Күйшілік дәстүр жоғалмасын десек…

Елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асуда. Меніңше, рухани жаңғыру әр адамның елінің тарихын, дәстүрін, мәдениетін қадірлеуден басталады. Жастарды осы бағытта тәрбиелеу үшін қазақтың күй өнері туралы сөз еткелі отырмын.

ЕАС 198

Қазақтың күй өнері жайлы айтылғанда, домбыра, қобыз, сыбызғы күйлері еске  түседі. Еліміздің әрбір өңірінде өзіндік орындаушылық күй мектептері қалыптасқан. Дәстүр бойынша күйді тыңдармандарға жеткізу үшін күйшілер оның мазмұнын, шығу тарихын айта отырып орындаған.

Қазақта Құрманғазы, Дина мектебінен басқа, Маңғыстау, Дәулеткерей, Қазанғап, Қаратау, Жетісу, Арқа, Тарбағатай, Сыр бойы жыр-күй мектебі түрлері кең тараған. Соларды таныстыру үшін домбырашы-лекторлар Сержан Шакратов, Ермек Қазиев, Абдулхамит Райымбергенов, Карима Сахарбаева, Айгүл Үлкенбаева, Біләл Ысқақов, Айтжан Тоқтағанов, атыраулық күйшілерден Серікқали, Нәсіпқали, Құттыгерейді  және басқаларды шақыруға болады. Атырауда, құдайға шүкір, күй дегенде ішкен асын жерге қоятын тыңдаушыларымыз бар, бірақ, олардың да саны азайып бара жатыр.

Жиын-тойларда домбыра, қобыз күйлері сиректеу орындалады. Оның орнына жүйкеге тиетін айқай-шу, мән-мағынасы жоқ сапасыз әндер орындалуда.

Тағы бір жоғалуға жақын дәстүріміз – облыс орталығында домбыра, жалпы, қазақ саз аспаптарын жасайтын, жөндейтін шеберханалардың жоқтығы.

Кезінде Балықшы поселкесінде тұрған  қолөнерші Бисенғали Мырзағалиевтің домбырасына бүкіл Қазақстаннан тапсырыс келетін. Айтпақшы, Д.Нұрпейісова  атындағы  академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі құрылған жылдары Бисекең өнер ұжымының домбыраларын жасаған еді. Күні кеше арамыздан өткен шебер-ұстаз Арыстанбек Молдашев ағадай шеберлер керек-ақ. Атыраудағы қазіргі жалғыз қолөнершіміз бар – Аман Сапаров. Шеберханасы болмаса да, әр жерде домбыра, қобыз аспаптарын өте  керемет, жоғары сапада жасап жүр. Оған  жағдай туғызу қажет-ақ.

Бәлкім, кәсіптік училище жанынан шеберлер дайындайтын курс ашып, оны музыкалық қабілеті бар, домбыра шерте білетін жастарға үйрету қажет болар.  Ал, көптен бері айтылып келе жатқан «Күй үйі» мәселесі болашақта шешімін табар деп үміттенемін.

Осы ұсыныстарыма облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасы, концерттік мекемелер тарапынан қолдау көрсетіледі деп сенемін.

Орақ ЖАУЫРОВ,

өнер және мәдениет саласы ардагері,

Атырау облысының  Құрметті азаматы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*