Кәсіпкердің екінші тынысы

ЗАМАН ТУДЫРҒАН ЗАҢ

Жуырда сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Жылыой ауданының Шоқпартоғай елді мекенінде және Құлсарыдағы Мәдениет үйінде кәсіпкерлермен, осы мәселеге мүдделі ауыл және қалалық тұрғындармен, әкімдік құрылымдарды қатыстыра отырып, аталмыш заңның мәні мен маңызын ашатын келелі жиындар өткізді, тақырыпқа терең түсінік берді, көкейкесті көптеген сауалдардың жауабын іздеді.
Жиындарға Өңірлік даму министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің басқарма бастығы Мырзахметов Мұхтар Жұмабекұлы қатысып, өмірдің өзі тұсауын кескен өзекті заң туралы пайымдауларын ортаға салды.

ИДЕЯ НЕДЕН
ТУЫНДАДЫ?

Қабылданған заң не үшін қажет, несімен маңызды? Біздіңше бұл заң нарықтық экономиканың қуатты қозғаушы күші, соны серпін беретін тетігі болуымен және өміршеңдігімен маңызды. Шынтуайтында, бұл мәселені Елбасы сонау 2008 жылы алғаш қозғап, қоғамдық пікірге тамызық-ой тастаған. Мақсат – кәсіпкерлікті тұтас жүйеде, кешенді дамыту. Оған негіз жоқ емес. Мысалы, Еуропада экономиканың 70-80 пайызын шағын және орта бизнес құрылымдары құрайды, экономикалық өсімнің де 60-70 пайызына кәсіпкерлік қызмет ықпал етеді. Демек, барлық кәсіпкерлік қызмет иелеріне, кәсіпорындарға топтасқандық, біртұтас орта құрайтын сипат беру керек. Яғни, оларды біріктіретін ортақ ұйым керек. Өркениетті елдерде, Германияда, Францияда, Түркияда кәсіпкерлердің басын құрайтын осындай ұйым бар, оларда үлкен тәжірибе қалыптасқан.
Ал, Қазақстанда үш мыңдай компания, бір миллиондай кәсіпкер өз беттерінше ғұмыр кешіп, тірлік қылып жатқанын ескерсек, елімізде бизнес құрылымдарын бір жүйеге топтастыру қажеттіліктен туындағаны анық.

ҰКП БЮДЖЕТІ –
4 МЛРД. ТЕҢГЕ

Сонымен, елімізде ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Осы негізде «Даму» қоры және «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы өмірге келді. ҰКП-ның негізгі бағыты – ауылда орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту. Елбасы әкімшілік кедергілерді алып тастауға тапсырма берді. Мақсаты – осыған дейін үні жоғарыға жетпей, пұшайман болған, өз беттерінше қайнап жатқан ірілі-ұсақты кәсіпкерлердің басын қосып, біреу де болса, бірегей ұйым құру. Шыны керек, кәсіпкерлер заңды, өз құқықтарын жете білмейді. Бизнес құрылымдары үш буынға – шағын, орта және ірі кәсіпорын болып, шама-шарқына қарай бөлініп жатыр. Енді ұлттық кәсіпкерлер палатасына кез келген заңды тұлға мүше бола алады. Тіркелген соң мүшелік жарна төлейді. Өтпелі кезеңде (5 жыл) шағын кәсіпкерлер ғана мүшелік жарнадан босатылады. Ал, ірі кәсіпорындар 3 млн. теңге үстінде, 4 миллионға жуық жарна төлейді. Мысалы, «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтом» т.б.
Кәсіпкерлер палатасына болашақта үлкен өкілеттіктер беріледі деп отыр. Сонда оның құрамына шаруа қожалықтары, фермерлер, банктер т.б. кіретін болады.

ДЕМЕП ЖІБЕР,
«ДАМУ» ҚОРЫ!

«Даму» қорының Атырау облысы бойынша директоры Ербол Қайранбаев мәлімдегендей, қордың қос айырым міндеті бар. Таратып айтқанда, ол – қаржылық қолдау және қаржылық емес қолдау. Қаржылық қолдау – кәсіпкерлердің несиені арзандау жолмен алуына қол жеткізу. Яғни, «Даму» қоры арқылы несие алса, онда – 7 пайызбен. Моноқаланың тікелей өзіне жеңілдік бар. Мысалы, банк несиені 14 пайызбен берсе, оның 10 пайызын үкімет төлейді. Ал, «Даму» қоры Құлсары қаласына 2 пайызбен бере алады. Яғни, кәсіпкер 12 пайызбен несие алса, 10 пайызын «Даму» қоры жабады.
Сонымен қатар, өндіріс орнын ашуға талпынғандар болса, жәрдем қаражат (субсидия) алуға болады.
Қаржылық емес қолдауға бір мысал. «Даму» қоры арқылы мамандар Құлсарыға келіп, жастарды бүгінгі күні қат мамандықтарға жоғары кәсіби деңгейде оқытады. Әрине, кешенді түрде. Кейін жас маман қолына сертификат алады. Ұлттық сипаты бар, халыққа, қоғамға пайдалы іспен айналысатын (мысалы мүсінші, суретші т.б) шығармашылық тұлғалар 3 млн. теңгеге дейін грант ала алады және ол қайтарымсыз.

ҚҰРЫЛТАЙШЫ – «АТАМЕКЕН»
ЖӘНЕ ҮКІМЕТ

Елімізде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан кейін, оның ұйытқы, ұйымдастырушы тетігі болуы заңды. Осы тұрғыдан алғанда, «Атамекен» мен Үкімет палатаның құрылтайшылары болып саналады. Бұл туралы «Атамекен» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының Атырау облысы бойынша директоры Асылбек Жакиев ресми түрде мәлімдеді. Оның айтуынша, Үкімет өтпелі кезеңде ғана, яғни кәсіпкерлер палатасы аяғынан тік тұрып кеткенше демократиялық қолдау көрсетеді, сосын бес жылдан кейін құрылтайшылықтан шығады.
А.Жакиев кәсіпкерлердің міндеті, құқы мен мүддесі турасында кең түсінік берді. «Әзірге әр кәсіпкер өз кәсібімен, өз бетінше қам-қарекет жасап жүр. Оларды бір орталыққа шоғырландырып, нығайту (консолидация), тұтас бір қуатты, үлкен күшке айналдыру керек», – дейді ол. Ұлттық палатаға әрбір кәсіпкер мүше болып кіруге құқылы. Осы негізде палатаның әр ауданда филиалдары жұмыс істейді.

БҰЛАҚ КӨРСЕҢ,
КӨЗІН АШ

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, оның жанына ерген «Даму» қоры, «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының жетекшілері ауыл және қала тұрғындары тарапынан туындаған барлық сұрақтар бойынша түсінік берді. Облыстық әкімдікте белгілі болғанындай, Жылыойдағы барлық округте балабақша салынатындығы көптің көңілін бір көтеріп тастады. Ауылдарға кірме жолдар құрылысының жандануына ықпал ететін болды. Жем өзенінің жылда тасымай қалуына байланысты Мұғаджар басындағы бітеліп қалған бұлақтардың көздерін ашу келелі әңгіме арқауына айналды. Құмыққан өзек қай тұста, білікті мамандардан жедел топ құру, зерттеу – кезек күттірмейтін іс. Әйтпесе, жылдағыдай егін қуарып, малға шабындық іздеп, ел кезіп кету тыйылмақ емес.Қазақ-қытай консорциумы тарапынан шаруа қожалықтары үстінен жоғары вольтті электр желілерінің тартылуы да шаруаларды алаңдатып отыр. Әуелде «келісім-шарт болады» деген, ол құр сөз болып шықты. Енді мардымсыз өтемақымен алдарқатуға көшкен сыңай бар. Сенатор бұл мәселелермен мақсатты айналысуға, оны құзырлы орындардың да алдына қоюға уәде берді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*