ЭКОНОМИКА ДА, ЭКОЛОГИЯ ДА МАҢЫЗДЫ

Сөз жоқ, Теңіз кеніші – Қазақ  елінің  ырысы. Тәуелсіздігіміздің тар жол, тайғақ кешу кезінде игерілген осы кен орны, тура мағынасында, елімізді қиыншылық құрсауынан алып шықты. Аты әлемге аян «Шеврон» корпорациясы басшылығының дүниежүзілік картада енді ғана пайда болған Қазақстанға тәуекел етіп,  мол инвестиция салуы жас мемлекетімізді экономикалық ауыртпалықтардан құтқарды. Тура мағынасында аяқтанып кетуімізге оң әсер етті.

 

Өткеннен сабақ – болашаққа бағдар

Алайда, таразының екінші басын салмақтасақ, қоршаған ортаға да үлкен күш түскелі тұр. Онсыз да өндіріс ошақтары мол шоғырланған, ежелден «қара алтын» өндірілетін Жылыой жеріне табиғатқа қатысты тағы да үстеме қосылмақ. Мамандар соңғы жылдары өңірде пайда болып, дендеп бара жатқан түрлі дертті кеніштен тараған зиянды қалдықтармен байланыстырады.

Шындығында солай ма? Кен орны оның төңірегіндегі елді мекендер үшін қауіпті ме? Бұл бағытта ТШО жүзеге асырып жатқан табиғат қорғау шараларында олқылықтар бар ма? Көп жай көзден таса, назардан тыс қалып қойған жоқ па? Міне, кеніштің Келешек кеңею жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі қоғамдық тыңдауға жиналғандар осындай сауалдарға тұшымды жауап іздеді.

Алдымен сөз тізгінін алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев жаңа жобаның өте маңыздылығын айта келіп, оның табиғатқа тигізер әсерін де ескертті.

– Баршаға мәлім, – деді ол, – еліміз бойынша өндірілетін барлық мұнайдың жартысына жуығы Атыраудан алынады. Бұл ретте Теңіз кенішінің үлесі тіпті жоғары. ТШО қайтарымы мол кен орнын игеріп отыр. Енді мұнда жаңа жоба басталмақшы. Ол өңірдің әлеуметтік ахуалын одан әрі сауықтырады. Құрылыс жұмыстарына облыс бойынша 15 мың адам тартылмақшы. Өнім өндіру көлемі көтеріледі, жергілікті бюджетке толымды табыс түседі. Өңірдің, тіпті күллі еліміздің экономикасына мол инвестиция құйылады.

Дегенмен, Теңіз кенішін игеру барысындағы бұрынғы қателіктер де қайталанбауы қажет. Өткеннен сабақ алып, болашаққа бағдар жасауымыз керек. Қоршаған ортаға біраз салмақ салынатыны да рас. Сондықтан, оны барынша азайту бағытында жұртшылықтың нақты ұсынысы басшылыққа алынады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, халық пікіріне құлақ асылады.

«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тим Миллер де Келешек кеңею жобасын жүзеге асыру барысында көпшілікпен ақылдасқан жөн екенін, сол себепті бірлескен кәсіпорын басшылығы жұртшылық кеңесін жоғары бағалайтынын айтып өтті. Нақты ұсыныстар күтетіндігін жеткізді. Жергілікті атқарушы биліктің инвесторларды ұдайы қолдап жүргендігіне разылық танытты.

Қос басшының жиналғандарды белсенділікке шақырған осындай кіріспе сөзінен соң ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев бірлескен кәсіпорынның өткен уақытта атқарған әлеуметтік жобаларын қысқаша шолып өтті. Қырық жылдық келісімнің игіліктеріне тоқталды, қызметкерлердің қауіпсіз қызметіне мән берді.

Ашығын айту керек, ТШО өзі құрылған сонау 1993 жылдың сәуірінен бері бұл бағытта қомақты қаражат бөліп келеді. Бірлескен кәсіпорын құрылған бір айдан кейін Жылыойда жойқын  тасқын болды. Жүздеген үй құлады, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Сол сын шақта инвесторлар алдымен көмекке келген-ді. Олар тұрғызған жиырма үй Құлсарыда әлі бар. Міне, осындай демеушілік қазір де жалғасуда.

Жалпы, өткен жылы ТШО 27 млн. тонна шамасында «қара алтын» өндіріпті. Мұнайды экспорттауды шектеу талабы жойылғаны өндіріске оң әсер етіп, кәсіпорын әлемнің төрт бұрышына мол өнім тасымалдады. Биылғы бірінші жартыжылдықта ғана 13 млн. тонна көмірсутегі шикізаты алынды. Осындай молшылықтың лайықты игілігі де болады. Бүгінде бірлескен кәсіпорында 3800 адам тұрақты қызметпен қамтылған. Сенімді әріптес ретінде мердігер мекемелердің 15800 жұмысшысы бар. Компанияда күрделі жөндеу жүргізілген кезде жұмыс жасаушылар саны 18 мыңға дейін жетеді. Міне, солардың бәрі жоғары жалақыға ие.

Қоршаған ортаны қорғау бағытында да біраз іс тындырылған. Жалпы, осы орайда жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде 2000-2013 жылдары шығарындылардың жалпы көлемі 70 пайызға азайған. Бұл ретте мұнай өндіру 150 пайызға артқан. Демек, қаншама мол «қара алтын» алынғанымен, оның табиғатқа әсері барынша кемітіліп жатыр.

Кәсіпорын қазақстандық мазмұнды да өрістетіп отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта отандық тауарлар мен қызметтерді тұтыну көлемі бір миллиард АҚШ долларын құрады. Жалпы, құрылған күнінен бері бірлескен кәсіпорын бұл бағытта 16,5 млрд. АҚШ долларын жұмсаған. Тек соңғы үш жылда ғана ол бес есеге артыпты. Мәселен, былтыр компания құны 2,3 млрд. АҚШ доллары болатын қазақстандық қызмет пен тауарларды тұтыныпты. Бұл – әзірге рекордтық көрсеткіш. Алда жүзеге асырылатын жаңа жоба жетегінде бұдан да биік белестер алынатыны анық.

Ақырында ТШО бастапқыда «Бонус», қазір «Игілік» бағдарламалары арқылы аймақтың әлеуметтік проблемаларын шешуге сүбелі үлес қосуда. Бірлескен кәсіпорын қаражатына ондаған мектеп пен балабақша, емхана мен аурухана қатарға қосылды, әлеуметтік нысандар күрделі жөнделді. Миллиондаған теңгеге денсаулық сақтау мен білім беру, спорт пен мәдениет саларына қажетті жабдықтар алынды. Бүгінде Атырауда компания қаржысына Жастар сарайы салынуда. Бизнестің жоғары корпоративтік жауапкершілігі үшін бірлескен кәсіпорынға Елбасы өз қолымен «Парыз» сыйлығын табыс етті.

Жалпы, Келешек кеңею жобасының инфрақұрылымын дамыту менеджері Асхат Байдалиевтың айтуынша, бүгінде барлық жобалау шараларының 9,9 пайызы аяқталыпты. Қазір қажетті жұмыс күші жинақталуда. Жүк тасымалдау жолдары қарастырылуда, жұмысшылардың вахталық қалашығы салынуда. Тасымалданатын модульді қондырғылардың салмағы 253 мың тоннаға жетеді. Негізінен оларды даярлауға әлемдік тәжірибесі бар іргелі компаниялар тартылады. Солардың қазақстандықтармен күш біріктіріп, бірлескен кәсіпорындар құруы да жоспарланған. Отандық мамандар да дайындалады, олар бұрғылау және құрылыс жұмыстарына жұмылдырылады.

Кенішке келетін ауыр жүктерді тасымалдауға қажетті су көзін пайдалану үшін Ақтау порты жаңғыртылмақ. Көрші облыста бес мың шамасында жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жалпы, жаңа жобаға қажетті қондырғылар алыс шет елдерден Қара теңіз арқылы Ресейдің ішкі су көздерімен тасымалданбақ. Бұл жабдықтардың бірқатары Қазақстанда да әзірленеді. Сондықтан, бізде де алып өндірістік алаңдар ашылады.

Ал, «Caspian Engineering & Research» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Қайрат Байқұловтың айтуынша, жаңа жоба мұнай өндіру көлемін едәуір арттырады. Сайып келгенде, мұны алдыңғы жобаның жалғасы десе де болғандай. Өйткені, бұл да қабат қысымын көбейтуге арналған. Геологиядан хабардар адам білуі тиіс, мұнай алынған соң жер астында қуыс пайда болады. Міне, соны ілеспе газбен толтыру арқылы мұнайды жоғары көтеру мүмкіндігі туады. Өйткені, өнім өндірілген соң қабат қысымының төмендеуі – табиғи заңдылық.

Әрине, жұртшылық «Казэкопроект» мекемесінің қоршаған ортаны қорғау жобаларының менеджері Сергей Плескачтың сөзін тағатсыздана күткені кәміл. Себебі, ол жаңа жобаның қоршаған ортаға тигізер әсері туралы айтпақ еді.

Маман сөзін Келешек кеңею жобасының табиғатқа онша әсер етпейтінін, шығарындылар рұқсат етілген деңгейден аспайтынын айтудан бастады. Зерттеу жұмыстары тәуелсіз құрылымдар көмегімен жүргізілген. Лицензиясы бар бақылау стансаларының көрсеткіштері қолданылған. Зауыттан 75 км қашықта залалды заттардың жинақталу көлемі 2,5 есе аз болған. Ал, санитарлық қорғаныш аймағында мүлдем байқалмаған.

Жалпы, шығарындыларды қауіпсіз етудің он жобасы сарапқа салыныпты. Сөйтіп, ең тиімдісі таңдалған. Орын алуы ықтимал апаттық жағдай да ескерусіз қалмаған. Мұндай кезде күкіртті сутектің таралу қауіпсіздігі қамтамасыз етілген санитарлық аймақ анықталған. Жалпы, маманның айтуынша, оны бұрынғы көлемнен көбейтудің қажеті жоқ. Қазіргі қашықтық жеткілікті саналады, өйткені елді мекендер өндіріс ошақтарынан алыста орналасқан. Көпжылдық мониторинг нәтижесі соны көрсетеді.

Теңіз кеніші ар жағында Каспий теңізіне жақын орналасқан. Ал, кен орнынан түрлі залалды заттардың, соның ішінде күкірт қалдықтарының ауаға ұшатыны белгілі. Мамандар айдынға түсер күкірт бір, ал азот қышқылы екі пайыздан аспайтынын айтады. Яғни, суға ешқандай зиян келтірілмейді. Сенелік. Әйтпесе, Каспий жағалауында бес мемлекет орналасқан. Рас, солардың барлығы да теңізден көмірсутегі шикізатын өндіруде. Бірақ, айдын тазалығы – бәріне ортақ міндет. Бүгінде Каспий шекарасы әлі нақтыланбағанымен, ондағы өсімдіктер мен жануарлар әлемін бірігіп қорғау жөнінде халықаралық келісім бар. Ол мүлтіксіз орындалуы тиіс.

Суды қайта пайдалану тәсілін жетілдіру арқылы оны құбырдан тұтынуды барынша азайту көзделген. Соның нәтижесінде Қиғаш құбырының құлағын ұстап отырған «КазТрансОйл» компаниясына төлейтін ақыны барынша өсірмеу жоспарланған. Тиыннан теңге жасап үйренген инвесторлардың мұндай талпынысы түсінікті. Оның үстіне, көршілес Маңғыстау мен іргедегі Жылыой халқы тұтынып отырған Еділ суына салмақ салынбайды. Ал, сарқынды суларды айдау алаңы теңізден 15 км қашықта орналасқан. Демек, айдынға лас сулар құйылмайды.

Бүгінде кеніштегі полигондардағы қалдықтардың 40 пайызы қайта өңделеді. Яғни, әбден сұрыпталып, мамандандырылған мекемелер арқылы кәдеге асырылады. Жалпы, кеніш төңірегі табиғи тұрғыдан шөлейт саналғандықтан, ауыл шаруашылығына жарамсыз. Төрт түлік өсірілгенімен, егіншілік дамымаған. Жерасты суларын пайдаланып, бұл саланы өрістету тым қымбатқа түседі. Сондықтан, ежелден жеке тұрғындардың аз-кем бақшасы болғанымен, жаппай диқаншылық қолға алынбаған. Мұнда Қызыл кітапқа енгізілген құстар да тұрақты мекендемейді. Көктемгі және күзгі кезде әрі-бері ұшып өткенімен, ұя салмайды. Демек, оларға да келер  қауіп жоқ.

Міне, «Казэкопроект» мекемесінің қоршаған ортаны қорғау жобаларының менеджері Сергей Плескачтың қысқа баяндамасынан осыны ұқтық.  

 

Салмақты сауалҒА – нақты жауаП

Қоғамдық тыңдауға қатысушыларға сұрақтарын ауызша ғана емес, жазбаша да беру мүмкіндігі қарастырылғаны залдың белсенділігіне жол ашты. Сонымен…

Марат ҚАСЕНОВ, тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты: Кеніш аймағында 100 шақты тарихи ескерткіш бар. Оларды ара-тұра тексеріп тұру керек. Археологиялық қазба жұмыстары да қажет. Бірақ, биыл ТШО территориясына кіре алмадық. Бірлескен кәсіпорын басшылығы рұқсат етпеді. Неге?

Жауап: Биыл зауытта жоспарлы күрделі жөндеу жүргізілді. Қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынды. Әйтпесе, кіруге рұқсат беріледі.

ТШО 2011 жылы өз территориясындағы тарихи ескерткіштердің картасын жасады. Оларды сол қалпында сақтап отырмыз. Мердігер мекемелерге де тиісті тапсырма берілді. Яғни, жұмыс барысында көне қорымдар мен тарихи ескерткіштер кездессе, дереу қызметін тоқтатуы керек. Сол жерді қоршап, уәкілетті орындарға хабарланады.

Артур ШАХНАЗАРЯН, журналист: Қабат қысымын көтеруге тек газ айдау жеткіліксіз. Сондықтан, су да қолданыла ма? Одан әрі, Келешек кеңею жобасының құны 40 млрд. долларға бағаланып отыр. Тым қымбат емес пе?

Жауап: Қабатқа шикі газ айдау жөнінде тағы да қоғамдық тыңдау өтеді. Ал, жаңа жоба құны әлі нақтыланған жоқ, ол кейін айтылады. Жалпы, өте ауқымды жұмыс көлемі атқарылады. Басқасын айтпағанда, 170 өнім өндіру ұңғымасы қазылады.

Махамбет ХАКІМОВ, «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі: Жаңа жобаның Каспий теңізіне нақты әсері жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді ме?

Жауап: Бұл іске ресейлік белгілі екі ғылыми институттың ғалымдары тартылды. Тек ТШО-ның ғана емес, өзге де зерттеулер деректері басшылыққа алынды.

Жақсылық КӨШЕКБАЕВ, еңбек ардагері, Жылыой ауданы: Бірлескен кәсіпорын көмегімен ардагерлерді Астанаға апару мүмкіндігі бар ма?

Жауап: Мұндай мүмкіндік бар, ретіне қарай ұйымдастырамыз. Қанша дегенмен, үлкен кісілердің денсаулығын ойлауымыз керек. Кейбіреулері ұшақты көтере алмайды. Пойызға мінгенде де жанында дәрігер болуы шарт. Әйтпесе, ұзақ жолда саулығы сыр беруі ықтимал.

Венера ҚҰРМАНОВА, Атырау мемлекеттік университетінің студенті: Модульдік қондырғылар зауытқа қалай жеткізіледі?

Жауап: Жалпы, мұндай ірі жабдықтарды жасаушылар әлі нақтыланып болған жоқ. Көптеген компаниялармен келіссөздер жүріп жатыр. Солардан үздіктері анықталады. Отандық мұнайшылардың тәжірибесі ескеріледі. Қазақстанға шетелдік мықты мамандар келеді.

Ал, осы ірі жүктерді кенішке жеткізудің төрт балама бағыты қарастырылды. Содан Қара теңіз арқылы Ресейдің ішкі су көздерін пайдалану тиімді саналды.

Әмина ӘБУОВА, студент-эколог: Жылыойдааурушаңдық өсуде. Аллергиялық дерт 30 пайызға артқан. Медициналық құралдарды тек облыс орталығына ғана орнатпай, аудандарды да қамтыса қайтеді?

Жауап: Жылыойға жасалып жатқанкөмек көп.Жақында аудандық денсаулық сақтау бөліміне компания қаржысына «Жедел жәрдем» көліктері алынды. Бірлескен кәсіпорын қан қысымы ауруларын анықтап, оны емдейтін жабдықтармен қамтамасыз етуге төрт миллион доллар бөлді. Ол да барлық аудандарға тиесілі.

Қуан ШӘЛИЕВ, еңбек ардагері, Жылыой ауданы: Украинада қалыптасқан қазіргі жағдайға байланысты Ресей арқылы жүк тасымалдауда қиындықтар кездеспей ме? Одан әрі, қоғамдық тыңдау неге мемлекеттік тілде ұйымдастырылмайды?

Жауап: Украинадағы жағдай әлемдік деңгейдегі компаниялар қызметіне кедергі келтірмеуі тиіс. Мемлекеттер басшылары оған кепілдік бермекші. Қазір Кедендік одақ бар. Келесі жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ қызметін бастайды. ТШО қосымша тасымал көздерін де іздестіреді.

Қоғамдық тыңдауды мемлекеттік тілде ұйымдастыруға болады. Құлсарыда солай істедік. Ал, Атырауда өзге ұлт өкілдері көп. Осы жай ескерілді, соларға да түсінікті болуын қаладық. Бірақ, қатысушылар ағылшын тілінен қазақшаға да, орысшаға да тікелей аударатын аппараттармен қамтамасыз етілді. Ешкімнің құқығына қиянат жасалған жоқ.

Гүлайым ТӨЛЕБАЕВА, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының маманы: Кеніштен шығарылатын залалды заттардың жалпы көлемі қанша? Облыста жел жылдамдығы секундына 25 метрге жетеді. Кейде одан да асып түседі. Осы жай ескерілді ме?

Жауап: Ескерілді. Сараптау кезінде желдің секундына 27 метр жылдамдықпен соғатыны есепке алынды. Елді мекендердің өндіріс ошақтарынан қашықтығы да жеткілікті.

Муфтах ДИАРОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі: Кеніштен көп мұнай алынды. Жер қыртысында үлкен қуыс пайда болды. Қазіргі қойнауқат қысымы қандай? Өткен жылдардан бері оның кемуі мүмкін.

Жауап: Өнім алынған соң, әрине, жер қыртысы өзгереді. Бүгінде қойнауқат қысымы бұрынғыдан 50-60 пайызға кеміді. Қазір 450-550 атмосфера шамасында. Бұл жаңа ұңғымаларды бұрғылау кезінде көп жеңілдік әкеледі. Жер астына ілеспе газбен бірге су айдалуы да мүмкін.

Махмуд КӨРГЕНОВ, еңбек ардагері, Атырау қаласы: Қанша ағаш егілді? Олардың шығымдылығы қандай?

Жауап: Биыл 1500 көшет отырғызылды. Тұрғындардың тілегіне орай елді мекендерді көгалдандыруға бетбұрыс жасалып, Жаңа Қаратон мен Қосшағыл кенттері қамтылды. Құлсарыда компания демеушілігімен парк пайда болмақшы. Егілген ағаштардың 90 пайызы өсуде.

Нұр-Мұхамед ЕСЕНӘЛІ, еңбек ардагері, Жылыой ауданы: Қамыскөлді сауықтыруға байланысты қандай шара бар? Бақашы бөгеті реттеле ме?

Жауап: Бұл мәселе сараланды. Бақашыға байланысты ұсыныс аудандық әкімдікке жолданды.    

Нұрадин ӨМІРБАЕВ, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары: Жаңа жоба аясында 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылады екен. Бұл күллі ауданның қызметке қабілетті халқынан да көп. Бұрынғы уақытта кеніште болған келеңсіздіктер белгілі. Ертеңгі күні осыншама адамның қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Одан әрі, Атыраудан Теңізге бет алған ауыр жүк Құлсарыға баратын жолды түгелге жуық жауып тастаған. Оны тасымалдаудың басқа реті болмады ма?

Жауап: Кенішті игеру барысындағы бұрынғы оқиғалар сараланды, қателіктерден сабақ алынды. Алдағы уақытта мердігер мекемелермен қарым-қатынас жаңаша жүргізілмек. Олардың басшыларымен жиі кездесіп, жұмысшылармен ешқандай кикілжің болмауы бағытында бірлескен әрекеттер істейміз. Ал, ауыр жүктерге келсек, оларды кенішке жеткізудің өзге тиімді жолы табылмады. Теміржолшылар мұндай ірі қондырғыны тасымалдай алмайтындықтарын айтты.

Думан ЕГЕЖАН, студент-эколог: Осы жүкті межелі жеріне жеткізу үшін қанша уақыт қажет?

Жауап: Егер ауа райы қолайлы болса, онда екі аптадай мерзім.

 

Түйін

Міне, Келешек кеңею жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалауға арналған қоғамдық тыңдау осылай өтті. Ол үлкен ұйымшылдығымен, жоғары белсенділігімен ерекшеленді.

Әйтсе де, материалымыздың соңғы нүктесін қояр алдында біраз түйткілді жайларды да айта кетелік. Әйтпесе, әділдік болмас. Жылыойлық еңбек ардагері Қален КІДІБАСОВ бірлескен кәсіпорынның өңірдің әлеуметтік ахуалын сауықтыру бағытында біраз іс тындырғанына тоқталды. Бастапқы кезде көп кемшіліктер болғанымен, қазір бәрі реттелгенін тілге тиек етті.

Академик Муфтах ДИАРОВ әдеттегідей әр нәрсеге сын тұрғысынан баға берді.

– Ілеспе газдың ауада текке жанбай, – деді ғалым, – жер қойнауына қайта айдалуын құптаймыз. Сайып келгенде, түбі осындай жоба қолға алынарын білгенбіз. Өйткені, тұңғиық тереңнен өнім өндірілген соң жер қыртысында қуыс пайда болады. Міне, соны толтыру керек. Қабат қысымы да кемиді. Оны да қалпына келтіру қажет. Сондықтан, қайталап айтқанда, осындай жоба ертелі-кеш жүзеге асырылуы тиіс еді.

Алайда, жаңа жобаның қоршаған ортаға әсеріне байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандар оның қорытындысын халыққа сауатты жеткізуі керек. Әйтпесе, ұсынылған бағалау болжам ғана, дәлдік жетіспейді. Мәселен, о баста кеніштен өндірілер әр тонна мұнайға шаққанда залалды заттар мөлшері тым аз болуы тиіс еді. Енді еселеп артып отыр.

Жылыой ауданында дерт көп. Облыстың өзге өңірлерімен салыстырғанда жылыойлықтар жиі ауырады. Жалпы, жаңа жобалардың қоршаған ортаға әсерін бағалағанда қажет мәліметтерді медициналық мекемелерден алған абзал. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында да мұндай деректер болуы ықтимал.

Қоғамдық тыңдау кезінде көп сауалдарына жауап ала алмаған ақсақал ренішін де жасырмады. Үкімет пен бірлескен кәсіпорын басшылығы келісіп, жаңа жобаның табиғатқа тигізер әсері әбден нақтыланғанша оны жүзеге асыруды кейінгі қалдыруды да ұсынды.

Ал, «Глобус» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА жобақұныныңаталмауын айтты. Келешек қазылар ұңғымалар қанша өнім береді? Жер қойнауы мұндай салмақты көтере ала ма? Қоршаған ортаны қорғау шараларында бәрі қамтылған ба?

Бұл айтылғандарға өз тарапымыздан қосарымыз – қоғамдық тыңдаудың мәні мен мағынасын кейбір қатысушылардың жете түсінбеуі. Жалпы, қоғамдық тыңдау дегеніміз не? Ол – алдымен, заңмен бекітілген шара. Мақсаты – ірілі-ұсақты жобалар жүзеге асырыларда жұртшылық пікірін білу. Рас, мұнда ақырғы шешім қабылданбайды. Бірақ, хаттама толтырылып, айтылғандар назарға алынады. Қанша дегенмен, халықтың көзі қырағы. Ол еш нәрсені қалт жібермейді. Ендеше, әңгіме осы төңіректе ғана қозғалуы қажет. Сондықтан, бәзбіреулердің жеке мәселесін көтеруі тіпті де келеңсіз. Мінбені инвесторларды мақтау үшін пайдалану да орынсыз. Мұндай сөзге жиналғандар түгілі, шетелдіктердің өздері де құлақ аспайды. 

Тағы бір мәселе – табиғатқа тигізілер залалды зерттеушілерді компания өз қаражатына жалдағандықтан, олардың мәліметтеріне сенімсіздік танытылуы. Дұрыс, мұндай түсінік қалыптасқан. Бірақ, тағы да қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, мемлекет жеке компаниялардың қажетіне қаражат бөлмейді. Демек, өз қызметінен қоршаған ортаға тигізер әсерді анықтауға кәсіпорындар өздері қаржы жұмсайды. Ал, осы іспен шұғылданатын мекемелер міндеті – сауатты сараптама жасап, әділ бағасын беру. Осы орайда ғылыми институттар өз беделіне нұқсан келмеуін ойлауы шарт.

Ақырында, тағы да айтамыз, қоғамдық тыңдауда кейбір сауалдарға  нақты жауап берілмеді. Жалпы, осындай шаралардан байқайтынымыз – мамандардың тура сөзден орағытып өтуі. Осы жолы да академик Диаровтың көп сауалы жауапсыз қалды. Ақырында, қағаз жүзінде хабарланатыны айтылды. Одан өзгелер қалай құлақтанады? Рас, мамандар өздеріне жүктелген тапсырма төңірегінде ғана сөйлеп, өзге мәліметтерді жадына сақтамауы да мүмкін. Әлде, жұртшылықтан жасырын сыр бар ма?

Сонымен, Келешек кеңею жобасына қатысты қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Инвесторлар жұртшылыққа өз ойын жеткізді, көпшілік пікіріне қанықты. Керегі қажеттілікке алынары күмәнсіз. Қайткенде де, Теңіз кенішінде жаңа жоба жүзеге асырылады. Таяудағы екі-үш жылға жұмыссыздық мәселесі де реттеледі. Мыңдаған жұмысшылар осында ағылады. Мердігер мекемелерге үлкен жұмыс көлемі табылады. Алыс-жақын шет елдерден ғана емес, республиканың да түрлі өңірінен мамандар келеді. Жасыратыны жоқ, криминалдық ахуал да асқынуы ықтимал. Ендеше, оған да дайын болу қажет.

Сөз жоқ, өндіріс ошақтары мол шоғырланған жерде табиғатта өзгеріс болады. Ол о бастағы табиғи қалпында сақталмайды. Теңіз кенішін игеру барысында Жылыойдағы қоршаған орта күрт өзгерді. Алда да ахуал оңала қоймас. Қоғамдық тыңдау сол үшін ұйымдастырылды. Ендеше, мұнда айтылғандарға компания басшылығы назар аударуы тиіс. Өйткені, жаңа жобалар қаншама жарқын болғанымен, соның нәтижесінде қаншама көп өнім алынғанымен, соның бәрі де адам саулығына татымайды. Мол мұнай табиғатқа ауыстырылмайды. Жиналғандар осындай ортақ пікірмен тарасты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз