ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТЫҢ БЕРІК ҚАДАМЫ

***

Облыс әкімінің қабылдауында болған «ПотенциалОйл» компаниясының басшылары осында жерасты барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат сұрай келіпті. Айта кетер жайт, біраз жылдардан бері Исатай ауданының аумағында өз жұмысын жүргізіп келе жатқан аталмыш компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары бағалайтын кәсіпорындардың бірінен саналады. Тек соңғы жылдардың өзінде бұл компания аудан көлемінде бірнеше әлеуметтік жобаны қаржыландыруға қатысып, көмек-қолдау көрсеткен. Енді міне, мамыр айындағы нөсер жауынның салдарынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға бір миллион теңге сомасында материалдық жәрдем беруді ұйғарған.

***

Сол сияқты, келесі кезекте аймақ басшысымен жүздескен «Аэроғарыштық құралдарды жасау» жабық акционерлік қоғамының бас директоры Роберт Мұхамедияров жерасты қазба байлықтарын елдің игілігіне жарату мақсатын көздеген жобаларды іске асырмақ ойлары барын баяндады.

Қабылдауына келген компаниялардың өкілдерімен ашық әңгімелесіп, ой-пікір, ұсыныс-тілектеріне құлақ түрген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы олардың ұсыныстарының бірде-бірі ескерусіз, аяқсыз қалмайтынын айтты. Мүмкіндік шеңберінде орындалуына қолдау көрсетілетіндігін, заңдылық аясында шешімін табуына ниетті екендігін қаперледі.

***

Сондай-ақ, сәрсенбі күнгі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында «NCOC» компаниясының басқарушы директоры Стеффан Де Майе да болды.

Кездесу барысында Қашаған кенішінен алынатын мұнайды Қарабатан кентіндегі «Болашақ» зауытына жеткізетін құбырларды алмастыру мәселесі қамтылды.

Каспий теңізі қайраңынан «қара алтын» өндіретін компания өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі кезде ескірген құбырларды жаңа да, сапалысымен ауыстыру жұмыстары қарқынды жүруде. Дәлірек айтқанда, бұл жөнінде жоспарланған шаралар кестеде белгіленген мерзімнен бір айға ілгері келеді.

Және бір мәлім болғаны, тап осы үрдіс жалғасын тапқан жағдайда, 2016 жылдың соңына дейін Қашаған кен алаңынан өндірілген мұнайды «Болашақ» зауытына еш кедергісіз жеткізілуі ықтимал.

Осыған орай, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы аймақ үшін ғана емес, еліміз үшін де стратегиялық маңыздылығы бөлек, істе мүдделі тараптардың жоғары  жауапкершілігімен қатар ұқыптылығы мен тиянақтылығы талап етілетінін еске салды.

Д.ҚАЛИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*