ҚҰТ ҚОНҒАН ҚҰМДАҒЫ АУЫЛ

 «Қарақұм  емес, қарағым»  дейтін…

Майкөмген –  Қарақұм қойнауына сұғына енген, өңірдегі ең шағын елді мекен. Есептегі екі жүз үйден бір мың екі жүздей адам өреді, оның еңбекке қабілеттілері – 641, зейнеткерлер – 116 адам, ал балалардың қарасы 400-дің үстінде. Ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы біртіндеп жақсарып, әлеуметтің әл-ауқаты арта түсуде.

Округтің басты саласы ауыл шаруашылығы болып табылады. «Қарақұм емес, қарағым ғой…» дейтін мәтелге айналып кеткен өңірдің өзіне тән  тынысы мен ырысы бар. Он бір шаруа қожалығы мал басын өсіріп, төрт түліктен мол өнім алу жолындағы қым-қуыт тірліктің көрігін қыздырып жатыр.

Ауылдағы және ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жалғастырылып, жыл басынан бері пайдаланбаған 0,675 гектар жер учаскелері мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Ауыл әкімі орайы келген соң «Жаңаберген», «Қуанышбек», «Мирасбек», «Есекжал» және «Әбдірахман» шаруа қожалықтары жетекшілерінің өңірде болып жатқан әлеуметтік-мәдени және ізгілік шараларына да демеушілік көмек көрсетіп отыратындығын атап көрсетуді жөн көрді. 

Тұрғындар  талабы орындалды  ма?

Ауыл тұрғындарының өткен жылғы есепті жиында қойған өз ұсыныс- талаптарының жүзеге асу жайын, оның түпкі нәтижесін білмекке асық болуы айтпаса да түсінікті. Олар, атап айтқанда, мыналар: «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су құбырларын тарту жұмыстарын аяқтау;  өңірде денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын жүргізу; Майкөмген ауылына 160 орындық балабақша салу.

Нәтиже қандай?  Қазіргі уақытта «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде ауылдағы барлық үйлерге су құбырларын тарту жұмыстары аяқталды. Енді тапсыру рәсімінен кейін әр үй ауыз суды өз баспанасында қажетінше пайдалана алады.

Екінші, мемлекет тарапынан жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатына сәйкес, аудандардағы барлық округтерде денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жөніндегі жоспар түзілгенде Майкөмген ауылы енбей қалған еді. Бұл мәселені жедел шешу үшін облыстық спорт басқармасына хат жолданып, олар құрылыс бөліміне ұсыныс беріп, қазіргі уақытта майкөмгендіктерге де спорт кешенін салуды барлық округтермен бірге жобаға енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, кешен ғимаратының жер телімі анықталып, шешімі шығарылды, техникалық құжаттары алынды.

Үшінші, балабақша салу жөніндегі ұсыныс-пікірге сәйкес ауылда жаңадан 300 орындық мектеп салып, ал бұрынғы мектеп ғимаратын балабақшаға айналдыру жөнінде аудандық білім беру бөліміне ұсыныс хат жолданды. 

Өңір  дамуына  –  өрісті  қадам

Шағынауылдың қажетіне өткен кезеңде бөлінген 1 млн. 500 мың теңге қаражат толықтай игеріліп, тамыз айында №17 мектеп алдында балалар ойын алаңы жасақталды, ол қарапайым дене шынықтыру қондырғыларымен үйлесімін тапты. Білім ұясына аудандық бюджеттен бөлінген 2 млн. 862 мың теңге өз қажетіне жаратылды. Екі жылу қазандығы орнатылды. Мектепке жаңа жиһаздар алынып, химия және шағын орталық кабинеттері, сондай-ақ асханасы талапқа сай жабдықталды. Шәкірттер ыстық тамақпен тұрақты қамтамасыз етіліп келеді.

Жуырда «Жедел жәрдем» пойызы және «Жылжымалы көмек көрсету» автокөлігі де қатынап, сырқат жандарға медициналық көмек-жәрдем беріп кетіпті. Ауыл әкімі жыл бастауындағы жаңалық ретінде дәрігерлерге арналған екі пәтерлік тұрғын үй құрылысы  басталғанын айтты. Бұл алдағы уақытта дәрігер жас мамандарды тұрақты жұмысқа шақырудың алғышарты екен.

Сонымен қатар, ауылдағы кейбір өзекті мәселелер де айтылды. Соның ең маңыздысы – ауылды құм басып қалудың алдын алу, яғни құм көшкінін тоқтату. Бұл шаруаны жүзеге асыру үшін 4,7035 га жер учаскесі Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемесіне беріліп, осы негізде жерге орналастыру жобасы жасалынды. Шешім шығып тұр. Ал, жауапты адамдардың тарапынан құм көшкініне тоқсауыл болатын, сексеуіл егу шаралары да алынатындығы айтылды.

Есепті жиында ауыл тұрғындары атынан сөйлеген Жәумедин Демесінов округ әкімінің жұмыстарына ризашылығын білдіре отырып, жайылымдық жер мәселесіне келгенде, жеті-сегіз шақырымға дейін жердің қуаңдығын айтты. Ауыл Аққұдық, Ақінген, Қисымбай кеніштеріне іргелес жатса да, жастар әлі де болса кәсіп іздеп қалаға кетіп жатады. Рулон шөп сатып алуға шаруаның қалтасы көтере бермейді. Осы орайда, олар ауыл шаруашылығы бөлімі астықты облыстардан мал азықтық жем әкеліп, сатуды ұйымдастырса деген өз ұсыныс-пікірлерін айтады.

Жиында газға төлемнің осы өңірде қымбаттығы да сөз болды.  Оған жауап ретінде газ шаруашылығы мекемесі басшысы тарапынан ауыл көгілдір отынды «Интергаз» арқылы алатындығы, мәселе солардың тарифіне байланысты екендігі, сондай-ақ ТШО серіктестігі тарапынан газ бағасы жыл сайын 2,5 пайызға өсіп отыратындығы айтылды.

Есеп беру жиынында сөйлеген аудан басшысы Мақсым Ізбасов өңірде жүзеге асып жатқан ауқымды іс-шаралар мен алда тұрған міндеттерге тоқтала келіп, майкөмгендіктерді бүгінгі таңда ел алдындағы ең өзекті шаруа – кәсіпкерлікпен айналысуға, оны жедел дамытуға үлес қосуға шақырды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілші,

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*