КҮЙ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

Әрине, күйшінің өрлеу баспалдағы Атырау топырағында басталды. Қаршыға Ахмедиярұлы 1946 жылғы 25 наурызда қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келді. Қолына домбыраны бес-алты жасында-ақ алып, шерте бастаған Қаршыға Ахмедияров бала кезінен бұл аспапқа қызығып өседі. Әкесі Ахмедияр Құрманғазыны көрген, өнерлі адамдармен бірге жүрген, өзі де сері адам болған деседі. Сондықтан,  Қаршыға Ахмедияровтың бойына өнер ең әуелі әкесінен дарыды десек, артық айтқандық болмас.

Жалпы, Ахмедияровтар әулеті кілең өнерпаздардан тұрады. Ұл-қыздары – өнерге жай ғана еліктеп, әуестенушілер емес, күрмеуі қиын нағыз классикалық музыкалық шығармалардың шебер орындаушылары, өнер саласында жас та болса, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған талант иелері. Ұлы Ерболат – Абай атындағы опера және балет театрының симфониялық оркестрдің бас дирижері, қызы Раушан АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы симфониялық оркестрдің бас скрипкашысы. 

Алғашында ауыл баласы мектеп бітірген соң, мал дәрігері мамандығын таңдайды. Арман қуып Алматыға аттанған ол мал дәрігерлік институтында оқып жүрген кездерінде-ақ студенттік кештердің ешқайсысы Қаршыға Ахмедияровтың қатысуынсыз өтпеген.  Күй өнерінен алшақ салада жүрсе де, өнерге талпынған бозбала домбырасын қолынан тастамайды.

Көп ұзамай Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің мүшесі бола жүріп, 1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті атанады. Жеті жылдан соң халық аспаптар факультетін бітіріп шықты. «Өнерлі өрге жүзер» демекші, әрбір адамның өмірде тұлға болып қалыптасуына, біріншіден, тума таланттың ықпалы болса, екіншіден, басқа бір өнер саңлағының әсер ететіні хақ. Сол кезде профессор Құбыш Мұхитов (әнші Мұхиттың ұрпағы), әйгілі домбырашы Қали Жантілеуов және танымал дирижер Шамғон Қажығалиев оның шығармшылық жолының қалыптасуына үлкен ықпал тигізді. Сондай-ақ, Нұрғиса Тілендиев, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев сияқты шеберлерден де көп нәрсе үйренді. Бойдағы талант пен еңбектің ұштасуынан ұлы композитор-дирижер дәрежесіне жетті.

1986-1988 жылдарда Мәскеу қаласында Жоғары дирижерлік курста білімін жетілдіріп, 1967 жылдан бастап оркестрде домбырашы, концертмейстер, жеке домбырашы әрі көркемдік кеңестің мүшесі қызметтерін атқарады. 1974 жылдан Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысады. 1994 жылдан профессор, 1996 жылдан домбыра кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеген. Қаршыға Ахмедияров ұстаздық қызметінде жас өнерпаздарды күй өнеріне баулып, домбыра тартудың қыр-сырын үйретті. Ол шәкірттерінің арасынан бірнеше шебер күйші-орындаушыларды тәрбиелеп, өзінің дәстүрлі мектебін қалыптастырды.

Құрманғазы мен Дина туып-өскен топырақтан нәр алған домбырашы аса дарынды күйші ретінде елге танылып, халықтың шексіз ықыласына бөленді.

«Оның қолынан өмір бойы домбырасы түспейтін, үнемі ізденіп жүретін. Тағы бір айта кетерлік қыры ол – дирижерлігі.  Күйдің бір ерекше қасиеті – басқа ешбір музыкаға ұқсамайтын өзіндік иірімдері болады. Оны күйшіден басқа адамның игеруі өте қиын. Осы жағынан келгенде Қаршекең өте шебер дирижер еді», – деген еді өзінің бір естелігінде күйші, ҚР Мәдениет қайраткері Біләл Ысқақов.

Осы қасиетінің арқасында Қаршыға Ахмедияров 2009 жылы Алматыда 640 домбырашының басын қосқан еді. Осыншама адам бір мезгілде бір күйді күмбірлетіп, бүкіл әлемді таңдай қақтыртты. Бұл айтулы оқиға Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Оның орындаушылық шеберлігіне АҚШ, Жапония, Франция, Куба, Швеция, Италия, Финляндия, Үндістан, Швейцария, Норвегия, Польша, Португалия, Чехия, Венгрия, Йемен, Ангола және басқа да көптеген елдердің көрермендері зор ықыласпен қошемет білдірді. Белгілі музыка мамандары оның өнерін өте жоғары бағалады. Ол домбыраның үнімен өз елін ғана сусындатып қойған жоқ, сол аспаптың таңғажайып қасиетін әлем елдерінде теңдесі жоқ шеберлікпен сөйлетіп, таңдандыра алған санаулы дүлдүлдердің бірі екендігін, міне, осыдан да көруімізге болады.Қ.Ахмедияровтың репертуарында халық композиторларының шығармалары бар екені белгілі. Ол өңдеген халық композиторларының және қазіргі композиторлардың шығармаларын концерттерде жиі естіп жүрміз.

Ел жадында ол дарынды домбырашы, дәулескер күйші ретінде ғана сақталған жоқ, сонымен қатар, композитор ретінде де жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Оның «Шашақты найза, шалқар күн», «Шынар», «Табыну», атты күйлер жинағы елден лайықты бағасын алды.

Қазақтың күй өнерінің ақталуы үшін ірі еңбектер қалдырды. Қаршыға Ахмедиярұлының «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Атамекен», «Атырау», «Ақ қайың», «Желдірме», «Қайран әке», «Жырау», «Ғазиза», «Қазанғап Ақжелең», «Шамғон Ақжелең», «Раушан гүлім», «Би», «Алтын ұя», «Шабыт», «Елбасы», «Нұрғиса», «Құрдастар» және тағы басқа бірнеше белгілі күйлері қазақ халқының рухани қазынасына қосылған құнды дүниелер саналады. Құрманғазының, Динаның мұралары мен Махамбетке арнап жеке-жеке еңбектер жазды. Мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, «Парасат» орденімен марапатталған.

Қаршыға Ахмедиярұлы қос ішекті домбыра арқылы қазақтың құдірет өнері – күй өнерінің бағын ашып, байлығын еселей алған, өрісін ұзартып, өресін биіктете алған санаулы саңлақтардың бірі. Ел арасында «Қаршығаның домбырасы», «Қаршығаның мәнері», «Қаршығаның мектебі» деген ұғымдар қалыптасты. Бұл –халықтың өнер шеберіне деген сүйіспеншілігі, ықыласы. 

«45 жыл қатар жүрдік»

Орақ ЖАУЫРОВ, Д.Нұр-пейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері:

– Қаршыға дүние салғанда, өмірден ең бір қимас адамым кетіп бара жатқандай сезіндім. Біз саналы ғұмырымызды бірге өткізген едік. Құрманғазы атындағы оркестрге бір мезгілде келдік. 45 жыл жолдас, дос болып, аралас-құралас өмір сүрдік.

Құдай қосқан қосағы Нұрбике Сарайшық ауылының қызы еді, екеуіміз бір сыныпта оқығанбыз. Қара домбыраға тіл бітірген дәулескер күйші, исі қазаққа мақтаныш болған Қаршекең өмірде өте қарапайым болатын. Тума-туыс, ауылдастарының қамын ойлап, үнемі қарасып жүруші еді. Алғашқы кездескен сәттен бастап, Қаршығаның домбырашы, күйші ретінде өсу жолы менің көз алдымда. Шашасына шаң жұқтырмайтын ғажап күйші еді… 

«Жүрегі оның «Атырау» деп соқты»

Нұрбике Ахмедияр келіні:

– Алғаш рет домбырада ойнайтын қыз-келіншектердің Дина Нұрпейісова атындағы «Алтын домбыра» байқауын ұйымдастырып, «Қазақтың мың бір күйі…» деген атпен еңбегін баспаға әзірлеп, Алматының орталық стадионына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 мың домбырашыны жинап, ортасына кәсіби ор-кестрлерді отырғызып, Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай» күйлерін тартқызып, оны тікұшақпен киноға түсіріп, шапқылап жүрді. Бар арманы дүниежүзіне қазақтың кім екенін таныту болды. «Шіркін-ай, тіпті Азиадаға да 2000 домбырашыны шығарсам, спорт пен өнер егіз екенін әлемге мойындатсам» деп аңсайтын.

Оның жаны жақсылыққа құштар еді, осыншама жыл қатар жүргенде оның біреуді ренжіткенін, не болмаса, замандастары туралы ғайбат сөз айтқанын естімеппіз. Қаншама өнеріне қиянат көрсе де кешірімшіл еді. Домбырасының пернесін қағып жібергенде ол бәрін ұмытып, рахат күй кешетін.

Қолына домбыра ұстаған қазақтың әрбір қара баласын үкілеп, бәйгеге қосатын, талай шәкірттерінің бағын ашқанын олар да ұмытпаған шығар… Атыраудың Қаршығаның өмірінде алатын орны ерекше еді. Өмір бойы «мен Атырауға қарыздармын», «Туған жерім – Атырауым» деп елеңдеп, «Атырау» деп ән шығарып, «Атырау» деп күй шығарып, соңғы демі де Атырауда үзілді.. 

«Күйдің құдіретінде шек жоқ»

«Айдаһарды арбаған, боз інгенді иіткен, аққуды көлге қайырған – күйдің құдіреті. Айта берсе, күй туралы аңыз көп. Мен болған оқиғаны айтайын. Әнші Нұрғали Нүсіпжанов екеуімізді қырғыз достарымыз қонаққа шақырып, саяжайға алып барды. Нұрғали ән салды. Мен Құрманғазының «Серпер» мен «Сарыарқасын», Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйлерін тарттым. Үнтаспаға жазып алды. Кейін білдік, олардың жеке фермалары бар екен. Жылқы өсіреді, сауын ұйымдастырады. Биелер күйге елітіп, ұйып, иіп тұрады екен. Иіген соң қымызды да мол беретін көрінеді. Міне, күй құдіретінің бұл да – бір дәлелі. Сол құдіретті күйді ел игілігіне пайдалану керек…» (Қаршыға Ахмедияровтың 2010 жылы берген сұхбатынан).

P.S. Қаршыға Ахмедиярұлы – шығармашылық жолында қазақ музыкасымен әлемді тамсандырып, күй құдіретін мойындатқан тұлға. Ұлы күйші есімі – еліміз тарихында алтын әріптермен жазылып қалары анық.

Күйшінің мерейжасына орай Атырауда сәуір айында еске алу кеші және облыстық өлкетану мұражайында көрме өтеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*