Ернар Абзалов, дінтанушы: Шағатай тілінде мол мұра бар

SHa atay tilinde mol m ra bar Қоғам

«Қазақ даласындағы ислам тарихы тым әріден бастау алады. Біздің алдымызда рухани лидерлеріміздің көне шағатай тілінде жазып қалдырған мұраларын ашып, зерделеп, қайта жаңғырту міндеті тұр. Бұл – тарихтың талабы» дейді «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының тарихшы – дінтанушысы Ернар АБЗАЛОВ.

 Шағатай тілінде мол мұра бар

Мәзһаб және ұлттық болмыстың мәні

– Жақында Атырауға сапары аясында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мүфтияттың қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғыртуды негізгі бағыт ретінде қарастырып отырғанын айтты. Осы тұрғыда пікіріңізді білсек.

– Қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғырту, ең алдымен, тарихи сұраныс. Осы ретте халқымыздың мұсылмандық мектебі деген тақырыпты тереңірек ашып алайық. Қазақ өзін әлімсақтан мұсылман атаған халық. Мұсылмандықтың да әртүрлі мәзһабтары бар екендігін ескерсек, әр халық исламды өзінің салт-дәстүріне, болмысына негіздеп ұстанады.

Қазақтың территориясы өте үлкен болғанына қарамастан, кезінде халқымыз діннің біртұтастығын сақтай білген. Себебі, ата-бабаларымыз әу бастан мұсылмандық мектепте Бұхара медресесіне басымдық берді. Асан қайғы, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуақас қажы Ғылманидің өзі ең соңғы сөзді Бұхара медресесіне берген екен. Демек, қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп Бұхара медресесімен тамырлас жатыр. Кейін ата-бабаларымыз Орынбор, Уфа медресесінде оқи бастады.

Мұсылмандық мектептің тарихы тереңде

– Осы ретте мәселені нақты кезең немесе сатыға бөліп қарастыра аламыз ба? Бұлай деуімізге кей топтардың «қазақ әлімсақтан шаманизммен адасқан» деген ұстанымдары себеп болып отыр.

– Қазақ даласындағы мұсылманшылық мектептің дамуы бес кезеңнен тұрады. Ең бірінші кезеңнің бастауында Қарахан дәуірі тұр. Бұл сегізінші, оныншы ғасырлар. Он үшінші ғасырда моңғол-татар шапқыншылығынан кейін медреселер қиратылып, қазақ даласындағы мұсылмандықтың бірінші кезеңі аяқталды. Екінші кезең Алтын Орда дәуірінен басталады. Берке хан, Өзбек ханның тұсында ислам діні жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Осылайша, Самарханд, Сығанақтың беделі өсті. Тарихи түрлі факторлардың әсерінен Алтын Орда ыдырығаннан кейін діннің дамуы белгілі бір дәрежеде тоқтап қалады. Үшінші кезең Қазақ хандығының құрылуынан бастау алады. Керей мен Жәнібек ханның дін ұстанғаны, медресе көргені өз алдына бөлек әңгіме. Десе де, алғашқы хандарымызға Асан қайғы сынды тұлғалардың ұстаздық етуі – қазақ даласында жазба исламнан гөрі, исламның ауызша формада көптеп тарауына ықпал етеді. Мысалға, Бұқар жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деп басталатын толғаулары халқымыздың дінмен байланысын бәрібір айқындай түседі.

Түрлі жаугершілік заманды бастан өткерген Қазақ хандығы тұсында тоқыраулардың болғаны, қалыптасқан күрделі ахуалдың халқымыздың Ресей патшалығының қол астына өтуіне дейін әкелгені тарихтан белгілі. Хандықтың әлсіреуі, халқымыздың толықтай Ресей патшалығының қоластына өтуі діннің дамуына бәрібір өз әсерін тигізеді. Бұрын қазақ халқының дені ауыл молдаларынан сауат ашқан болса, кейін медреселер ашыла бастайды. Ол медреселер негізінен Ресей патшалығының территориясында орналасады. Айталық, сол замандарда қазақтар тарапынан Орынбордағы Хусейн медресесіне, Уфадағы Ғалия медресесіне сұраныс күшті болған. Осындай оқу орындарын бітіріп келген жаңа толқын қазақ даласында жаңашыл интеллигенцияның қалыптасуына ықпал етеді. Осы толқынның бастауында Балғожа бидің баласы Ыбырай Алтынсарин, Құнанбай қажының ұлы Ибраһим, яғни, Абай, алашордалықтардың көсемі – Ғұмар Қараш тұр.

Тарихтан белгілі, төңкеріс нәтижесінде Ресей патшалығы жойылып, Кеңес Үкіметі құрылады. Жаңа үкіметпен бірге атеизм келеді. Нәтижесінде тағы да медреселер қиратылып, құндылықтар тоқырайды. Ал, қазір қазақ даласындағы ислам дінінің бесінші кезеңі басталды. Тәуелсіздігімізбен бірге асыл дініміз оралып, қазақ даласында бұрын-соңды  болмаған ұлы өзгерістер орын алуда. Тұңғыш рет  Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті ашылып, исламтанушылар дайындайтын ғылыми орталық өз елімізде жұмыс істеп жатыр.

Меніңше, қазақы мұсылмандық мектепті жаңғыртуды аталған сатылардың бірінші кезеңінен бастап оқыту талай ақтаңдақтардың ашылуына ықпал етеді.

Рухани лидерлеріміз қайда?

– Ислам дінінің қазақ даласына тараған сан ғасырлық тарихы туралы өзіңіз біраз деректер келтіріп отырсыз. Осы ретте қазақ даласында өткен діни лидерлерден кімдерді атар едіңіз?

– Қазақ – әу бастан Қабанбай, Бөгенбай сынды қолбасшыларды дәріптеген халық. Бұл жағдайға «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың қилы-қилы жаугершілік замандарды бастан өткергені себеп болуы мүмкін. Әйтсе де, халқымызда діни, рухани лидерлер болмады деп те айта алмаймыз.

Мысалға, өзбек ағайындар Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф ғалымды өздеріне діни ұстаз санайды. Ресейдегі мұсылман халықтар Равиль Ғайнутдинды рухани ұстаз ретінде төбеге көтереді. Біздің даламызда да мұндай рухани лидерлер болды. Айталық, Науан хазірет, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды тарихи тұлғаларымыз өз алдына бір төбе. Абай Құнанбаевты мұсылмандықтың заңғар шыңы десек те болады.  Кеңес Үкіметі тұсында Сәдуақас қажы Ғылмани деген үлкен ғалымымыз болды. Бұхара медресесінен ілім алған Сәдуақас қажы өлең-жырлары, еңбектерінде қазір жас жігіттеріміз жалау қылып көтеріп жүрген  ақида, сенім мәселелерін сол кезде жазып қалдырған екен. Бірақ, ол кісі еңбектерін шағатай тілінде жазды. Біздің діни тұлғаларымызға ортақ бір мәселе осында жатыр. Яғни, дін мәселесіне қатысты жазбаша деректердің дені көне шағатай тілінде жазылған.

Ал, қазіргі кезде бұл көне тілді меңгеріп жүргендер арамызда өте аз. Марқұм Ақселеу Сейдімбек атамыз Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегін аударған кезде соншалықты қуанған едік. Бірақ, қазір Ақселеудей атамыз бар ма?

Тарихтан белгілі, кезінде Ақтөбе өңірінде Досжан атты хазірет өткен. Меккеге үш рет барған хазірет 5000 орындық мешіт салдырған, 150 орындық медресе ашқан деседі. Атырау өңірінің өзінен көптеген мысалдар келтіруге болады.

Мәселен, Әйіп қажы тұтас жайық руының молдасы атанған аузы дуалы ақсақал болған. Құлсары жеріндегі Дүйсеке хазірет дінді таратуда, насихаттауда үлкен роль атқарған. Тарихта есімі қалған Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамбетовтің дінді таратудағы еңбектері өз алдына зерттеуді қажет ететін тақырып бола алады. Біз осы мәселелерді зерделеп, жинақтап, бүгінгі буынға дәріптеуге міндеттіміз.

– Өзіңіз айтып отырған осы дүниелерді жаңғырту процесін сіздіңше қандай қадамнан бастау керек?

– Рухани жаңғыру деген мәселенің өзі айналып келгенде дінмен тікелей байланысты. Меніңше, мұсылманшылық мектептің ең бірінші қадамын шағатай тілінің маңызын, мақсатын жаңғыртудан бастау керек. Себебі, бұл тілде жарыққа шықпай қалған көптеген мұра қалды. Алысқа бармай, Кеңес Үкіметі орнағанға дейінгі зират, құлпытастардағы жазуды оқи алатын ғалымдарымыз қазір некен-саяқ.

Екіншіден, Абайдың қара сөздерінің мәнін әлі күнге толық түсіне алмай жүрміз. Ескі мәтіндерімізді, көне әдебиеттерімізді қайта жаңғыртатын болсақ, мұсылманшылық мектепті жаңартудың жаңа деңгейіне көтерілеміз деп ойлаймын.

 Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Тақырыпқа тұздық

Дін ұстанатын жас жеткіншектер қазір «ақида» деген сөзді көп айтады. Діндегі талас-тартыстың барлығы осы ақида мәселесінен шығып жатыр.  Осы ақиданы кезінде қазақ өз арасында «иман шарт» деп атады. Иман шарты дегеніміз – Аллаға сенудің, Пайғамбарларға сенудің, періштеге сенудің, Алланың кітаптарына сенудің, тағдырға сенудің шарттарын көрсететін ғылым.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз