КҮТУМЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР

 

Ер азаматтар майданға аттанғанда, елдегі бар ауыртпалықты өз мойындарымен көтеріп қалған аналардың бірі – менің анам Сақыш (Сақыпжамал) Габдуллина болатын. Жеті кластық білімі бар, ән салып, домбыра тартатын талантымен танылған анамыз әкеміз Кенжеғұлдан 28 жасында үш ұл, бір қызбен жесір қалды.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында еңбекке ерте араласып, колхозда шөп шабу, сиыр сауу, құмаршық қағу, мал өнімдерін дайындап, майдандағы жауынгерлерге жүннен қолғап, шұлық, кеудеше тоқу сияқты жұмыстарға араласады.

Анамның әкесі Ғабдолла сол кездерде сауатты, молда кісі болған, ал, анасы Ғазиза қолының шипасы бар, бала емдейтін, көріпкелдігімен танылған деседі көз көргендер. Нағашы атамыздан бес ұл, екі қыз дүниеге келіпті. Соғыс басталғанда бес ұлы бірдей майданға аттанып, біреуі хабар-ошарсыз кеткен де, төртеуі елге жаралы болып оралып, бейбіт өмірде ұрпақтарының қызығын көру бақытына ие болды. Майданнан хабар-ошарсыз еткен Ғизат ағасының бір дерегі табылар деп, сағынып, сарғая күтумен жүрді. Ақыры ол 2005 жылы 78 жасында бақилық болды.

Иә, сұм соғыс осындай тағдырлас қаншама шаңыраққа қара бұлт төндірмеді. Жетпіс жылдықты тойлап өткізгенімізбен, сол бір майдан даласында мәңгілікке қалған мүрделерді жоқтаушы бауырлардың арамызда сан мыңдап жүргені де рас. Ендеше, сол шейіт кеткен боздақтардың кейінгі ұрпақтарға бейбіт өмір сыйлағанын, біздің бақытымыз үшін қан төккенін әсте естен шығармайық.

Самат МАСАЕВ, М.Сиранов атындағы орта мектептің мұғалімі, Индер ауданы, Елтай селосы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*