Көкейді тескен көп ойлар

Қазақстандағы археология саласын дамыту, Атыраудың шынайы Алашордасы, тарихты жазуға әуесқойларды араластырмау, мектеп оқулықтарындағы қойыртпақ, өлкетануды жандандыру, өзге де бұрмаланған тарихи деректердің ақиқатын аршу мәселелері жергілікті тарихшы ғалымдар тарапынан орынды көтеріліп отыр. Соның ішінде археологиялық қазбалардан табылған дүниелерді талдайтын, сараптайтын, баға беретін аналитик мамандардың қажеттігі, әсіресе, медицина тарапынан антрополог мамандар даярлайтын медициналық жоғары оқу орындарынан арнайы мамандықтар ашу мәселесі дер кезінде айтылып отыр деп есептеймін. Тарихтың өзі өткенді зерделеу дегенді білдіретінін ескерсек, ақиқат тарих – археологияда. Сондықтан, бізге осы саланы жандандыру керек.
Пікірталас алаңында Атырау мұнай және газ институтынан келген тарих ғылымдарының кандидаты Болат Нығметовтің тарапынан «… Қазақстан тарихына әлем тарихымен қатар қарау керек. Тарихшы барлық оқиғаға объективті түрде қарауға міндетті. Оны айтып отырғаным, қазір бізде батырды, тұлғаны дәріптеу тенденциясы күшейіп барады. Сол батыр да, қайраткер де халықтың арасынан шықты емес пе? Ендеше, халықтың тарихы неге жеке тұлғалардың тасасында қалуы тиіс?» деген ой айтылыпты. Бұл пікірді түбегейлі жоққа шығаруға болмас. Бірақ, біз батырларымызды білуге тиіспіз. Өйткені, бүгінгідей бейбіт өмірімізге олардың қосқан үлесі зор. Қазақ – қашанда батырларын төбесіне көтеріп, қадірлеген халық. Осыны ұмытпайық, ағайын!
Батырларымызды білмей жүрміз дегеннен шығады. Өткенді саралауға мемлекеттік деңгейде бетбұрыс жасалып жатқандығын ұтымды пайдаланып, Кенесарының бас сүйегін елге қайтарып, арулап жерлеуді міндетті түрде үйлестіруіміз керек. Мұны жасай алмасақ, елдігімізге сын. Кенесарының қазақ тарихындағы рөлі орасан зор. Ол – сирек туылатын тұлға. Осындай батырларымызды бүгінгі ұрпақ біліп өсуі тиіс. Әйтпесе, балаларымыз батыр дегенде «Человек паукті», «Бетманды» атай жөнелетін заманға тап боламыз.
Исатай Тайманұлы. Ана бір жылдары осы өзіміздің облыстық «Атырауда» газет тілшісінің көрші облысқа арнайы барып жазған, арыстан туған есіл ердің бейітінің елеусіз жатқандығы жөнінде мақаласы шықты. Бұл мәселе одан кейін орталық газеттерде де көтерілді. Бірақ, нәтиже болмады. Соңғы кездері Исатай батырдың сүйегінің сол бейітке жерленгеніне күмән келтірушілер де табылып жүр. Осының ақиқатын анықтап, батырдың бейітін күмбездеп, мәселеге нүкте қоятын кез жетті.
Қазақ тарихында ақтаңдағы әлі күнге толық аршылмай келе жатқан Алаш зиялылары және Алашорда мәселесі болып отыр. Өзі жазушы, өзі ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алаш» атты бірнеше томнан тұратын зерттеу еңбегінен басқа, осы мәселені жеріне жеткізіп, зерттеп жүргендер қатары көрінбейді. Болса да тым сирек. Бір ғана Мағжан Жұмабаевтың көз жұмған жылы турасында қандай дау, қандай пікірталас болып жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осының ақиқаты қайсы деп, тарихшыларға елеңдейді. Міне, осындай ақтаңдақтар аршылып алынуы керек.
Қазақ – мың өліп, мың тірілген халық. Осы сөйлемнің мәнісіне кейде тереңнен үңіле алмайтын сияқтымыз. Олай дейтінім, жиырмасыншы жылдардан отызыншы жылдарға дейін жалғасқан қолдан жасалған аштықтың ақиқаты тиісті межеге дейін ашылмады. Аштық құрбандары туралы деректердің өзі әлі күнге әр жерде ала-құла беріліп келеді. Мәскеу мұрағаттарында қаншама құнды мәліметтер жасырынып жатқан болуы мүмкін? Бұл аз болғандай, аштық құрбандарын еске алатын арнайы дата әлі күнге жоқ. Аштықтан қаза тапқан боздақтарды саяси қуғын-сүргін құрбандарына теліп, бір күнді ғана арнап қойдық. Осынымыз қаншалықты дұрыс? Украина отызыншы жылғы «голодоморды» геноцид деп танып, тарихи бағасын әлдеқашан берді. Біз неге осыны айта алмаймыз? Қолдан жасалған қырғын осындай әрі тарихи, әрі саяси әділетті бағасын алуы тиіс.
Желтоқсан көтерілісі. Қазақ тарихына қанды әріптермен жазылған осынау оқиғаның ақиқаты әлі күнге толық айтылмай келеді. Қазақ тарихын саралауда бұл мәселе де шет қалмауы керек. Әлі күнге біз бұл көтеріліске толық бағасын бере алмай келеміз. Кейде «Желтоқсан оқиғасы» дейміз. Оқиға дейін десек, жастарымыз алаңға ел ертеңі үшін шықты. Қазақтың бақытты болашағы үшін күрес жолында талай тағдыр қыршыннан қиылды. Сонда мұның қай жері оқиға? Желтоқсан қырғынын неге ұлт азаттығы үшін болған көтерілістер қатарына енгізбеске?..
Тарихтың тамыры қашанда тереңде. Бір ғана мақаламен барлық мәселені айтып, қамтып тастадым деуге болмас. Бірақ, осы жайттар міндетті түрде ескерілуі тиіс. Әйтпесе, өткенімізді саралап, тиісті бағасын бермеу – елдігімізге сын.

Нәби СҮЛЕЙМЕНОВ,
еңбек ардагері,
Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*