ИСЛАМ ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН БІРГЕ

Осы орайда, тәуелсіздік мерекесін тойлауды харам істердің қатарына жатқызу шала сауатты немесе жат ағымның жетегінде жүрген адамның ісі екендігін ерекше атап өткім келеді.  Асыл дініміздің қайнар көзі болған Құран Кәрім мен Пайғамбар сүннетіне көз жүгіртетін болсақ, тәуелсіздіктің аса  қасиетті ұғым екендігіне көз жеткіземіз. Ислам діні – адамзатты құлдықтан құтқаруға келген дін. Құранда Алла тағала Мұса пайғамбар мен Перғауынның арасында болған сөзді баяндап былай деді: «Перғауын Мұсаға айтты:  «Ей, Мұса! Біз сені сәби күніңнен бастап мәпелеп өсірген жоқпыз ба? Неге бізге қарсы келесің?» Мұса оған (өжеттілікпен): «Менің бауырларым болған. Исраиль ұрпақтарын езіп, құлдықта ұстап отырып, маған әлгі жақсылығыңды міндет етесің бе?» -деп жауап қайтарды». Жоғарыдағы, аузынан тек қана ақиқат сөзі шығатын пайғамбардың сөздері Алланың діні құлдықты қаралайтындығын,  адамзаттың азаттықта өмір сүруін қолдайтындығын анық көрсетеді.

Сондай-ақ, Алла тағала Мұса пайғамбарға «уә зәккирһум би әй-ямилләһ», яғни «О, Мұса, Алланың құлдықтан құтқарып, азаттық, тәуелсіздік сыйлағанын  қауымыңның қаперіне сал»  деп азаттыққа қол жеткізген күнді жадымыздан шығармауымыз керектігін қияметке дейін жалғасатын міндет ретінде бекітіп берді. Ендеше, Алланың осындай нақты, анық аяттарынан кейін «тәуелсіздік күнімен қуану, құттықтауды дінде бидғат, харам саналған іс» деуге шала сауаттылардың дәті қалай барады?! Өкінішке орай, жат ағым ерушілері шейхсымақтарының Құранды бұрмалап берген «ілімдерін» ғана қабылдайтын зомбилық деңгейге жеткен.

Әз пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетіне, маржан сөздері мен істеріне көз жүгіртіп көрейікші. Тәуелсіздік тақырыбына қатысты қандай дүниелер бар екен? Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  тәуелсіздік деген ұғымды жақтар ма екен, әлде даттар ма екен? Ислам дінінде «Ашура күнінің оразасы» деген ұғым бар. Әлем мұсылмандары хижри жыл санауы бойынша мухаррам айының 9, 10 күндері немесе 10, 11 күндері нәпіл оразаға ниет етеді. Бұл оразаның мұсылман қауымына сүннет болып бекітілу оқиғасы былай: Әз пайғамбар (с.ғ.с.)  құрметті Мекке қаласынан нұрлы Медине қаласына қоныс аударып келген кезде мединелік яхудилердің (еврейлер) мухаррам айының оныншы күні ораза ұстайтын әдеттері бар еді. Бұл жөнінде сұрағанда олар: «Бұл күні Алла тағала ата-бабаларымызды Мұса пайғамбарымыздың жетекшілігімен Перғауынның құлдығы мен зұлымдығынан құтқарған. Біз ата-бабамызға берілген осы жақсылыққа қуанып ораза ұстаумен шүкіршілігімізді білдіреміз» деп жауап берді. Сонда Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.)  «Мұса менің бауырым. Бұл күн үшін мен және менің үмметім артығымен қуануға тиіспіз» деп өзінің үмметін бір күн емес, артығымен екі күн ораза ұстауға үндеді. Яғни «ашура оразасы» тәуелсіздікке жасалған – шүкірлік деп айтуға болады.

Бұл күні Алла тағала Исраиль ұрпақтарын  Перғауынның  диктаторлық басқару жүйесінен құтқарды. Перғауынның «Мен – сендердің құдайларың. Менен басқа құдай жоқ» деген сөздерінен оның қол астындағылардың сыртқы іс-әрекеттерімен қоймай, ішкі жан дүниесіне, наным-сенімдеріне де билік жүргізуге әрекет жасағанын көреміз. Мұсамен бәсекеге түсуге келген сиқыршылар ақиқатты көріп Мұсаның дінін қабылдаған кезде, Перғауын «Менің рұқсатымсыз Мұсаның құдайына сенуге қалайша дәттерің барды? Сөзсіз сендерді ағашқа керіп, кескілеп өлтіремін»  деп ашуына мінді. Солай істеді де.

Жалпы «бидғат» дегеніміз не? Бидғат сөзінің діндегі ұғымы – шариғатқа қайшы дүние дегенді білдіреді. Сонда дейміз-ау, еліміздің тәуелсіздік алып, дінімізбен, тілімізбен, салтымызбен қайта қауышуымыз – бидғат та, дінге қайшы дүние болса да, өзгенің отарында болу, табанының астында езіліп, құдайсыз, мешітсіз өмір сүру сүннет болғаны ма?  Өзгенің емес, өзіміздің басымызбен ойланып, әрекет етейік, ағайын. Еліміздің тәуелсіздігімізбен дініміз де тәуелсіздігін алды, жеке-дара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Ең бастысы, еліміз асыл дінімізбен, ділімізбен қайта қауышты.

Біз жоғарыда Мұса мен оның қауымы Перғауыннан құтылғанына мұсылмандар қуанып, құдайға шүкіршілігін білдіретіндігін атап өттік. Перғауынды тек жеке тұлға ретінде қарастыру – үлкен қателік. Перғауын бұл – ойлау жүйесі, басқару жүйесі. Әр заманның Перғауындары бар. Алла бізді сондай бөтен жүйеден құтқарды. Бұл сөзіммен келіспейтін, өткен дәуірге іші жылып, сағынышпен еске алатын жандар да жоқ емес. Бұл ойдың иелерімен тартысқым жоқ. Бірақ, ол дәуірдің идеологиялық саясаты диктаторлық болғаны ақиқат. Үйіне қонақ шақырып, астан соң қазақтың дәстүрі бойынша үлкеннен бата сұрауға қол жайғаны үшін жұмыстан, партиядан қуылып, қысым көрген адамдардың да хабарын әкелерімізден естігенбіз. Әрине, намаз оқып, ораза тұтқаны үшін емес, жай ғана «аумин» деп қол жайғаны үшін.

Алла тағалам бізді осындай аянышты халден құтқарды. Елімізде тәуелсіздік туы желбіреді. Елімізді, Елбасымызды әлем таныды. Мешіттеріміздің саны күн санап артуда. Тәуелсіздік – бақытты күн. Ата-бабаларымыз аңсаған күн. Тәуелсіздікте атқан әрбір таңымызға шүкіршілік етуге тиіспіз. 

Ерсін ӘМІРЕ,
теолог, дінтанушы,
Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*