Көктемгі аспан күркіріндей жасырын жыр

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің «Көк Түріктер сарыны» атты шығармашылық кеші өтті.

f9400b95b60c441a4fbe3d83a539739d

Кештің беташары театр ұжымының күшімен қойылған ақынның «Көк Түріктер сарыны» кітабының сюжетімен жазылған сахналық қойылымы болды. Көк Түріктердің пайда болуы туралы аңыз-әпсана негізінде жазылған бұл дастан түркі тілдес халықтардың о бастағы қалыптасуы, мөлдір бастауын еске салатыны ақиқат. Жырдағы бүгінгі таңда ұмытылып кеткен Күлтегін сарыны жас ұрпаққа, оқырмандарға рух, шабыт беретіні даусыз.

Жау шауып, тып-типыл еткен ауылда тек Ана мен оның омыраудағы ұлы ғана тірі қалады. Бүкіл бір тайпа елден қалған сәбиді азамат қатарына қосқан Ана оның бойына жауларға деген ыза-кекті, өшпенділікті сіңіре білген екен. Кейін сол ұлдан болашақтағы түркі тектес рулар мен тайпалар өрбиді. Жырдағы отаншыл рух,  қайрат кез келген жанның жігерін жанып, ұйықтап жатқан арын, қалғып кеткен намысын оятары кәміл.

Кеште сөз алған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Мереке Құлкенов:

– Мен іштей қадір тұтатын ақынның кеші Атырауда өтіп жатыр. Ол ақын — Темірхан Медетбек. Біздің елден бір ақын шыққан. Ол кісі әрі жазушы еді. Басындағы шашы қозы жүніндей бұйраланып тұратын. Ол — Әбу Сәрсенбаев. Әбекең алақанының қызуын көрмеген, жүрегінің жылуын сезінбеген адам жоқ. Соның бірі — Темірхан Медетбек. Әбіш Кекілбаев айтады: «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып жүрген кезім. Бір күні қызметте отырсам, «Әбіш қайда?» деген жаныма жақын дауыс естіледі. Шықсам — Әбекең, Әбу Сәрсенбаев. Қасында – жап-жас, қылдырықтай жігіт. «Мына баланың өлеңін әкелдім. Жараса,  басарсың» деп бір бума қағазды қолыма ұстатты. Көп кешікпей әлгі баланың өлеңдері «Лениншіл жасқа» шықты. Ол Темірхан Медетбек еді».

Сол Әбу, сол Әбіш, сол Қадырлардың ақылымен Темірхан Медетбек Маңғыстауға келді. Келді де өзі Маңғыстауды танып, өзін Маңғыстауға танытты. Жиырма бес жыл бойы сол елдің өз ұлындай болды. Темірхан Маңғыстауға бара қалса, маңғыстаулықтар оны төбеге көтеріп қарсы алады. Ал, Маңғыстаудан бір адам Алматыға келсе, бүкіл туған-туысын көргендей қуанады. Мен Темкеңнің бір өлеңін жақсы көрем. Ол — Жұмекеннің қазасына жазған жыры. Мен оның Тәуелсіздікке арнаған өлеңін жақсы көрем. Мен оның «Маңғыстау циклдарына» жан жүрегіммен тебіренем. Маңғыстауды бұлай жақсы көру тек Темкеңе ғана тән. Ол соңғы кезде бір кітап жазды. «Көктүріктер сарыны» деген. Сонау Моңғолияда екі алып тас бар. Ол – Тоныкөк, ол — Күлтегін. Күлтегіннің сарынын бізге әкелген – Темірхан Медетбек. Айналайын, Темке! Бүгін арқаланып сөз алып тұрсам, оң жағымда — Есенғали, сол жағымда — Светқали, ортада өзің тұрсың. Аман жүр, Темке!

Ағайын-туған атынан сөз алған Еркебұлан Марайымов та кейіпкеріміздің о бастағы қайнар бастауына тоқталды.

– Өткен күнді еске алсақ, біз оңтүстік өңірде, Түркістанда, Сырдың жағасында өстік. Сырды біз «өзен» демейміз, «дария» дейміз. «Оң жағалау, сол жағалау» демейміз, «арғы жақ, бергі жақ» дейміз. Темірханның нағашысы Сырдың ар жағында тұрды. Апам марқұмның айтуынша, ол кісі бас білмейтін бұқаны да мүйізінен алып, қайырып тастайтын көрінеді. Сол нағашыларынан келген алып күш поэзиялық қуатына айналды. Менің Марайым деген атам Жетісайға қыдырып барыпты. Сол жердегі үлкендер: «Елде кім бар, кімдер қалды?» деп сұрағанда, екі адамды  атаған екен. Соның бірі — Темірхан. Ол кісінің үш бірдей ұлы, немерелері, інілері бола тұра, Темірханды атауы, оның болашағынан үміт күткені еді. Ол осы үмітті ақтады,- деп тебіренді.

«Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері, ақын Светқали Нұржанов:

– Жұмекеннің құйрық-қанаты болған інісі Темірхандай жүрегімізге аяулы ақынның кеші өтіп жатыр. Жұмекен ұлы даланың сабырын, Фариза ұлы даланың дабылын жырмен жеткізді. Темірхан сонау Орхон-Керулен бойында тасқа жазылып қалған Тоныкөк сарынын жиырма бірінші ғасырда ұрпақ жүрегіне жыр арқылы егіп отыр. Мені осынау ұлық сапарға аттандырған ағам еді. Содан бері сыйластығымыз үзілген жоқ, – дей келіп, өзінің жүрекжарды лебізін жалынды жыр жолдарымен жеткізді.

Поэзия кешінде мерейгер Темірхан Медетбек сөз алды.

– Он тоғыз жасымда Атыраудың қуатын, рухын сезінген адаммын. Әбу Сәрсенбаев ақсақалға барып, ол кісі Әбіш, Жұмекен, Қадырмен таныстырған. Сол адамдарды аңсаймын. Шіркін-ай, сол кісілердің жүріс-тұрысы, сөзі, киім киісі қандай еді?! Соның бәрі аңсатады. Маңғыстауда жиырма бес жыл жүрдім. Ол кезде Маңғыстау Гурьев облысының құрамында еді. Атырауға талай мәрте жолым түсті. Мені тағдыр Атыраумен өзектес, сабақтас етті. Хамит ақынның 60 жасында Теңіз ауданына, Ганюшкинге дейін барғанымыз есімде. Мен Атыраудың жағасында көп жүрдім. Ол — жетім теңіз. Жетімнің долылығы, бетпақтығы, күрсінісі сұмдық қой. Көкке шапшып жатқан сұрапыл толқынын айтсаңшы!

Жаңа сахналық қойылым болды.  Мына қоғамның сұмпайы, екіжүзділігі туралы өлеңдерім көп жазылды. Соны керемет оқыды әртістер. Баршасына мың алғыс, -деген ақын, өзінің «Атырау теңізі» өлеңін оқып берді.

 

Гулзада НИЕТҚАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*