Көңілдерге шуақ шашқан кездесу

«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» музыка колледжінде ақын, аудармашы, драматург, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершумен кездесу өтті. Шараға Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Камила Жапалова, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Гүлмаржан Махамбет қатысты. Жиында Маржан Ершудың қазақ және түрік тілдерінде шыққан «Дина» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Screenshot_16

– Бүгін біздің оқу орнында маңызды шара өтуде. Ақын, аудармашы, драматург, ғалым жерлесіміз Маржан Аманқосқызы ортамызға келіп, күй анасы Дина Нұрпейісова туралы жазған кітабының тұсаукесерін өткізуі – колледж үшін мәртебе. Оқу орнымыздың күй анасының атымен аталатынын ескерсек, бұның өзі – студенттерге нағыз мереке. Қазақ даласында шашасына шаң жұқпаған небір хас таланттар өткен, соның бірі де бірегейі – Дина. Олай болса, аталған кітаптың біз үшін мәні де, орны да бөлек дүние. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп отырған шараның ұстаздарға да, студенттерге де беретіні мол. Маржан Аманқосқызы, Сізге шығармашылық шабыт тілейміз, – деді «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің директоры Гүлнәр Сәдуақасова.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін жасау құрметіне Гүлнәр Мәннапқызы мен Гүлмаржан Махамбет ие болды.

– Маржанды мен студент шағынан білемін. Сол кездің өзінде талантымен жұртшылықты таң қалдыратын. Атырау жұртының гимніне айналған «Атырау-арман» әнін жазды. Бүгінгі келісі мүлде өзгеше. Күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың көзін көрген, күй анасы атанған Дина әжеміз туралы поэма жазып, оны кітап етіп шығарыпты. Өте қуаныштымын. Жастарға да бұл кездесудің берер тәлімі мол, – деді суретші Гүлмаржан Махамбет ағынан жарылып.

Кеш соңында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, аудармашы, драматург, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу кездесуге жиналған өлеңсүйер оқырманға жүрекжарды алғысын айтты:

– Бүгінгі кеште ерекше толқып отырмын. Дина әжеміздің есімін алған колледж оқытушылары мен студенттерінің ортасына келіп, күй анасы туралы сөз қозғаудың жауапкершілігі түсінген жанға өте ауыр. Түркі халықтарына Дина ортақ. Сондықтан, Анкарада Дина Нұрпейісова атындағы саябақ ашылды, енді ескерткіші де қойылмақшы. Осыған орай шығарылған бұл кітабыма енген еңбектерімді түрік тілдеріне де аударды. Қолдарыңыздағы кітаптың бір ерекшелігі, мұнда қазақша нұсқасымен қатар, түрік тіліндегі аудармасы да енген. Жол түссе Түркияда да тұсаукесері өтер, – деді Маржан Аманқосқызы.

Бұдан кейін кездесу «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нде жалғасты. Кездесуді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Қабылов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдығы аясында ұйымдастырылған жиында ақын, аудармашы, драматург, ғалым жерлесіміз өзінің қолы жеткен табыстары туралы әңгімелей келіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Соңғы кезде «Ертегі терапия» деген кітап жаздым, қазір ол кітап баспада. Ертегі терапия – біздің ұлттық кодымыз, рухани құндылығымыз. «Маржанның ертегілері» деген кітап шығару да жоспарымда тұр. Баланы кітапқа жақындатудың бірден-бір жолы – ертегі айту. Менің ата-анам мұғалім болғандықтан, бала психологиясы туралы көп ойландым. Халықтық педагогикадағы ертегі айту үрдісі өзгермеуі тиіс. Бұл – ұлттық тәрбие әдісі.

Оқырмандардан айырылып қалмау үшін ұлттық педагогиканы пайдалана отырып, балаға ертегі оқып, кітапқа қызықтыруға тиіспіз. Алдағы уақытта «Қожанасыр жырлайды» деген аударма кітабым шықпақ. Түркиядағы Ескі Шеһир деген жерден Қожанасырдың бейітін көрген едім. Біздің қазақта Қожанасыр туралы аңыз бар, бірақ, өлеңмен жырлаған түрі жоқ. Түрік ақынының бұл кітабын аудару маған оңай болмады. Бірақ, өте қызық кітап дүниеге келді. Суреті, тілі жақсы екенін оқығандар айтуда. Қазір әлемге танымал түркітанушы ғалым Қоңыр Иштван Мандоки туралы кітап жазу үстіндемін. 

Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы поэма жаздым. Хиуаз апаймен телефон арқылы тілдестім. Поэмамды жазып болған соң барамын жүрген едім, үлгере алмадым. Ерік Құрманғалиев туралы кітап шығардым.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұханбетов ақын Маржан Ершуды «Хиуаз Доспанова» медалімен марапаттады.

Алғаш «Ерік» деп аталған, кейін «Коммунистік еңбек» деп жалғасқан облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 95 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата аясында ақын, драматург, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Аманқосқызымен кездесу өтуде. Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов сынды әдебиетіміздің классиктері сияқты Маржанның да алғашқы өлеңдері біздің газетімізде жарық көрді. Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Аманқос Ершуов сынды біртуар тұлғалар қызмет еткен аймағымыздың айнасы ұрпақ сабақтастығын назарда ұстап келеді. Көптеген жас ақындардың да тұсауы бізде кесілді. Мәселен, жақында Еркеназ Ғалижан есімді жас ақынның өлеңдерін жариялап, сәт сапар тіледік.

Алғашқы өлеңі «Атырауда» жарық көрген Маржан Ершу бүгінде біздің мақтанышымызға айналды. Қош келдіңіз, шалқар шабыт тілейміз, – деді облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов.

Атырау облыстық балалар кітапханасында да Маржан Аманқосқызымен оқырмандар кездесуі өтті. Балаларға арнаған ертегілерін жас өрендерге базарлық етіп әкелген ол ертегі жазуға мұрындық болған жағдайды әңгімеледі.

– Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 2001 жылғы Гран-при иегері атанғаннан кейін Астанаға ауысқан болатынмын. Сол жылдарда ертегі жаздым. Қазір сол ертегінің бірін оқып береді, – деді Маржан Ершу жас оқырмандарға.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық драма театрының актрисасы Анета Баетова Маржанның «Тас пен тасбақа» ертегісін оқып берді. Ертегі балаларға қатты ұнады. Анета Баетованың оқуында ақын ертегілерінің кітап-дискісі баспаға дайындалу үстінде.

Болат Қохамановтың әуеніне жазылған Маржан Ершудың «Бөбек», «Атырау-арман» әндерін Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Дарын» ер балалар хоры орындады. Аталған өнер ұжымының жетекшісі – Алтын Жұматина.

Жиыннан үлкеннің де, баланың да алатын тәлім-тәрбиесі мол. Туған жеріне келген ақынның әр кездесуі көңілдерге шуақ сыйлады.

Гүлзада Ниетқалиева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*