Ізгілік іздері

Жыл басынан бері жат ағымның шылауына ілінген 200 азаматпен жеке кездесу өткізген имамдар, 20 адамның дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына оралуына ықпал еткен. Бұл туралы бізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров хабарлады.

580790_1426070918

«Жат ағымдармен күрес мәселесі бойынша, жамағатпен жеке кездесулер, «Ақида», «Фиқһ», «Сира» пәндері бойынша медиа-уағыздар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Елімізге танымал бірнеше исламтанушылар да түрлі тақырыпта дәріс оқуда» деді ол.

Жергілікті мешіттер жанынан ашылған сауат ашу курстары аясында, «Құран әліппесі», «Тәжуид», «Ақида», «Фиқһ», «Ислам ғибадаты», «Ислам әдебі» пәндерінен дәріс берілуде. Сонымен бірге, аптада бес күн кешкі сауат ашу жұмыстары жолға қойылған.

Айта кеткен жөн, аудан имамдары мен молдаларының діни сауаттарын арттыру мақсатында, «Иманғали» орталық мешітіне қарасты Діни сауат ашу орталығында екі айлық курстар да ұйымдастырылды. Келушілер жатақхана, үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, күні бүгінге дейін алпысқа жуық ауыл молдалары діни ілімін толықтырды.

Қайырымдылық – мешіттердің екінші атауына айналды десек те болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты облыстағы 29 мешіт тарапынан, «Қарттар үйіне», «Қазақ соқырлар қоғамына», Атырау мұнай және газ технологиялық колледжі студенттеріне, «Атырау қалалық мүгедектер қоғамына» ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, мүфтиятқа қарасты жоғары және орта оқу орындарында білім алып жатқан атыраулық шәкірттердің оқу ақылары да  негізінен жергілікті мешіттер тарапынан төленуде.

«Әлеуметтік жағынан әлсіз топтар да назардан тыс қалған емес. Мәселен, «Мәуліт» мерекесіне орай, 500 отбасыға азық-түлік және киім-кешектер  үлестірілді. Жетім шәкірттерге қысқы-жазғы аяқ киімдер, спорттық формалар алынды. «Мектепке жол» акциясы аясында, 500-ге жуық отбасының балалары қала, аудан мешіттерінің жұмылуымен қажетті киіммен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді» дейді  орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.

Білгеніміздей, Рамазан айы кезінде, жалпы саны 250 адамды құрайтын әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға, зағип, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты және көп балалы аналарға қайырымдылық пакеттері үлестіріліп, 2000-ға жуық отбасыға құрбандыққа шалынған мал еті үлестірілген.

«Жыл ішінде мұқтаж жандарға жалпы саны 6 миллион 583 мың теңгеден аса қаржылай қолдау көрсетілді. Иманның бір кілті қайырымдылықта десек,  тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған азаматтарға қолдау көрсету – парызымыз. Кез келген сауапты амалдың мол ризықпен  қайта оралатынын ұмытпауымыз керек» деген облыстың бас имамы Батыржан Мансұров, келер жылы да мешіттердің ағарту саласымен бірге, қайырымдылық мәселесін ерекше назарда ұстайтынын атап өтті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*