Ішек ауруынан қалай сақтану керек?

Ауа райы жылынып, жаз мезгілі келгенде жылы температурада ішек ауруларын туғызатын жұқпалар тез таралады.

c86Ohxcnc6dpgsX7-lg

Жұқпалы аурулар тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала дайындалған тағамдарды қолданып, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен жұғады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.

Ауру түрі балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталады. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Барлық ересектердің, әсіресе, балалардың дизентериямен, сальмонеллезбен, колиэнтеритпен және басқа да жедел ішек инфекцияларымен ауырмаған бірде-бір ел жоқ. Сондықтан, әр жаз маусымы басталған кезде жоғарыда аталған тазалық гигиеналарын мұқият ұстанған абзал.

Аурудың алғашқы белгілеріне іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбидің емшектен бас тартуы, асқа тәбеті болмауы, шөлдеу, құсу, бас ауру, әлсіздік, мазасыздық жатады. Науқас қайта-қайта құсып, іш өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, ағза өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса, дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан,  мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты көбірек ішкізген дұрыс. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұластыруы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.

Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін сәбиге емшек сүті, айран, ұнтақталған жемістер, сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, тұзды-минералды су ерітіндісі қолданылады. Рационнан ішекте ашитын немесе асқазан-ішек жолын тітіркендіретін азықтар (сүт, кепкен, қуырылған, майлы, ащы тағамдар) алынуы керек.

 Гүлжан ӘЛІБАЕВА,

облыстық  жұқпалы аурулар  ауруханасының зертханашысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*