КҮШ АТАСЫН ТАНЫМАС

Жарысты кіріспе сөзбен ашқан облыстық қазақ, самбо күрестерінің аға жаттықтырушысы Асылбай Исабеков салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды отансүйгіштікке, ел сенімін ақтауға тәрбиелеуде спорттық жарыстардың маңызына тоқталып, облысымыздан көк байрағымызды көкке желбіретер мықты спортшылар шығатынына сенім артты.
– 1979 жылы облыстық спорт комитеті мені қазақша күрес, самбо және дзюдодан аға жаттықтырушысы етіп тағайындаған болатын, содан бері бұл спорт түрлеріне көптеген жастарды тарттық, олардың алды біраз жарыстардың жеңімпазы, чемпиондар атанып үлгерді, – деді ардагер жаттықтырушы Асылбай Исмайлұлы.
Өңірімізде қазақ күресінің дамуы Б.Орақов, А.Қабенов, А.Барақатов, К.Аменов, С.Ерғалиев, Ж.Иманалиев, С.Болатов, Н.Ғұбашев, Б.Ермеков, К.Табынбаев, М.Абдуалиев, Б.Абудалиев, Т.Мұқанов, А.Раушанов, М.Дүйсенбаев, Е.Зұлханов, А.Дүйсемәлиев, М.Қашенов, А.Қыздарбаев, Б.Оралбеков, Г.Иванов, С.Леженев сынды спорт шеберлерінің есімімен тығыз байланысты екенін айтқан А.Исабеков: «Самбо, дзюдо күресінен маман тапшылығы кезінде шәкірттерімді бапкерлік жұмысқа тартып, облыстағы кадр мәселесін шешуге үлес қостық. 1993 жылы тұңғыш шәкірттерім Сайын Ерғалиев, Қошқарбай Табынбаев самбо күресінен бапкер болып, менімен бірге еңбекке араласты. Қалада қоғамдық саяси орталықтарда самбо, дзюдо үйірмелері тұрақты жұмыс жасады. Сол орталықтан Сәния Махамбетова тұңғыш рет қыздар арасында самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ал, Марал Қашенов, Мұқсим Дүйсенбаев самбо күресінен спорт шебері, әлемнің күміс жүлдегерлері атанды», – деді.
Өңірде осылай қалыптасқан спорт шеберлерінің ізбасарлары бүгін де біраз асуларды бағындырып үлгеріпті. Атап айтқанда, Қазақ елі атынан қатысып, әлемді таңғалдырған спортшылардың есімдері мақтан етуге лайық. Солардың қатарынан Д.Жақсиев, М.Оралбеков, А.Хатипов, Р.Ибрагимов, Б.Қошқарбаев, Ж.Иманбаев, Н.Майлашев самбо күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанса, дзюдо күресінен Ринат Ибрагимов әлем кубогының иегері, Рашид Құлыбаев әлем кубогының жүлдегері болса, К.Шпанов, Н.Майлашев, А.Тельманов жастар арасында әлем және Азия біріншілігінің жүлдегерлері атанды. Міне, оларға еліктеп, бүгін де аталған осы спорт түрлеріне қызығушылық танытып, үлкенді-кішілі жарыстарда бағын сынап жүрген жас спортшыларымыз көп. Бүгін олар осы жарысқа ерекше ықыласпен қатысып, шеберліктерін көрсетуде.
Облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің жауапты хатшысы Нұржан Матаев жарыстың ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеп, газеттің тоқсан жылдық мерейтойына орайластырып жарыс өткізіп отырған облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына ризашылығын білдірді, спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінулеріне сәттілік тіледі. Облыстық газеттің шыға бастағанына биыл 90 жыл толғанына, осынау кезеңде газет журналистерінің ел экономикасын нығайтуға және спортты дамытуға, салауаттылықты насихаттауға елеулі үлес қосқанын атап көрсетіп, газет пен облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп, осындай игі шараларды алда да өткізе беретініне сенім білдірді.
Жарыс қорытындысында дзюдодан 90 кг дейінгі салмақ санатында жас спортшылар арасынан да Бекнұр Тынышқали (46 кг), Айболат Ыстыбай (50 кг), Армат Есқазиев (55 кг), Азамат Ғалымов (60 кг), Дәурен Болатбекұлы (66 кг), Әбілсейіт Сұлтанов (73 кг), Елшат Әбу (81 кг), Нұрсұлтан Қапашов (90 кг) жүлделі I орынды иеленді. Өз салмақ дәрежелері бойынша біраз спортшы екінші, үшінші орындарды еншіледі.
Боз кілемнің төрінде мықты спортшылар бақ сынаған сайысқа дзюдодан облыстың аға жаттықтырушысы Талап Мұқанов пен жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бимырза Тайжанов төрелік етті. Жарыс қорытындысында бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленген жеңімпаздар Атырау қаласында 2014 жылғы 6-9 ақпан аралығында өтетін Қазақстан Республикасының дзюдодан жасөспірімдер арасында өтетін чемпионатына жолдама алды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суретті түсірген
Нұржан МАТАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*