Көп көкейінде – бір сауал…

Өмір болған соң туу, сәбиге есім беру, шаңырақ көтеру, ажырасу дегендей құбылыстардың орын алуы заңды. Редакциямызға келіп жататын осы тақырыптағы оқырмандар сауалына Атырау қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Құрманай ҚҰБАШҚЫЗЫ жауап береді.

228628288_5_644x461_fotograf-nedorogo-kostanayskaya-oblast_rev003

− Тууды мемлекеттік тіркеу және оған өтініш беру мерзімі қандай?

− ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы кодексінің 189-бабына сәйкес, «Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс. Ал, бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтініш береді.

Жаңа туған балаға тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі қалай жүзеге асады?

− ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы кодексінің 63 және 194-бабының талаптарына сай, «Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүр ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың әкесінің аты ата-аналарының немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің тілегі бойынша оның әкесі болып көрсетілген адамның аты бойынша беріледі.

− Бүгінде қай салада болмасын жаңашылдық. Некеге отыру үшін өтініш беру де, оны бұзуға арыз беру де интернет арқылы жүзеге аса береді. Енді осы ажырасу үшін арыз беруші ерлі-зайыптыларға қойылатын қандай талаптар бар?

− Некені бұзушы ерлі-зайыптылар екеуінің біреуінің тұрғылықты жері бойынша  электрондық үкіметтің  веб-порталы арқылы өтініш береді. Ол үшін жеке куәліктері мен неке қию туралы куәлігін, екеуінің электрондық цифрлық қолтаңбаны алып, www.egov.kz порталына тапсырады. Өтініш қабылданғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін мемлекеттік баж салығын төлейді. Белгіленген мерзімде хабарлама, электронды түбіртек, неке куәлік түпнұсқасы, мекен-жай анықтамасы және жеке куәліктерімен, міндетті түрде, АХАТ бөліміне бірге келеді. Егер де ерлі-зайыптылардың біреуі келмеген жағдайда, неке бұзу тіркелмейді.

− Оқырмандарды неке қию мен неке бұзу фактісіне қатысты да сауалдар қызықтырады. Енді осы тұрғыда ақпар бере кетсеңіз.

− Әрине. Айталық, өткен жылдың 11 айында 3006 неке қиылса, биылғы осы мерзімде ол 3051 болып, 45-ке артып отыр. Сондай-ақ, қыздарымыздың шетел азаматына тұрмысқа шығуы 8 некеге өскен. Көңілге демеу болары сол, былтырғы он бір айда 963 неке бұзылған болса, биылғы осы мерзімде ол 21-ге төмендеген.

Маманмен әңгімелескен: Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*