Индерде Жайық өзеніне қатысты халықаралық басқосу өтті

Халықаралық  ХХІІ  «Жайық-Орал-2018» тарихи-мәдени, экология және спорт-туристік экспедициясы қойнауы құтқа толы Индер ауданында болды. Ресей Федерациясының Орынбор өлкесі мен Батыс Қазақстан облысы өкілдерінен құралған арнайы топ бірқатар нысандарды аралап, Жайық өзеніне қатысты алқалы жиында бас қосты.

????????????????????????????????????

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген туған жер мен табиғатты қорғау, оның экологиясын жақсарту мәселелеріне орай, «дөңгелек үстелге» жиылғандар батыс өңірі үшін аса маңызды су көзі саналатын өзеннің бүгінгі жай-күйі, шекаралық тіршілік нәрін бірлесе пайдалану секілді мәселелерді талқылады.

Экспедиция мүшесі, Орынбор қалалық кеңесінің төрағасы Ольга Березнева қос елдің арасын жалғап жатқан достық өзені – Жайықтың экожүйе-сін жақсартуға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Орынбор облыстық заң шығарушы жиналысының комитет жетекшісі Ольга Хромушина да қос елде бұл бағыттағы әлі көптеген жұмыс атқарылатынына тоқталды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев рухани жаңғыру жұмыстарын жаңа сатыға көтерген Елбасы мақаласындағы көрсетілген міндеттердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, осы бағытта атқарылып жатқан істерді кеңінен баяндады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ерлан Күмісқалиевтің қоғамдық бағыттағы ілкімді жұмысы жерлестерін ғана емес, қонақтарды да елең еткізді.

«Дөңгелек үстел» қорытындысында экспедиция жетекшісі, «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық қозғалысы» қоғамдық ұйымының төрайымы Елена Тарасенко халықаралық шараға ұласқан экспедиция жұмысын одан әрі кеңейтіп,  Башқұртстан мен Челябинск облыстарын да тарту көзделіп отырғанын атап өтті. Ортақ міндет – Жайық суын молайтып, арнасының тазалығын сақтау, қос жағасында экожүйенің қалыпты жағдайға жеткізу.

Бұдан соң, экспедиция мүшелері Индербордағы музейге қойылған тарихи жәдігерлермен танысты. Дендер күмбезіндегі «Димаш төбеде» болып, тұз көлінің кереметіне қанықты. Содан соң аудан өнерпаздарының концерттік  бағдарламасын тамашалады.

 

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*