ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ – ИГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

alogo1223333334Дүйсенбіде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібіне де осы мәселе арқау болды. Бұл жөнінде аймақтық индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева хабарлама жасады. Хабарламашы санаулы күндерден соң аяқталғалы отырған белестің еншісіндегі жеті жобаның алтауы белгіленген мерзімінде тәмамдалып отырғанын алға тартты. Сонсоң алдағы 2014 жылдың жоспарына енгізілген жобалардың жағдайын нақтырақ баяндады.
Келер жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген 26 жобаның алтауы республика бойынша мақұлданған индустрияландыру картасына енгізілген. Жалпы құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын бұл жобалар жүзеге асырылып, толық қуатында іске қосылғанда жаңадан 1272 жұмыс орны ашылады.
Одан әрі де инновациялық тұрғыдан алғанда жаңалығы мол, келешегі зор деп есептелінетін бірқатар жобаларға жеке-жеке талдау жасалынды. Солардың бірі – Арнайы экономикалық аймақ аумағында жоспарланған полимер өнімдерін шығару өндірісі. Құны 12700 млн. теңге тұратын бұл жобаның бастамашысы «Полимер Продакшн» ЖШС болып табылады. Толық қуатында жұмыс жасаған уақытта мұнда жылына 4125 тонна полиэтилен пленкалары мен 48 млн. дана полипропилен қаптары шығарылады. Қазіргі мезгілде жобаға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме жасауға қажетті мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, керекті құрал-жабдықтарды жеткізуге келісім-шарттар жасалынған. Жобалық-сметалық құжаттамалар да оң бағаланып, құрылыс-монтаж жұмыстарының алғашқы кезеңі басталған.
Келесі кезекте мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау үшін ірі габаритті бұрғылау кешені өндірісін ұйымдастыру жобасы аталды. Қаржылай құны 645,5 млн. теңгеге бағаланған осы жобаға сәйкес жылына екі қондырғыны құрастырып, орнату көзделген. «Жігермұнайсервис» ЖШС бастамашысы болып табылатын аталмыш жобаны іске асырудың алғышарттары қазірден бастап қолға алынған.
Бұлардан бөлек, құны 2086 млн. теңге тұратын, жылына 11 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беретін газды-поршенді электр стансасын салуды «Сағат Энерджи» ЖШС қолға алған болып шықты. Мәселен, осы уақытқа дейін екі бірдей шағын станса пайдалануға берілсе, және үшеуінің орны әзірленіп, іргетасы құйылып қойылған, жылдың аяғына дейін тағы да екі стансаны монтаждап, іске қосу жоспарланған. Нысанды толықтай игілікке 2014 жылдың мамыр айына межелеген.
Назар аударуға тұрарлық жобалардың санатында асфальтбетон өнімдерін шығару зауыты мен үй құрылысы комбинатын салу жөнінде бастама көтерген «DCS» ЖШС ұсынған жобаларды атауға болар еді. Болашақта тұрғын үй мен автомобиль жолдары құрылысы индустриясын өркендетуге өріс ашатын бұл жобалар іске асқан сәтте сағатына 160 тоннаға дейін асфальт дайындалып, жылына 50 мың шаршы метрге дейін тұрғын алаң тұрғызуға болатындығын білдік.
Мұнай өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын фланецтер, күнделікті тұрмыста және өндіріс орындарында пайдалануға қолжетімді әлсіз минералдандырылған су шығару, желдің күшімен жұмыс жасайтын электр стансасын жарақтандыру, жылыжай шаруашылығын дамыту тәрізді жобалардың да аймақтың алдағы жылдың үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасында қамтылғандығынан хабардар болдық.
Жоғарыда баяндалған жобаларды жүзеге асыру барысында кейбір түйткілді тұстар мен қолбайлау жайттарға, мердігер мекемелер тарапынан нақты істен гөрі сөзбұйдалыққа салыну, соның салдарынан ішінара болса да бағдарлама шеңберіндегі жобалардың межеленген мерзімінен кешіктірілу фактілеріне де жол беріліп қалатындығын да хабарламашы жасырып қалмады.
Басқосуда айтылған әңгімені бастан-аяқ тыңдап, зерделеген аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы кемшіліктерден қорытынды шығарып, қалай дегенде де ертеңгі күні елдің кәдесіне жарар жобалардың жүзеге асырылуына мүдделілік таныту бұл іске қатысты барша азаматтардың міндеті екендігін тағы бір мәрте қаперледі.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*