КҮЙ ӘЛЕМІНІҢ ҚҰЛАГЕРІ

Қас жүйрік еді

Қазақта «домбырашы» және «күйші» деген сөздер бар. Олар домбыраны тарта алатын адамға арналып айтылады. Соған орай екеуінің бір-бірінен айырмасы да жоқ сияқты. Бірақ, түсінген адамға домбырашы басқа, күйші басқа. Алғашқысы аталған аспапта ойнай алады, бірақ күй табиғатына дендеп кіре алмайды. Ал, күйші ол орындалып отырған шығарманың мән-мазмұнын терең түсініп, оның айтпақ ойын тыңдарманға жеткізеді, өзін ләззатқа бөлеу арқылы өзгені де ләззаттандырады, көрерменін, дүйім жұртты өзіне тарта алады. Ал, мұндай қас шеберлер өмірде аз.
Міне, сондай өзім сүйсініп тыңдайтын саңлақтардың бірі, дарабоз күйші, даңғайыр дирижер – Рысбай Ғабдиев.
Мен оны сонау елуінші жылдардың орта тұсы, алпысыншы жылдардың басынан бастап білемін. Таныстығымыз мектеп қабырғасынан басталды. Кейін Алматыда Құрманғазы атындағы академиялық оркестрде примадан концертмейстер кезінде етене араластық. Артынша осы оркестрдің жеке орындаушысы болып, одақтың біраз жерінде өнер көрсетті. Сол кездің өзінде біз оны іздеп жүріп, күй шалғанын қалайтынбыз. Ол шын мәнінде халықтың өз ортасынан шыққан өте шебер күйші еді.
Кейде біз одан «күйші болу үшін қандай қасиеттер керек?» деп сұрайтын болсақ, ол «ең алдымен орындаушының екі қолы да шебер, әсіресе оң қолы бір реттің өзінде 30 күйді еркін орындайтын қуатты болғаны дұрыс. Содан соң күйдің табиғатын түсініп, домбыраны еркін меңгеруі, оның үн шығару қасиеттерін жете ұғынғаны жөн. Яғни, қолтықпен жұмыс істей білгені жақсы және оны тыңдаушыға сездірмей, өте сауатты ойната алғаны дұрыс» дейтін.
Оң қолына домбыра алғанда ешкімге жалындырмай, бірден 8-10 күй – Құрманғазының «Байжұма», «Төремұрат», Дәулеткерейдің «Көркем ханым», Есбайдың «Ел айырған», Динаның «Бұлбұл», Наушаның «Байжұмасын» бірінен соң бірін заулата орындаушы еді. Ал, әлгі айтқан Құрманғазының «Байжұмасы» мен «Төремұрат», Жантөренің «Шалқыма» күйлерін асқан шеберлікпен орындайтын, тіпті осы кезге дейін ондай етіп ешкім де шығара алған жоқ. Егер соған ұқсайтын қағыстар болса, онда Құрманғазы ұлт аспаптар оркестрінің концермейстері Батыржан Мықтыбаевтың орындау шеберлігін айтар едім.
Рысбай күйге Құрманғазының арынын, Динаның орындау шеберлігін алып келді. Оның қолы жүйрік, дауылдап екпіндегенде тыңдаушы да іштен тынып, күй орындалып болғанша демалмастан отыратын. Өйткені, ол еркін отыруға ерік бермейтін, яғни айналасын түгел баурап, табындыруымен ерекшеленетін еді ғой.
Бір қарағанда, ол қазақ күйіне екпін мен жігер, жүйрік қағыстар алып келді. Мәселен, Жантөренің «Шалқымасын» мүлдем жаңа түрге енгізді, «Төремұратты» қайта туғызды.
Оның репертуарындағы орындалатын күйлердің қай-қайсысының табиғаты да аса жігерлі, қиын дүниелер. Бірақ, Рысбай үшін төкпе күйде еш қиын күй жоқ сияқты, бәрі де еркін есіп, жүйтки ала жөнеледі. Керек десеңіз, оның қолына тиген домбыраның да «сөйлемейтіні» жоқ, бейне тура Рысбайға арналып жасалғандай еркін көсілетін. Сірә, бұл оның шын мәнінде күй қағаны, дарабоз дарын екенін білдірсе керек. Сондықтан, оны ұмыту мүмкін емес.

Райхан ҚҰСПАНОВ,
өнер жанашыры,
Индер ауданының Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*