Исмаил ЭЛЬМА, «Білім-инновация» лицейінің директоры: «Ағылшын тілі – ғылымның тілі»

Қазақстанның білім беру жүйесінде «Білім-инновация» лицейінің орны ерекше. Жүздеген қазақ балалары осы оқу орнын бітіріп, әлемдегі шоқтығы биік оқу орындарына оқуға түсуде. Атырауда да аталған оқу ордасы көптен бері жұмыс істеп келеді. Жетістігі де аз емес. Небір олимпиада жеңімпаздары мен «Алтын белгі» иелері осы лицейден шыққан. Білім ошағы жайлы оқырмандарға таныстыру мақсатында лицей директоры Исмаил Эльманы әңгімеге тартқан болатынбыз.

????????????????????????????????????

– Қай елдің де болашағы – өскелең ұрпақ. Ата-аналар да сол себепті баласының ертеңіне алаңдайтыны ақиқат. Осы орайда жұртшылық арасында «Білім-инновация» лицейінде оқыту жүйесі Түркияның оқу жүйесіне ұқсас» деген пікір қалыптасқан. Осы қаншалықты шындыққа жанасады?

– Дұрыс айтасыз, ұрпақсыз келешекті елестету мүмкін емес. Бүгінгі шәкірттер – ертеңгі ел экономикасын өрге сүйрейтін азаматтар. Осы талап тұрғысынан алғанда да жастардың білім игеруіне алаңдаған өте дұрыс деп есептеймін. Иә, біраз жылдан бері Қазақстанда, Атырау өлкесінде қызмет жасап келеміз. Дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей жұмыстар атқарып жүргеніміз баршаға аян. Қай кезде де қызмет жасаған соң соңыңда жақсы із қалдырған дұрыс. Біздің мақсатымыз – әлемдік деңгейге жету. Оқытқан шәкірттеріміз анау Америка мен Ұлыбританиядағы озық университеттерде білім алса, нұр үстіне нұр. Осы мақсатқа жету үшін біраз еңбектеніп, маңдай терімізді төгуге, ойланып, талай түндерді ұйқысыз өткізуге тура келгені жасырын емес.

Түркияда білім беру жүйесі көп уақыттан бері батыстық үлгіде дамып келеді. Біздің лицей де әлемдік оқу жүйесіне ұқсас десем, дәлірек айтқан болар едім. Оқу бағдарламасы да осыған сай жасақталып отырады.

– Қазақстанда орын алған білім беру жүйесіндегі өзгерістер жұртшылықты алаңдатуда. Ана тілін дұрыс білмейтін, тілі жаңа шыққан бүлдіршінге балабақшадан бастап үш тілді меңгеруді енгізіп жатырмыз. Осы мәселеде сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Білім беру жүйесі қатып қалған догма емес. Заманның ағымына қарай ол өзгеріске ұшырап отырады. Бүгінгідей жаһандану заманына жұтылып кетпес үшін адамзат баласы біліммен қарулануы тиіс. Әрбір ұлт өз дәстүрі мен салтын сақтай отырып, жаһандануға ілесуі керек. Әрине, ол үшін ұрпағымыз соған сайма-сай, білімді, бірнеше тілді меңгерген болса, құба-құп. Осыған орай, жасалып жатқан реформаларға түсіністікпен қарасақ екен.

«Білім-инновация» лицейі үш тілдік жүйені 25 жылдан бері жүргізіп келеді. Мысалы, біздің лицейде биология, математика және басқа пәндер таза ағылшын тілінде өткізіледі. Себебі, ғылымның тілі – ағылшын тілі. Бірақ, балабақшадан бастап жаппай үш тілді үйрету дегеніміз асыра сілтеушілік болады. Өйткені, былдырлап тілі жаңа ғана шыққан сәби ең алдымен, ана тілінде таза сөйлей алғаны жөн. Ата-аналар осыған көңіл бөлсе екен. Өз ана тілінде сайрап тұрған бала өзге тілді еркін меңгереді.

????????????????????????????????????

– Көптеген мектептерде ағылшын тілін білмейтін мұғалімдер жұмыс жасайды. Олардың бәрі ендігі жерде ағылшын тілін үйренуі керек. Пәндік жүктемемен бір қолын екі ете алмай жүрген мұғалімдер қалайша ағылшын тілін меңгереді? Осы дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Бүгінгі заман ағымы қайткенде де бірнеше тіл меңгеруді талап етеді. Тіл білген баланың қор болмайтыны, әйтеуір қай жерде де нанын тауып жейтіні айқын. Әлбетте, ең алдымен мұғалімдердің ағылшын тілін үйренуіне жағдай жасап алу қажет. Ең әуелі ағылшын тілінде сабақ беретін аз ғана мектептер ашылғаны дұрыс. Мысалы, біздің Атырауда ағылшын тілінде сабақ беретін оншақты мектеп ашылса жеткілікті. Қазір ағылшын тілінде оқып кете алатын оқушылардың саны да көп емес қой. Ол бірте-бірте ғана көбейетіні анық. Сол сұранысқа сай етіп, мектептің санын арттырып отыру керек. Жас мұғалімдер өзінің пәнімен қоса ағылшын тілін тез игереді. Оларды үйрете берген жөн. Болашақ ашылатын мектептерге ағылшын тілін білетін сол мұғалімдерді алу керек.

Үш тілде оқытамыз деп жүргенде бүлдіршіндерге қазақша үйрете алмай қалмаймыз ба?

– Қазақстанда бұл мәселе өте күрделі тұр. Көптеген отбасы тек орыс тілінде ғана бір-бірімен сөйлеседі. Олар ана тілін, яғни, қазақ тілін білмейді. Ал, мұндай жанұядан шыққан сәби шындығында, өз тілін меңгермейтіні рас.

Түркияда отбасы мүшелері үйде түрікше сөйлеседі. Сол себепті ана тілінің проблемасы жоқ. Бала алғашқы күннен бастап үш тілде оқып кетсе де болады. Кейбір елдерде ана тіліне деген мәртебе жоғары екен. Жапонияда оқушы бала бастауыш сыныпта сабақты тек қана ана тілінде оқитын көрінеді. Сосын жапондар ұлттық дәстүр мәселесін өз алдына жеке сабақ етіп оқытады.

– Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бірақ, «қазақ тілінің бала болашағына қажеті жоқ» деп есептейтіндер де бар. Сондықтан, өзге тілді үйретуге тырысады. Ал, сіздің лицейде бұл мәселе қалай шешімін тауып отыр?

– Айтуыңыз өте орынды. Әр бала ана тіліне деген махаббатты өз өскен ұясынан, ата-ана тәрбиесінен алады. Атаның қанымен, ананың сүтімен даритын бұл сүйіспеншілік біздің лицей шәкірттерінде бар деп сеніммен айта аламын. Біз де  сабақтан тыс кезде қазақша сөйлесеміз. Қазақ тілінің қолданылу аясы кең. Оның үстіне кейбір пәндер қазақша оқытылады.

Қазақтың ұлттық дәстүріне деген көзқарасыңыз қандай?

– Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі ғажап. Қансонарда қыран-бүркітпен, тазымен аң аулау, құда түсіріп, келін алу, беташар, айта берсек, толып жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да ұлттық құндылықтарды ұлықтауға үндейді. Сондықтан, ұлттық дәстүрге деген көзқарасымыз өте жоғары. Өзінің ұлттық дәстүрінен нәр алған оқушы ғана өз ұлтын сүйе алады. Халқын қастерлейтін азамат болып өседі. Оның үстіне қазақ  халқы мен түрік халықтарының ұлттық дәстүрі бірдей ғой. Біз биыл Наурыз мерекесін үлкен той сияқты етіп атап өттік. Дәстүр сабақтастығы дегеніміз де – осы.

Түркия елімен қарым-қатынасты дамыту үшін қандай шаралар атқарып жүрсіздер?

– Түркия мен Қазақстан бір-бірімен туыс, арғы тегіміз өте жақын. Бұрын екі елдің арасын жақындату үшін түрлі шаралар жасайтынбыз. Оқушыларымыз Түркияға барып, ол жақтан бізге келетін еді. Тым жақсы қарым-қатынасымыз болатын. Қазір  саяси жағдай өзгерді. Ондай шаралар жасалмайды.

– Лицейде басқа қалалардан келген мұғалімдер бар көрінеді. Олардың орнына жергілікті жердің мұғалімдерін алуға болмайды ма?

– Біздің лицейге сабақ беру үшін мұғалімдерге қойылатын көптеген талаптар бар. Мұғалім өзінің жоғарғы оқу орнын бітіргені жөнінде дипломы мен бағалары қойылған қосымша тіркемесін көрсетуі керек. Сонымен қоса, оның ағылшын тілін толық меңгергендігі туралы сертификаты болуы керек. Біз сол құжаттарды орталыққа жібереміз. Орталық құжаттарды тексеріп болып бұл мұғалімді қажет деп тапса, лицейімізге қуана-қуана алар едік.

– «Білім-инновация» лицейінде оқушының қол телефонын жинап алады» деген де пікір бар жұртшылық арасында…

– Қазіргі таңда жастардың ең үлкен сырқатының бірі – әлеуметтік желіде отыру, телефонмен сөйлесу. Білген адамға мұның өзі бала денсаулығына үлкен зиян келтіретін нәрсе. Көзі шаршайды, кейде, тіпті көруі нашарлайды, жүйкесіне әсер етеді. Сонымен қатар, оқушының сабақ кезінде телефонға алаңдамағаны дұрыс. Біздің тәртіпке үйренген соң өздері де ұстамайтын болады оны.

????????????????????????????????????

– Лицейде оқитын Атыраудың балалары да өздеріңіздің жатақханада тұрады деп естимін.

– Иә. Қосымша сабақтарымыз көп. Оқушылар үйіне барғанда дайындалуына мүмкіншілігі болмай қалуы мүмкін. Сол үшін олардың өзіміздің жатақханада тұрғанын қалаймыз. Біздің жатақханада үй тапсырмасын орындауға барлық мүмкіншілік бар. Сабаққа дайындығын өзіміздің тәрбиешілеріміз қадағалап отырады.

– Тәрбиешілер деп отырғаныңыз осы лицейде жұмыс жасайтын мұғалімдер ме?

– Жоқ, басқа қалаларда осындай лицейлерді бітіріп, Атыраудағы жоғарғы оқу орындарына оқуға түскен бұрынғы түлектер. Олар біздің жатақханада тегін тұрады. Олардың міндеті – оқушылардың сабаққа дайындалуын қадағалау. Сосын жатақханадағы тәртіпке жауап береді.

Сапалы білімге көп көңіл бөлеміз деп отырғанда денешынықтыру мен спорттың дамуы көлеңкеде қалмай ма?

– Денешынықтыру мен спорттың адам өмірінде үлкен рөлі бар. Оны қалыс қалдыру мүмкін емес. Біздің лицейде волейбол, баскетбол, футбол және әскери өнер мен таэквондо спорттарынан үйірме бар. Қысқы каникул кезінде оқушылар қалалық жарыстарға қатысып тұрады.

Мысалы, сіздің лицейге бір чемпион оқуға түссе, оның болашақта жарысқа қатысып тұруына мүмкіншілік бар ма?

– Әрине бар. Бір мысал келтірейін. Осы қыста облыстық футбол федерациясы Батыр Аманбаев деген 8 сыныптың бір оқушысын сабақтан босатуын сұрапты. Басқа қалада өтетін жарысқа баруы керек екен. Оны сабақтан босаттым. Келген соң қатыспаған сабақтарын игеріп алу үшін оған қосымша сабақ беру жөнінде оқу істері жөніндегі орынбасарыма тапсырма бердім.

– Өзіңіз спортпен шұғылданасыз ба?

– Түркияда мектепте оқып жүргенде таэквондомен айналысқанмын. Алғашқы оқыған мектебімде таэквондо үйірмесі болатын. Кейін басқа мектепке ауысқанда ондай үйірме болмай қалды. Сол себепті қойып кеттім. Қатыса алмағаныма қазір қатты өкінемін. Сондықтан, мүмкіншілігім келгенше оқушылардың спортпен айналысуына жағдай тудырып отырамын.

«Білім-инновация» лицейінің негізгі мақсаты қандай?

– Елбасының өзі  білім ошақтарының негізгі міндеттерінің бірі жас ұрпақты бәсекеге қа-білетті етіп тәрбиелеу екенін үнемі айтып келеді. Бүгінгідей білім мен техника дамыған заманда әр адам бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Өз арманын жүзеге асырып, елінің мақтанышы болу үшін де бәсеке керек. Біздің лицейдің басты мақсаты да – осы.

Қабибек МҰХИТОВ,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*