КҮРМЕУЛІ ТҮЙІНДЕР ТАРҚАТЫЛСА…

Ауылдық округтің негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Округ Қой жылының табалдырығын төрт түлігін түгендеп,  6949 мал басын өргізіп аттады. Жыл бойында 1432 қозы-лақ, 306 бұзау, 197 бота, 504 құлын алынды.

Шаруашылық бойынша есепті кезеңде 4895 центнер ет, 4274 центнер сүт өндіріліп, 63 центнер жүн өнімдері жиналды, 4964 тонна мал азығы дайындалды.

Жаңа жылдың бастауында тіркелген он бір шаруа қожалығының сегізі – мал, үшеуі мал және егін шаруашылықтарымен айналысады. Округ бойынша 1601 бас мүйізді ірі қара, 13593 қой-ешкі, 1467 түйе малы бірдейлендіріліп, республикалық төрт түлік малды бірдейлендіру базасына енгізілді.

 Өз иінін тауып, игі бағыт алған іргелі шаралардың ең маңыздысы тұрғындардың талап-тілектерінің орындалуы болса керек. Осы негізде, яғни  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауылда балалардың ойын алаңы жасақталып, пайдалануға берілді. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйге су құбырлары тартылды.

Десек те, ауылдық округ тұрғындарын жылдар бойы алаңдатып келе жатқан өзекті мәселелер де бар. Соның ең маңызды,  әрі аса күрделісі – Құлсары-Ақкиізтоғай тас жолын күрделі жөндеу. Өткен ғасырдың  сексенінші жылдарынан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеуінің салдарынан қатынас жолының қазіргі күйі өте нашар. Әзірге қала мен ауыл арасындағы отыз төрт шақырым жолды жөндеу жобасының жүзеге асуындағы көптің үміті енді келесі жылға ауып тұрған жайы бар.

Бүгінгі таңда бала тәрбиесінде алаңдататын басты бір мәселе – балабақшаның аса қажеттілігі.  Мектеп жанындағы шағын орталықта елу бала ғана қамтылған. Ал «Балапан» бағдарламасы аясында ауылдық округте салынатын балабақшаға заңды түрде жер телімі бөлініп, құжаттары толық дайындалып, құрылысы енді-енді басталады деп қарайлап жүр ауыл тұрғындары. Бұған қоса тиісті құжаттары әзірленіп жатқан шағын спорт кешенін салу мәселесі де оң шешімін тауып жатса, тұрғылықты адамдардың әлеуметтік жағдайы әжептәуір жақсара түсер еді.

Сонымен қатар, ауылдық округте өндірістік мекемелердің болмауы себепті еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмыспен қамту тұйыққа тіреліп тұр. Олар округ аумағынан тыс жерлерге жұмыс жасауға денсаулық жағдайларын алға тарта отырып, баруға жүрексінеді.

Есепті жиында  ардагерлер сөз алды. Аман Ұлғатов Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік ауқымында, күтімсіз қалған майданнан оралмаған 287 боздақтың рухын еске түсіретін обелиск-ескерткішті қайта қалпына келтіріп, шағын демалыс орнына, жастарды отансүйгіштік, патриоттық тәрбиеге баулитын орынға айналдырса деген ұсынысын алға тартты. Ал, Ділмағамбет Әбілов «Жаңасудағы фонтан суы далаға кетіп жатыр, содан су құбырын тартып, оны Құлсарыға жеткізсе, бау-бақша салуға, ен алқапты егін-егістікпен көк-жасылдандыруға болмас па?» деп көріп-біліп, көңіліне түйген мәселені орайлы қозғады.

«Бұрын өңірде 120 мың қой болды, – дейді ауыл шаруашылығының ардагері тағы да, – қырықтық қызған кезде қойдың балақ жүні мен бауыр жүні қалмасын деп талап етіп жататын. Бұл дегенің қыруар өнім ғой. Ол кезде жүн-тері қабылдайтын арнайы мекеме болғасын, жүн өнімдері кәдеге асатын. Енді неге осы шаруаны мақсатты қолға алып, іс жүзіне асырмасқа? Егер кәсіп көзіне айналдырса, баяғыдай жүннен киіз басуға, шимен өрмек тоқуға, тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік туар еді».

Ауыл тұрғындарының  сауалдарына аудан әкімі М.Ізбасов  жауап берді. Ол одан әрі жиналған көпшілікті ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында атқарылған игі істер мен алда тұрған міндеттер ауқымынан хабардар етті. 

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*