Көрмеде – отандық бренд

Жуырда жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жатқан жандар төл мерекелерін атап өтті. Айтулы датаға орай ұйымдастырылған шара атыраулық ісмерлер бұйымдарының көрмесінен басталды. Оның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бастығының міндетін атқарушы Гүлзада Қайырғалиева өңірдегі шағын бизнестің үлесі жөнінде кеңінен тоқталып, кәсіп иелеріне толайым табыс тіледі.

К__рмеде отанды__ бренд

– Бұл сала елімізде қарқынды дамып келеді. Жыл сайын өндірілетін өнім көлемі де ұлғаюда. Жеңіл өнеркәсіп экономиканың басым секторларының тізбесінде екені белгілі. Яғни, осы бағыттағы жобалар болса мемлекет қолдауға дайын. Атырау облысының бизнес иелері де түрлі бағдарламамен көмек алып, кәсіптерін жалғастыруда. Жалпы, мұнайлы өлкеде жеңіл өнеркәсіпте үш жүзден астам қызметкер еңбекпен қамтылып отыр, – деді Гүлзада Зиноллақызы.

Салтанатты шара барысында осы саланың өркендеуіне үлес қосқан бірқатар маман Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың, мәслихаттың, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының Алғыс хаттарымен  марапатталды. Олардың қатарында «Қазақ соқырлар қоғамының Атырау оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС қатырмалау цехының қызметкері Ерболат Мұхамбетов, «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС директоры Назгүл Есмақанова, «ЭРТРИ» ЖШС тігін цехының басшысы Наталья Шокурова, «Айсұлу» сән үйінің басшысы Айсұлу Оразбаева және тағы басқалары бар.

Марапатталушылар атынан сөз алған «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі Райхан Рахатова тәуелсіз еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына атсалысып, тың жобаларды жүзеге асыруға жұмыстанатынын атап айтты.

Сіз не дейсіз?

Қарлығаш Айекенова,

Исатай ауданындағы «Алтын өрнек» тігін цехының басшысы:

–  Өткен жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын несие алып, жұмысымды бастадым. Қазірде тігін цехымызда екі қызметкер еңбек етуде. Бастапқыда тапсырыстар аз болатын. Бүгінде қызметіміздің сапасына байланысты тұтынушыларымыз да көбейіп келеді. Аудандағы оқушылардың  мектеп формасын тіктік. Былтыр бұл көрмеге қонақ болып келсем, биыл өзім де қатысып отырмын.

 

Жанар Сағытжанова,

Атырау қаласындағы «Өзінше» сауда үйінің жетекшісі:

– Білесіз бе, қазақ қыз-келіншектерінің болмыс-бітімі, дене сымбаты өзгелерден бөлек, ерекше. Киім таңдағанда да солай. Осыны ескере отырып, біз қазақстандық дизайнерлердің өнімдерін бір арнаға тоғыстыруды ойластырдық. Сөйтіп, «Өзіншені» аштық. Бұл брендті маркетингтік әдіс десек те болады. Оның үстіне, белгілі дизайнер Леонид Жеребцов «өзінше» деген жазумен футболкалар шығарған еді. Өнім өтімді болғандықтан, дүкеннің де атауын солай қоюды ұйғардық. Бұған дейін Алматы, Астана қалаларында өткен көрмелерге қатыстық. Енді Ақтауға жол тартпақпыз. Келешекте көптеген жоспарларымыз жүзеге асуы үшін жұмыстана бермекпіз.

Айбөпе Мұратқызы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*