Кәсіпкерлерді қолдау қашан жолға қойылады?

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірнеше бағдарламалар қолданысқа енгізілгенмен, әлі де шешімін таппаған проблемалар жетіп артылады. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес өкілдерінің өз ісін дамытуына не кедергі? Жеңілдікпен несие берілгенмен, кәсіп иелері нысандарын неге іске қоса алмай отыр? «Нұр Отан» партиясы жанындағы аймақтық қоғамдық кеңес отырысында осынау түйткілді мәселелер қозғалды.

«Нұр Отан» – іс үстінде

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаеваның айтуынша, бұл бағытта «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде төрт мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

– Соған қарамастан, кәсіпкерлердің проблемалары да аз емес. Олар нысанға жеткізілмейтін инфрақұрылым жөнінде шағымданады. Кәсіпкерлер «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 3 млн.теңге көлемінде несие алғанмен, жобасын пайдалануға бере алмай отыр, – деген ол биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бекітілгенін, бірақ, онда да инфрақұрылым салуға норма  қарастырылмағанын айтты.

Партия жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес төрайымы Әлия Бекқожиева бір айдың ішінде кәсібін бастай алмай отырған шағын бизнес өкілдерінің күрмеулі мәселелерін ортаға салды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге жер учаскесін бөлу, лицензия беру, инфрақұрылым тартуда орын алатын олқылықтарды да назардан тыс қалдырмады.

– Кәсіпкерге 3 млн.теңге шағын несие беріледі. Бірақ, оның 850 мың теңгесіне инфрақұрылым тарту керек. Жарық жүргізуге өзі 1 млн.теңге жұмсалады. Сонда алған қаражатының барлығы су мен электр энергиясына ғана жұмсала ма?- деді Әлия Байжанқызы.

Кеңес барысында инфрақұрылым тартылған нысандарды анықтау үшін онлайн карта қажеттілігі сөз болды. Бұл бағытта аймақта геопортал ашу қолға алынып жатқандығы айтылды.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*