Рамазанның құрметіне Атырауда «Ел үлесі – пәтерге» жобасы іске қосылады

manjali mosque in atyrau kazakhstan 13 Жаңалықтар

Аtr.kz/1 мамыр, 2019 жыл. Қасиетті Рамазан айының құрметіне Атыраудың бас мешіті «Зекет» қорымен бірлесе отырып, «Ел үлесі – пәтерге» жобасын іске қосқалы отыр.

Бұл туралы «Атырау – Ақпарат» медиахолдингі базасында өткен баспасөз-конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров мәлімдеді. «Қазіргі таңда мешіттер тарапынан әлеуметтік тұрмысы төмен, көп балалы, жалғыз өзі бірнеше бала тәрбиелеп, мұқтаждық жағдайда қалып отырған отбасылардың тізімі жасақталуда. Жоба жамағат ерікті түрде берген зекет, садақа есебінен жүзеге асырылады. Мешіт қызметкерлері және жамағат тарапынан арнайы комиссия құрылып, қаржының есебі жүргізіледі. Осылайша, комиссияның ортақ шешімімен мұқтаж отбасыларға баспана алынып берілетін болады» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

1827203

Тағы бір жаңалық – Рамазан айында Атырау облысының бас мешіті «тегін такси» жобасын іске қосқалы отыр. «Мәселен, Тарауық намазы отыз күн бойы оқылады. Және 20 рәкат Тарауық намазы түнгі 00.30 – 1.00-ге таман аяқталады. Осындайда, қарттарымызды, әжейлерімізді тегін таксимен үйлеріне дейін жеткізіп салып отыруды ойластырып отырмыз» дейді Бас имам.

Ерекше айта кетерлігі, қасиетті ораза кезінде Атырауда Құран жарысы өтеді. Орталық «Иманғали» мешітінде өтетін Құран жарыс екі кезеңде жүреді. Яғни, сайысқа 12 жасқа дейінгі бүлдіршіндер және 12 – 30 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, өзара бақ сынасады. Сондай ақ, дәстүрлі ауызашар дастарханы облыстағы барлық мешіттерде жалғасады. Мәселен, бір ғана орталық «Иманғали» мешітінде күн сайын кемінде 750-800 адамға ауызашар беріледі. Осы мақсатта облыстың бас мешітінің ауласынан алты бірдей киіз үй тігу жоспарланып отыр.

1827201

«Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы әрі нығметі. Бұл айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Алланың разылығын алуға мол мүмкіндіктер бар. Құран Кәрімде айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген қайырлы амалдың сауабын санау мүмкін емес. Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтер. Және сондай оразаға дәрмені жетпейтіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар). Ораза – Алла Тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат» деп атап өткен Бас имам Батыржан Мансұров одан әрі журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Еске сала кетелік, биыл ораза 30 күн. Пітір садақа мөлшері – 300 теңге. 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн – қасиетті Қадір түні. 5 маусымда жергілікті уақытпен 7.00-де Айт намазы оқылады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз