Күмбір қаққан қазақ күйлері Стамбул мен Вена сахналарын тебірентіп тербетті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру аясында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі гастрольдік сапармен Түркияның Стамбул және Аустрияның Вена қалаларында болып қайтты.

????????????????????????????????????

Ұлттық мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстыруды мақсат еткен өнер ұжымы алдымен ат басын Мәрмәр теңізінің жағалауында орналасқан Стамбул қаласына тіреді. Тұрғылықты халқы 15 миллионнан асатын алып қала Босфор бұғазының қос жағалауына жайғасыпты. Сонымен қатар, ол бұғаз – Азия мен Еуропаны байланыстыратын су торабы болып саналады екен. Кезінде Византия, Жаңа Рим, Константинополь аталған шаһар бүгінгі күні Еуропадағы сәні мен салтанаты келіскен мәдениет ошақтарының бірі болып танылады. Мұнда жергілікті халықтың мақтанышы мен көз қуанышына айналған, келуші қонақтарды әдемілігімен тамсандыратын әйгілі Румелихсор, Анадолухисар қамалдары, Топкапы, Еребатан, Долмабахче сарайлары, Сұлтанахмет, Сүлеймен, Баязит, Шехзада мешіттері орын тепкен. Қала символдарының біріне айналған Айя София мешіт-музейі VI ғасырда алдымен византиялықтардың православтық шіркеуі болып, артынан елді мұсылмандар билеген кезде мешітке өзгертілген. Қазіргі кезде ол өткен ғасырлардан сыр шертетін бірден-бір жәдігер саналады.

Осындай мәдениет және сәулет өнерлерінің жауһарлары шоғырланған мекенге аяқ басқан атыраулық өнерпаздар өздерінің шығармашылық қойылымдарын қаладағы Бейоглу ауданында орналасқан «Гранд Пера» концерт залында көпшілік назарына ұсынды. Ұлттық өнерімізді тамашалауға келген мол көрерменнің негізін жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері мен олардың таныстары құрады. Концерт алдында атыраулық өнерпаздар делегациясын бастап келген Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева сөз алып, ақжарма тілектерін білдірді. Оркестр сілтідей тынған көрермендерге алдымен Түркештің «Көңілашарын» ұсынды. Онсыз да сиқырлы сәнге бөленген сахнаны ұлттық нақышта киінген өнер иелері қаумалаған кездегі әсем көріністі сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сазды әуеннің ырғағына тербеліп отырған орындаушылар Ақ Жайықтың ерке толқынын көз алдарына әкелгендей әсерге бөледі. Республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты Сая Жұмашева дирижерлік еткен оркестр одан әрі Қуаныш Жұмағалидың «Шаттық даласы», Ермұрат Үсеновтың «Шыңырау құс» шығармалары мен халық күйі «Көроғлыны» орындады. Қос ішекті домбыраның шанағынан шыққан шалқыма күйлерге таңырқай тамсанып отырған жұрт одан соң Естай Бер-кімбаевтың «Қорлан» әніне құлақ түрді. Әнді нақышына келтіріп айтқан солист Айбар Ғаниұлы тыңдармандарының зор ықыласына бөленді. Бұл әннен соң ол жиналғандарға Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнін орындады. Қазақ халық аспаптар оркестрі бұдан әрі атыраулықтардың сәлемдемесі ретінде Еділ Құсайыновтың «Атырау – алтын орда» еңбегін орындап, оның жалғасы Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен құралған попурриге ұласты. Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» күйін солистер Шәрипа Жәменова, Жанат Молдағалиева, Айнұр Сакуповалар бірлесе домбырада төгілткенде тамаша орындалған шығармаға тәнті болған көпшілік ұзақ уақыт аяқтарынан тік тұрып қошемет білдірді. Ал, күй атасы Құрманғазының «Адай» күйі күмбірлеген кезде тыңдармандардың жүздерінде ерекше толқыныс байқалды. Одан соң өнер көрсетушілердің дирижерлік тізгінін оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Ержан Қитаров қолына алып, оның бастауымен Құрманғазының «Серпері» мен халық күйі «Қоңыр», Евгений Брусилов-скийдің «Қос қарлығаш», «Боз айғыр» шығармалары орындалды. Сондай-ақ, қалың көрермен Франц Легардың «Джудитта» операсынан «Джудитта ариясын» жоғары дәрежеде шырқаған республикалық конкурстың лауреаты Ардақ Айғалиеваға ыстық ықыластарын білдірді. Ал, сахна төрінде Моцарттың «Түнгі кіші серенадасы» мен Джоккино Россинидің «Севильский цирульник» операсына увертюра орындалғанда тыңдармандар классикалық музыканың ұлттық аспаптарда шебер орындалғандығына таңданыспен қарады. Түрік ағайындар сонымен қоса түрік әндеріне жазылған попурридің орындалуына ерекше сүйсініс білдірді. Оркестр Стамбул төріндегі концертін соңынан орындалған Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерімен түйіндегісі келген, алайда көпшіліктің сұрауымен Құрманғазының «Адайы» қайта күмбірлеп, мәдени кештің нүктесін қойды. Ұлттық мәдени мұрамыздан рухани азық алып, мол қазынамыздан сусындаған түрік ағайындар концерт соңында зор ілтипат білдіріп, өнерпаздарды шоқ гүлдермен көмкеріп тастады.

????????????????????????????????????

Өнер ұжымы Стамбул қаласынан ұшақ арқылы Дунай өзенінің бойында орналасқан Аустрияның астанасы Вена қаласына барып қонды. Вена қаласы БҰҰ-ның Нью-Йорк және Женевадан кейінгі үшінші резиденциясы саналады екен. Ішкі бөлінісі 23 округтен тұратын қаланың тұрғындар саны екі миллионға жуықтайды. Альпі тауының етегінде орналасқан ажарлы қала – әулие Стефанның соборы, Шёнбрунн сарайы, Хофбург императорлық сарайы тәрізді әсем ғимараттарымен танымал. Музыка мен өнер ордасы және әлемдік мәдениет орталықтарының бірі ретінде белгілі сәулетті де келбетті шаһарда В.Моцарт, Л.Бетховен, И.Штраус сынды атақты композиторлар тұрып, өз өнерлерін күллі әлемге паш етті. Австриялықтардың ұлттық әуендері – Вена вальстері мен иодли әндері бүгінде әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі болып табылады. Осыдан-ақ, Венаны көк күмбезін күмбірлеткен әуен ордасы екенін айқын аңғаруға болатындай.

Бұл қаладағы оркестрдің концерті де Түркештің «Көңілашарымен» басталды. Түркия жерінде қойылған репертуарларына азын-аулақ өзгеріс енгізген өнер ұжымы бұл елде де зор қошеметке бөленді. Атыраулықтар классикалық әуеннің небір керемет туындылары дүниеге келген қаланың талғампаз тыңдармандарына қосымша Поль Морианың «Менуэт», Фриц Крейслердің «Прелюдия және Аллегро» шығармаларын дайындап келіпті. Музыка десе ішкен асын жерге қоятын австриялықтар концерт залына молынан келді. Олардың көпшілігінің тілі де түрі де түркі нәсілене келіңкіремейді. Дейтұрғанмен, олардың арасынан да қазақ бауырларымызды кездестірдік. Бұл қалада жалпы қазақтар саны 100-ден сәл асады екен.

Сахна төрінен қазақтың қоңыр әуезді күйі күмбір ете қалғанда қалың көпшілік әсерлі әуенге шынайы таңырқап, бас шайқап жатты. Оркестрдің сүйемелдеуімен Фриц Крейслердің «Прелюдия және Аллегро» шығармасын Пуньяни стилінде қобыз аспабымен орындаған солист Айжарқын Темірдің өнеріне тәнті болған веналықтар көпке дейін қол соқты. Өнер иесінің құшағы алқызыл гүлдерге толды. Сондай-ақ, Құрманғазының «Адайы» мен «Сарыар-қасы», Нұрғисаның «Махамбеті» орындалған кезде де тыңдармандар тәтті әуеннің тылсым күшіне еріксіз елітіп отырды. Кеш соңында веналықтар сахна төріне шығып, атыраулық өнер ұжымына өз алғыстарын білдіріп, ықылас гүлін табыстады. Болашақта екі ел арасындағы осы мәдени байланыс өз жалғасын табатындықтарына сенімдерін білдірді.

Елімізді, мәдениетімізді, ұлттық әуенімізді жат елге тағы бір танытқан осы бір сапар арқылы өзіміз де қазақ болып туылғанымызға тағы бір марқайып, мақтанып қайттық.

????????????????????????????????????

Толға ИНАЛЕР, Стамбул қаласының тұрғыны:

– Концерт өте жақсы, жоғары деңгейде өтті. Аспаптардың арасында біздің түркиялық «Саз» деген ұлттық аспапқа ұқсайтындары да бар екен. Дирижерлар өз қызметтерін керемет атқарып шықты. Әншілердің дауыстары өте кең , құлаққа жағымды болды. Жалпы, маған қатты ұнады. Осындай концерттерді көбірек көргіміз келеді.

Ертолқын ҒАЙНЕТОЛЛА, Түркиядағы «Қазақ елі» журналының бас редакторы, қазақ диаспорасының жетекшісі:

– «Нарын» ұлт аспаптар оркестрінің біздің жерге келіп концерт бергеніне өте қуаныштымыз. Сіздер келеді дегелі рухымыз тасып, көңіліміз шаттанып жүр. Концерт көңілімізден шықты, «Адайды», «Сарыарқаны» тыңдап көңіліміз шаттанып қалды. Бәрі өте әдемі болды.

Мұстафа ҮМІТ, Түркиялық азамат:

– Концертке келмес бұрын ұнамай қалады-ау деген күмәнім болған. Қазір мүлде басқа ойдамын. Қойылымдарыңыз өте керемет болды. Дыбыстары тамаша бір-екі аспаптарыңыз өте ұнады. Ритмдері бөлек екен. Мүмкіндік болса, күз айларында осы ұжымды тағы бір шақырсақ па деген ойда қалдық.

????????????????????????????????????

Жәния АБАЙ, Венада оқып жатқан қазақ қызы:

– Осындай шаралар болған кезде міндетті түрде қатысуға тырысамын. Себебі, мен туған елімді қатты жақсы көремін, әрі әрдайым мақтан тұтамын. Бүгінгі концертке мен бір топ достарымды ертіп келдім. Олар біздің елдің ұлттың музыкасына таңданыс білдірді. Оларға қатты ұнады. Әсіресе, еуропалық әуендерді өзге аспапта орындау оларға қызықты көрінді.

Қайрат САРЫБАЙ, Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Нарын құмындағы жусанының жұпар исін Еуропаның төріне, Венаның керемет сахнасына қазақтың әуенін, домбырасынан шыққан күйдің күмбірін алып келген «Нарын» оркестріне, Атырау жұртшылығына бас иіп рахметімізді айтамыз. Біз, жырақта жүрген осындағы, қаракөздер, бәріміз еңсеміз көтеріліп, шынымен де қазақтың көне аспаптары Еуропаның да әуендерін қалай паш ете алатынын көріп соған риза болып отырмыз. Осы Еуропада тұрып жатқан азын-аулақ қандастарымыз өз ризашылықтарын айтып жатыр.

Даниэлла ЛИБЕРВЕРТ, Вена қаласының тұрғыны, «Kult Eurasia» мәдени орталығы директорының орынбасары:

– Өзім осы Вена қаласының тұрғынымын. Бүгінгі мәдени шара өте жоғары деңгейде өтті. Біз Қазақстанды экономикасы қарқынды дамыған мемлекет ретінде танитынбыз. Бүгін мәдениеті де жоғары деңгейде дамығанына куә болдық. Домбыраның үні керемет. Штраустың, Моцарттың шығармаларын еш қатесіз, тіпті ерекше орындады. Осы концерттен кейін Қазақстанға міндетті түрде барамыз.

Өз тілшіміз.

Атырау-Стамбул-Вена-Атырау.

Суреттерді түсірген:  Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*