ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСҚА – КЕҢ ӨРІС

Меймандарды жылы шыраймен қарсылаған аймақ басшысы Венгрия мемлекеті мен Атырау облысы арасындағы экономикалық, іскерлік байланыстардың тамырын тереңнен алатындығына назар аударды. Әсіресе, сүт өндіру мен одан алынатын түрлі өнімдер өндірісі жөніндегі венгрліктердің тамаша тәжірибелері мен бұл саладағы толайым табыстары, оған жету жолдары отандық аграршыларды да қатты қызықтыратынын, сол себепті де оны дамытуға атқарушы биліктің де, ауылдағы шаруаның да мүдделі екендіктерін айтты.
Бұған ризашылығын білдірген Венгрия елінен келген шағын делегацияның жетекшісі, «Агрометал» корпорациясының президенті, әрі құрылтайшысы Аттила Казмер өзі басшылық жасайтын құрылымның әлемдік деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай табыстарының барлығын баяндады. Жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кәсіпкерлерді, фермерлерді әріптестік байланыстарды жолға қоюға шақырды.
Жұмыс жасай бастағанына ширек ғасырға жуықтаған «Агрометал» корпорациясының қызметі агросекторды дамытудағы кешенді жүйеге негізделген. Ол қазіргі уақытқа дейін Еуропаның ғана емес, дүние жүзінің көптеген дамыған елдерімен байланыс орнатқан. Қазақстанға келсек, Алматы қаласында екі бірдей сапалы да, құнарлы сүт тағамдарын шығаратын зауыттарын ашқан. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Тағамтану академиясымен, басқа да ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, осы саланы жан-жақты өрістетіп, шеңберін кеңейтудің мүмкіндіктерін қарастыруда.
Кейбір деректерді алға тартсақ, жетпісінші жылдардың басында елде өндірілетін мал сүтінің көлемі бар болғаны әр сиырдан 3000 литрді құраса, симментал тұқымды мүйізді ірі қара малының санын көбейтіп, сауын сиырларының жайылымы мен бағым-күтімін келістірудің, басқалай да шаралардың жүйелі жүзеге асырылуының нәтижесінде 1990 жылдары бұл көрсеткіш 7000, кейіннен 9300 литрге дейін жеткен. Соған байланысты одан жасалынатын дайын өнімнің түрі мен атауы көбейген.
Алдағы уақытта да біздің еліміздегі өрісін кеңейтуді көздеген «Агрометалдың» Атырау өңірінде де өз жобаларын жүзеге асыру ниетінде екендігін естідік. Солардың санатында жоғарыда айтылып кеткендей және бұған дейін де әңгіме болып жүргеніндей, ешкі сүтін өндіретін шағын кәсіпорындар ашуға қажетті ақпараттармен, жобалармен қамтамасыз етіп, жинақталған тәжірибелерімен бөлісуге құлықты екендіктерінен хабардар болдық.
Аймақ басшысымен болған жүздесуден кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың басшылығымен өткен кездесуде осының бәрі егжей-тегжейлі баяндалды. Келешекте венгриялық іскер топ өкілдерінің ойға алғандарын біздің аймақта іске асырып, атыраулық әріптестерімен қарым-қатынас орнатып, өрістерін кеңейте түсуіне ешқандай кедергі келтірілмейтіндігі мәлімделді.
P.S. Кеше венгрлік «Агрометал» корпорациясы (президенті Аттила Казмер) мен «Атырау» ӘӘК ҰК» акционерлік қоғамы (басқарма төрағасы Абат Тасымов) арасында Атырау облысында ешкі сүті өндірісін жолға қою туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*