ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗДАР ҚАЙТА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛАДЫ

 

Ұлттық банк басқармасының қаулысымен «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасы  бекітілді. Бұл бағдарлама 2004-2009 жылдарда ұлттық валютамен және шетел валютасымен берілген ипотекалық тұрғын үй және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған. Басты талап – жылдық үш пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша валюталық қарыздарды теңгеге конвертациялау, қарыз мерзімін жиырма жылға дейін ұзарту. Бұл ретте борышкердің сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегі кешіріліп, негізгі борышының қалдығы қайта қаржыландырылады.

Заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық тұрғын үй мен ипотекалық қарыздар да бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға жатады. Сонымен қатар, тараптардың келісімі бойынша тұрғын үйі (жер телімі) банктің немесе ипотекалық ұйымның (оның ішінде уәкілетті органның лицензиясын ерікті түрде қайтарған ұйымның) балансына қабылданған қарыз алушылардың несиелерін қайта қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылған.

Осы жылғы бірінші қарашадағы мәлімет бойынша, банктер бағдарлама аясында қарыздарды қайта қаржыландыруға 11 000 өтінім қабылдады. Оның ішінде 6 000 өтінім бойынша қайта қаржыландыру туралы оң шешім қабылданды. 3 500 өтінім бойынша қарыздар қайта қаржыландырылды. Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді, тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Асланбек Қабесовтың айтуынша, облыс бойынша тоғыз банкте 482 өтінім (15 қарашадағы мәлімет) қабылданса, оның 237-і мақұлданып, 136-ы қайта қаржыландырылды.

Бағдарламаның талаптарына сәйкес, бөлінген ақшаны игеру кезеңі «Проблемалық несиелер қоры» АҚ банкке салымды орналастырған күннен бастап 9 айды құрайды. Ақша банктерде биыл маусым-шілде айларында салынды. Оны игеру кезеңі келесі жылы наурыз-сәуірде аяқталады. Осы орайда борышкерлер банктерге қарыздарын қайта қаржыландыру үшін өтініштерін және құжаттарын тапсыруды жеделдетуі қажет.

Бағдарламаны іске асырудың айқындылығын қамтамасыз ету үшін облыстық әкімдіктерде борышкерлердің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландырудан бас тартуға қатысты шағымдарды қарау жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамында Ұлттық банктің, құқық қорғау органдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.

 Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*