«КҮНДІЗ-ТҮНІ ТЫНЫМ ТАППАЙ ТЕР ТӨКТІМ…»

 

Кедейлік

Әке-шешем кедей еді тап-тақыр,

Кедейлікпен мәңгі тыныш тапты ақыр.

Бай болмасам, бар болайын дедім бе

Бұл өмірмен ойнап кеттім қақпақыл.

 

Бір киімім болған емес су жаңа,

Көргенім де, ермегім де түз, дала.

Алғаш рет татқаным да кермек дәм,

Кермек дәмді алмады ешкім қызғана.

 

Күндіз-түні тыным алмай тер төктім,

Тер төктім де дәмін таттым шербеттің.

«Ойбай, мынау байып кетті» десті жұрт,

Өзімді-өзім өсекпенен өртеттім!

 

Кесек атты кеңкелестеу бір досым,

Көрдім сосын Кеңестің де түрмесін.

Тағы бірі таяқтауға әзер жүр

Қайтем енді, қатар өмір сүргесін.

 

Тағы бірі – сырын бүккен, сыздағыш,

Секілденіп көрінеді жүзтаныс.

Алды да өзі, арты да өзі дүниенің

Ар жағында қайнап жатыр қызғаныш.

 

Бақастық пен күресу боп бар қайғым,

Байи да алмай, бар бола алмай қартайдым.

Осылардың жабылса егер барлығы,

Осал емес екем деп те марқайдым.

 

Көп болған соң қолтықтасым, қолдасым,

Күншілдердің білем түбі оңбасын.

Бар да болмай, бай да болмай өтейін,

Тек тілегім – жүрек кедей болмасын!

 

Өзің емес, ұзын болса көлеңкең,

Өштессе де болады олар өле тең!..

Қарт ата-анам қарапайым күн кешкен,

Кедей болып бекер өткен жоқ екен!

 

Жалғыз Молдабай

Өмірдің өтіп кетті бар қызығы,

Көңілде, көкіректе қалды ызыңы.

Қинады өмір сені жалғыздықпен

Ибалы Иба – әженің жалғыз ұлы.

 

Қыздар бар қияларға ұшып кеткен,

Ұлдар бар ұясында пісіп, жеткен.

Бірақ та сен, жалғызсың, беу Молдабай,

Жеңетін жалғыздықты күшің кеткен…

 

Немере, шөбере бар шүлдірлеген,

Кей-кейде жалғыздықты білдірмеген.

Соларды мәпелейсің күні-түні,

Маздайсың қызыл шоқтай күнде үрлеген.

 

Дос та бар, құрдас та бар қолтықтаған,

Дейді жұрт, сірә, сені «ең мықты адам».

Ішіңде не жатқанын қайдан білсін?

Жалғыздық жан-жүрегін толқытпаған.

 

Бүгінде кімге керек ондай дерек,

Түбінде тал өсе ме болмай қорек.

Қаншама жапырағың жайылғанмен,

Жапанда жалғыз өскен сен, Бәйтерек!

 

Ойлайсың әр нәрсені жатып, тұрып,

Ойпырым-ай, осы ма еді бақыттылық?!

Жетпейді Зояның зор махаббаты,

Өтпейді зымыраған уақыт күліп…

 

Зояның жүрісі есте мамырлаған,

Жәннатын жарық қылсын қабірде оған.

Жан достың жанға батып жалғыздығы

Жыр берген тәбәрік қып тәңір маған.

 

Көрмесе осыны Алла!

Ояу қалай?!

Тағдырың түрлі-түсті бояуға бай!

Жалғыздық жарасқан тек Жаратқанға,

Ал, саған жараспайды, о, Молдабай!

 

Аппақ  ай

Аппақ ай туды алдымнан,

Айналып келмес шақтар-ай,

Айналдым сол күн тағдырдан,

Тіл-көзден құдай сақтағай!

Алдымнан шықты шуақ күн,

Шуаққа сол бір жылындым,

Махаббат деген бұлақтың,

Бал дәмін сонда ұғындым.

 

Алдымда тұрды күткенім,

Осы ма бақыт дегенің?!

Басталып едің – бітпедің,

Білер тек құдай себебін…

 

Жаңбыр да жаумас мұндай көп,

Тәттіні қанша татамын?!

Осыны ұзақ қылғай деп,

Күбірлеп күнде жатамын.

 

Ақтан

Бір жер бар біздің жақта Ақтан деген,

Танымас табиғатын тап келмеген.

Жаз болса жарқыраған Ақ Жайығы,

Қыс болса көмкерілген ақ қарменен.

 

Тағдырдың көрсем-дағы әрбір сынын,

Ақтанда қалғандай ма бар мұң-сырым.

Қақаған қыста құдық қатып қалып,

Қайнатып ішуші едік қардың суын.

 

Әуестік жоқ еді онда жылтырақпен,

Қаншама қысты өткіздім бір тымақпен.

Төбесі тозған үйім томсаратын,

Тұтасып бір алаша, бір тулақпен.

 

Көктемге жету сонда арман еді,

Талығып талайлардың тарлан өңі.

Қазанда қыстан қалған сарсем сүйек,

Мазаңда май ішкендей қайнар еді.

 

Қиялдап қол жетпесті қиырдағы,

Жүрсең де, болады екен бұйырғаны.

Алдыңда – алатаңнан өрген бұзау,

Совхоздың сары жамбас сиырлары…

 

Жаз болса жалаңаяқ жүгіретін,

О, Ақтан, көз алдымда сүгіретің!

Қаншама қайырылам деп оқталсам да,

Қойғанмын келтіре алмай бір ретін.

 

Ал, міне, қартайғанда келіп тұрмын,

Көңілді баяғыша еліктірдім,

Балшықты белден кешіп, балпақ қуған,

Балалық шақты сенен жолықтырдым.

 

Өткеннің естелігі қалды ескіріп,

Жеткенім осы күнге жанкештілік.

…Әнебір қора жақтан тұрғандай ма,

Сауыншы апалардың дауысы естіліп!

 

Қарғалы

Барайық, қалқам, «Қарғалы»жаққа,

Ақ жұпар шашқан алмалы баққа.

Жаныңда мәңгі жүрсем деуші едің,

Жеткізбейді екен арман, бірақ та.

 

Көгілдір аспан күлімдей қарап,

Бал-бұл сезімі білінбей тарап,

Қасыңда мас боп жүретін едім,

Ішкен-жегенім шәрбат пен шарап…

 

«Қарғалы» қалың орман-тоғайлы,

Ғашық жандарға болған қолайлы.

Шайқалып жүріп шайтан қаққандай,

Шатастырып алғам күн менен айды…

 

Болатындардың бәрі болғанда,

Сен қалып қойдың қалың орманда.

Күн деген кезім түндей түнеріп,

Адасып кеттім таулы жолдарда.

 

Шашылып кетті шалқар өлеңім,

Сол шашылумен әлі келемін.

Егделеу тартып есімді жидым,

Қ-а-ш-а-н еді сені… «қалқам» дегенім?..

 

Қызығым қалды «Қарғалы»жақта,

Қызылың бетте жанған уақытта.

«Қалқажан», енді қалқайып тұрсың

Тарихтан там-тұм тамған шуақта…

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*