

Бұл – сонау бір ел басына сын сағаты туған қиын шақта өмірге келіп, майданға аттанған жарының соңынан жанарын жасқа толтырып, жесір анасының етегіне жармасып өскен, бүгінгі ақсақалдық жастағы ағаларды әңгімеге тартқандағы еститін сөзіміз. Шынында да, қазыналы қарттарымыз жас буынның бойына адами асыл қасиеттерді сіңіру арқылы отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, патриоттық тәрбиелеуге аз үлес қосып жүрген жоқ. Осы үрдісті алға қарай да жалғастыра беру керек. Өйткені, Қазақ елінің болашағы бүгінгі жастарымыздың қолында.

Елбасының халыққа арнаған қай Жолдауын алсақ та, жастарға қатысты жобалар мен бастамаларға баса назар аударуы да сондықтан. Президенттің биылғы Жолдауында да жастардың білім алуы, әлеуметтік жағдайы ерекше аталып өтті.

Жақында Мемлекет басшысы өз Жарлығымен 2019 жылды Жастар жылы деп  жариялады. Бұл «Жастар – біздің болашағымыз» деген қағиданың дұрыстығын дәлелдесе керек-ті. Енді осыған орай елімізде арнайы жоспарлы шаралар белгіленіп, жастардың қоғамдағы орны мен рөлін көтеруге, саяси белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар кең өріс алатындығы түсінікті. Меніңше, жастарға сенім артып, креативті тың бастамаларына, ғылыми ізденістеріне қолдау білдіріп отырғанның да еш артықтығы жоқ. Жастар жылы аясында ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік шаралардан, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды, тіліміз бен дәстүрлі дінімізді сақтап, нығайтудан жастарымыздың шет қалмағандары дұрыс.

Қоғамның әр жас азаматы өз жұмысын еліміздің дамуына апарар маңызды істің бөлігі деп білсе, зайырлы мемлекет ретінде көздеген мақсаттарымыз алыс емес. Яғни, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсу алгоритмі Елбасы Жолдауында анық көрсетілген, ең бастысы, соны дұрыс жүзеге асыра білу керек.

Динара  ЖАРАСОВА, жас ана:

Жас отбасыларға жеңілдік керек

– Менің жасым 26-да, үш баланың анасымын. Әр жанұя өз бетімен өмір сүріп, жеке баспанада тұрғанды армандайды. Келер жылдың Жастар жылы болып аталатынын естігенде, ойыма ең бірінші осы мәселе келді. Өңірде білімді, дарынды, жастарға қолдау көрсетіліп жатқаны жасырын емес, оларды баспанамен қамту ісі де ойдағыдай жүзеге асуда. Дегенмен, елде қабылданып жатқан бағдарламаларда біз секілді жас отбасыларға жеңілдіктер қарастырылса деймін. 7-20-25 бағдарламасын жастарға бейімдеп жетілдіруді ұсынамын. Себебі, жастарға пәтердің алғашқы 20 пайыздық жарнасын салу оңай емес. Сондықтан, осы бағдарламаның бастапқы жарнасының көлемін 10 пайызға түсірсе, жастар үшін тиімді болар еді.

Иә, неше түрлі ұрандармен, қоғамдық көпшілік шаралардың өтіп жатқанын естиміз. Бірақ, «мұндай құр дабыраға салыну кімге қандай пайда әкеледі?» деген ойда қалатыным рас. Келер жыл осындай нәтижесіз жиындар мен шаралар азайып, керісінше, жас отбасыларға қолдау боларлықтай ізгілікті істердің ұйытқысы болса екен деймін. 

Денис  ТЯН, кәсіпкер:

Ізденіс нәтижеге жеткізеді

– Жастар кәсіпкерлігін дамыту халықты жұмыспен қамтуды жоғарылатып, мамандандырылған кадрларды дайындауға ғана емес, елді дамудың инновациялық жолына түсіруге де ықпалын тигізеді.

Келер жылдың жастарға арналуы – шағын және орта кәсіпкерлікті таңдаған замандастарымыз үшін кәсібін дөңгелентіп, өз бизнестерін дамытуға, халыққа көрсетілетін қызмет түрін кеңейтіп, сапасын арттыруға жол ашары даусыз.

Менің бизнес саласына келгеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Ерінбей еткен еңбек пен талмай ізденіс, кәсіпкерлік жолындағы қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылу нәтижесін берді. Нәсібімді кәсібімнен тауып жүрген мен осыдан үш жыл бұрын «Жылдың үздік жас кәсіпкері» аталымы бойынша  жеңімпаз атандым. Техникалық қамту стансасының жұмысын жетілдіре отырып, алға қарай да жұртшылық көңілінен шығуға күш салатын боламын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*