«ІЗ ТАСТАП АҚҚАН ЖҰЛДЫЗДАР»

Мен республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың және Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының үш мәрте лауреаты Ө.Әлімгереевтің жазғандарын қадағалай оқып жүретіндердің бірімін. Бұл жолғы жазғаны он тоғызыншы кітабы екен. Ұлт руханиятына бейқам қарамайтын көпшілік қауымға арналған кітап үш тараудан тұрады.
«Алаштағы аңыздар» деп аталатын алғашқы тарауын оқығанда көне Сарайшық, айдынында қазы қаңқылдап, аққуы сұңқылдаған Секеркөл («Аққу көлі»), ондағы су бетін сыза жылжыған алтын қайықтағы ханның сұлу қызы Сүйінбике, оның кенеттен дүние салып, құпия жағдайда жерленуі көз алдымызға келеді. Осынау бір шап-шағын аңыз-әңгіменің бояуы бөлек, әуен-ырғағы ерек. Автор баяндамайды, әңгімелейді, сөзбен сурет салады, көзге көрсетеді. Нендей құбылысты болмасын, өз шырай-реңімен мөлдіретіп алдыңа тосады.
Жазушы өлкеміздің аңызға айналған қадау-қадау тұлғалары жайында қалам тербепті. Ал, аңыз белгілі бір тарихта болған адамның іс-әрекетіне байланысты туатыны белгілі. Кейіпкердің айтқан сөздері мен іс-әрекеті туралы әуелгі шындыққа қоспалар қосылып, түрлі лақап сөздер біртіндеп аңызға айнала береді. Оны әңгіме, жыр етіп біреуден біреу жаттап алып, кейінгі ұрпаққа жетіп отырған. «Із тастап аққан жұлдыздардағы» кейіпкерлердің іс-әрекеттерінде аңызбен астасатын тұстары баршылық.
«Ауылдағы абыздар» деген тарауда Пір Бекет, Сейіт баба, Шыныбек әулие, Сибағат, Қарабала, Сарай шеше туралы очерк-эсселер берілген. Аңызға айналған тұлғаның бірі – Тазмолда (Сардар баба). Ол – атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың аруақты атасы, көріпкелдік, емшілік қасиетімен ел ішінде үлкен беделге ие болып, «Тазмолда әулие» атанған адам, кезінде белгілі Бекпембет бидің дәруіші болған. Бекпембеттің ұлы Шолтырдың әйелі босанған соң, сәбидің кіндігін кесуді бидің өзі Тазмолдаға ұсыныпты. Сонда Тазмолда: «Мынау бір маңдайы жарқырап туған ұл екен, бағымы келіссе, баянына шүбә жоқ. Бір өзінде біраз қабілет бар, ел бастар ерке, көш бастар серке, ауыздыға сөз, ауылға көз болар азамат қой. Тфә, тфә! Тіл-көзім – тасқа! Бақытты бол, бауырым!» – деп кіндігін кесіпті. Сол бала кейін елге мәшһүр Мақаш әкім атанған.
Кітаптың соңғы тарауында («Жапандағы жалғыздар») ұзақ жасап, көпті көрген дария көңілді абыз ақсақалдар туралы, тағдыр талайы, дүниеге көзқарасы бір-біріне мүлде ұқсамайтын адамдар туралы очерк-эсселер топтастырылған. Бәрі де бірінен бірі өткен қызық, тағылымды, тартымды жазылған.

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*