КҮРМЕУЛІ ТҮЙІНДЕР ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Округтегі 32 шаруа қожалығының  ішінде түйе шаруашылығымен айналысып, қала халқын шұбатпен, түйе етімен қамтамасыз етіп отырған және ірі қара өсірумен айналысып, сиыр еті, сүтпен қамтып отырған шаруашылықтар бар. Округ шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындары өткен жылы тірі салмақта 94 тонна ет, 916 тонна сүт, 156 тонна шұбат өндіріпті.

Егін шаруашылығында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отырған «Сабыров» шаруа қожалығы  0,8 гектар жылыжайда израильдік технологиямен өнім өндіріп, 15 га жерге жеміс ағаштарын өсіруде.

– 2012 жылы Алматы  қаласында өткен ХХХХVІ «Жас  музыкант» республикалық фестивалінде Қайыршақты балалар саз мектебінің оркестрі бас жүлдені жеңіп алды. Қараша айында саз мектебі оркестріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Халықтық оркестр» деген атақ берілді, – деп жылдың ақжолтай жаңалығын жеткізді округ әкімі Ш.Қалиев.

Сөз кезегін алған  Атырау қаласының әкімі Серік  Айдарбеков жергілікті жердің барлық проблемасымен таныс екендігін  айтты.  Сондықтан, округ әкімі  мен ауыл шаруашылығы бөліміне мал  санын өсіру, асылдандыру жұмыстарын жандандыруды және ветеринарлық-эпизотиялық шараларды қолға алуды, жаңа технологияларды қолдану арқылы жылыжайлар мен ашық жердегі егіс көлемдерін өсіруді, типтік жобадағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу цехтары мен көкөніс қоймаларын салу жұмыстарын қолға алуды және жобаларды енгізуді тапсырды.

– 2012 жылы Томарлы  селосының Ермұханов, Колхозшылар,  Смағұлов, Әжіғалиев, Наурызбеков,  Жұмағалиев көшелеріндегі жолдарға  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Былтыр Жұлдыз-3 елді мекеніне  электр жүйесі жүргізіліп, іске  қосылды.

Алайда, округтеріңізде әлі де шешілмей отырған проблемалар бар.  Олардың бірі – Жұлдыз ықшамауданында 624 орындық мектеп үйін салу мәселесі. Жаңа құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары биыл жасақталмақ және жуық арада басталып та кетпек. Сондай-ақ, Атырау-Индер көлік жолының Бесікті селосына дейінгі бөлігі күрделі жөнделмек.

Биыл Жұлдыз-3, Томарлы-2 ықшамаудандары мен Талғайраң  елді мекендерінде газ желісін, Жұлдыз-2-де су мен газ желілерін жүргізуді  жоспарлап отырмыз.

Округтегі жаңадан  бой көтерген елді мекен тұрғындары жылдан-жылға өсіп келеді. Соған сәйкес проблемалар да көп екені түсінікті. Жылдан-жылға қаржыға сәйкес жоспарлы түрде жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді шаһар басшысы Серік Кенғанұлы.

Жарыссөзге шыққан Томарлы селосының тұрғыны Едіге  Сабыров өз ойларымен бөлісті.

Біріншіден, селодағы мектептер күрделі жөндеуді қажет  етеді. Бұл күндері – халық  оркестрі деген атақты иеленген саз  мектебі ғимараты әбден тозғаны  соншалықты, жөндеуге келмейтін жайы бар. Болашақта Томарлыда мәдениет үйінің жоқтығы бар, жоғарыда аталған қосымша білім беру ұясының ескіргендігі бар, соның бәріне бір концерт залы бар келісті үй тұрғызса өнер ұжымына үлкен қамқорлық болар еді. Сондай-ақ, мектептің тұсына көліктер аса көп шоғырланады және олар сол тұста өте қатты жылдамдықпен жүреді. Осы жайтты да ескерсеңіздер екен – деді Едіге Сабырұлы.

Қала басшысы  мен округ әкімі, тиісті сала мамандары  тұрғындар сауалдарына қанағаттанарлық  жауап берді.

– Бүгінде жер  теліміне қала және қала маңындағы  9 округте 50 000 адам кезекте тұр. Жер Кодексіне орай кезексіз ешкімге жер беруге құқым жоқ. Әрине, мәселе көп. Оның барлығымен таныспын. Бәрін бірдей қысқа мерзімде шешу мүмкін емес. Сондықтан, сабырлылық танытуларыңызды сұраймын, – деді қала басшысы Серік Айдарбеков.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*