ХАЛЫҚТЫҚ ҰЯ, ҰРПАҚҚА МҰРА

 

Осы кезде өмірге жаңалық мол еніп, заман озғаны рас. Ал, киіз үйдің еш қажетсіз болып қалғаны рас па? Тал бесікте тербелген, тәй-тәй басқан сәбилік, тай мінген балалық шақтарын киіз үйдің ішінде, қыр қазағының ортасында өткізген біз қатарлы адамдарға оның елеусіз, ескерусіз қалғаны тек өзіміздің өткенімізге ғана емес, арғы-бергі аталарымыз бен бабаларымыздың салтына сатқындық жасаған сияқты көрінеді. Өз замандастарымызбен кейбір кеңес құру кезінде киіз үйдің кешегі болғаны ғана емес, бүгінгі, ертеңгі болмағы туралы да пікірлер айтатын едік. Енді сол ойларды ортақтасуға ұсынамын.

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ
ОРТАҚ МҰРАСЫ

Киіз үй – тек қазаққа ғана тән емес, көшпенді тайпалардан тараған бүгінгі халықтардың көбіне ортақ мұра. Алайда, әрқайсысының жасалуы мен әсемделуінде айырмашылықтар бар. Мәселен, моңғол, қырғыз, қалмақ киіз үйлері керегесі аласа, шаңыраққа тік уық шанышқан, жалпы тұрқы тапал келеді. Бұл шеберлердің олақтығынан емес, тігілуі, жонылуы, жиналуы оңай оңтайлылығынан болса керек. Ал, қазақ киіз үйі тұрмысқа тиімділігімен қатар, көрмеге қойғандай сыртқы көрнектілігімен, ішкі көркемдігімен ерекшеленеді. Оның сыртқы пішініне қарап-ақ планиметрия, симметрия, шар мен сфера сынды геометрия мен физика заңдарын кітаптарға қарап оқымаған дала ісмерлері әлемде аталған ғылымдар пайда болмай тұрған кездің өзінде киіз үйді небір дүлей дауылдар жыға алмайтын жұмыр, аспаннан апталап жаңбыр жауса да, су сыртымен сырғып ағатын күмбез етіп жасауынан тағы да табиғатпен үйлесім табудың тамаша үлгісін көреміз.
Қазақ киіз үйінің керегесі биік, уығы иік, шаңырағы шалқақ келеді. Үйдің қаңқасын құрайтын материалға қарағай, қайың емес, жас күйінде июге көнгіш, кепкенде сол қалпын сақтап қалғыш құба тал пайдаланылған. Уықтың бойы мен керегенің биіктігіне ұзындығы бірден жеткендей түзу өскен тал әрқашан дайын тұрмайды. Сондықтан қисық немесе бұраң біткен талдарды суға балқыта жібітіп, тезге салып оқтаудай түзетіп, сол қалпын сақтай қатайтып алады. Жарты шеңберлеп шендестірілген шаңырақ қоспасын бекітуге, кереге торларын топсалап көздеуге түйенің мойын тері көнін таспалайды.
Киіз үйдің ең кішісі екі керегеден итарқалаған қос. Одан үлкендері, кеңдері төрттен он екі қанатқа дейін, яғни саны сонша керегеден құралады. Керегелердің шеттерін айқастырып, әр тоғысты берік құрлармен орай бекітіп тастаған соң, ол мінсіз шеңберге, біртұтас тұлғаға айналады. Кереге басы сайын уық байлап, ұшын шаңырақ көздеріне сұғып болғанда үй қаңқасы дайын болады. Осынау көшпенділер баспанасы кейде ағаш үй аталатыны сондықтан. Киіз үй аталатын себебі аталған құрылымның сырты киіздермен қаптай жабылады. Олар үйдің бүкіл тұлғасын түгел және толық қамтитын, бірін-бірі көмкеріп тұратын үзік, туырлық, іргелік дейтін бөліктерден бүркеме етіп жасалады. Үй күмбезінің биігіне бекітілген шаңырақты төрткүлдеп пішілген, әр бұрышына бау тағып, оны белбауға байлайтын түндік жабылады. Түндік үй ішіне жарық түсіру үшін тәулік мезгілдеріне қарай көлеңке жаққа ашылып, түнде жабылып тасталады. Киіз үйдің керемет қасиеті – ішке сырттан суық пен ыстық өткізбейді. Жазира жайлауларда адамдар саф ауамен тыныстап, саялап тынығуы үшін туырлықтың етегі түріліп, іргелік түсіріліп, үй ішіне самал соқтырып қояды.

КИІЗ ҮЙДЕ ҚЫС
ТҮСКЕНШЕ ОТЫРҒАН

Мал бабына қарайлаған бабалар қыс бойы, кейінгі қыстау салған аталар қыс қаһарына мінген кезге дейін киіз үйдің ішінде болған. Мұндай кезде ішке суық кірмеуі үшін туырлық, үздіктерді қос қабаттап жапқан. «Қос туырлықпен үйді ұядай етіп, қаңтар келгенше қырда отырдық» деп өткен-кеткен туралы әңгіме шертетін ата-әжелеріміз күні кешеге дейін болды. Үй ортасындағы ошаққа қызуы шарпитын жыңғыл, сексеуіл, қоламталап маздайтын қи мен қу тезек жағып, қыстайтындар соғымынан, күздейтіндер қазан асы сойысынан ыстық тағам түрлерін, бүлкілдеп піскен сүтін, бұрқылдап қайнаған шайын далаға шықпай-ақ дайындап отырған.
Әрине, сырты келіскен киіз үйдің ішінде тұрмысқа оңтайлы, тұтынуға қолайлы мүліктер болуы және осы күнгі дизайнерлер «интерьер» деп атайтын көркем безендірілуі де үлкен мәнге ие. Ғасырлар бойы қастерлеп сақтаған дала салты бойынша шалғай мекендер арасында жеріне жете алмай түнге қалған, адасқан немесе жаңбырда жаураған жүргінші, жаздың ыстығында шөлдеген немесе қыстың суығында тоңған сапаршы жолда ұшыраған қазақ ауылына, ондағы қалаған әр үйіне қайырым қылар ықылас табатынына нық сеніммен ат басын бұра алады. Осындай құдайы қонақ-жолаушы сықырлауық есікті ашып, табалдырықты аттай бере «Ассалаумағалейкүм!» деп бір үйлі жан анық естіп, назар аударғандай сәлемдесер еді және бірден төрді, оң мен солды көзбен шолып шығар еді. Сонда Құдай тап келтірген үйдің тұрмыс ахуалына қарап біраз жайды аңғара алар еді. Жауап ретінде «Уағалейкүмассалам!» естіп, сәлемі қабылданған қонақ үй иелері отыратын, тұрмыс мүліктері тұратын оң жақпен емес, сол жақпен айналып төрге озады. Төрде ағаштан оюлы, сырлап немесе жұқа қаңылтырмен шілтерлеп жасаған, сыңғырлатып балта кілтпен ашатын сандық, оған қатарласа сол сияқты әспеттелген, үстіне көрпе-жастық текшеленген жүкаяқ тұрады. Үйдің адамдар кеңес құратын, ас-ауқат ішінен, көсіліп жататын аумақтарына жерден сыз бен ызғар өткізбейтін өре киіздер, төрге таман көп түсті терме, төменге бірөңді қақпа алашалар, оның үстіне күн сайын шаң-тозаң, ұсақ қоқыстан жеңіл сілкіп, тазартып алуға ыңғайлы, жібектей жұмсақ иленген құлын немесе тай терісі тулақ, қиюланған құрақ көрпе төселеді. Босағаның оң жағында дән тартатын диірмен, тары түйетін келі, ашыған ақты сақтаған саба немесе күбі, оған жалғас табақ, тегене, тостаған, ожау, қасық сынды тағам тартар ыдыстар сөреленген үлдірік, кебеже тұруға тиіс.
Одан әрі жерден кісі бойы биікте алалап өрілген жіпке немесе құрға көлденең асылған бақанға бет сүртетін сулық, қол сүртетін майлық сүлгілер, таза дастархан ілінеді. Керегенің қалған ашық тұстарына айнала алуан оюлы тұскиіздер тізіледі. Кереге бастары әзір ілгіштер. Оларда төр тұстан төмен қарай қасқыр тон, түлкі ішік сынды тәуір дүниелер, бойжеткен қызы бар үйдің құндыздаған сырт киімдері, күмістеген қамшы, биік қасты қазақы ер көрініске қойылады. Жастыққа жантайып жоғарыға көз салған кісі алуан бояулы жіптерден тоқылған туырлық, үзіктерді аспалы күйде ұстап тұратын, айқыш-ұйқыш құрларды, ұшы шашақталған желбауларды көреді. Келген, қонған үйінде ниеті түзу дастарханнан ірімшік, құрт, қарынға сақтаған сары май сияқты бар мәзір тағамдар татып, алдына құдайы қонақ сыбағасы – сүр асқан табақ тартылып, жақсы ұйықтап, жайлы тынығып аттанған жолаушы жолдағы барған жерінде, жеткен өз елінде әлгі үйдің ықыласы мен ырысын мақтап, бір дастарханда бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем жолдап жүреді. Қонақтың бір ауызынан шыққан мадақ сөздер біраз елге естіліп, оған үй иесінің өзі мерейленіп, аты беделденіп отырады. Сан ғасыр қазақтың сан ұрпағы бесіктегі кезінен бастап дала жұртының салтын біліп, киіз үйдің игілігін көріп өсті. Өзі алған үлгілерді өз ұрпақтарына үйретіп, күні кешеге дейін жеткізді.
Кешеге дейін болатын себебі, қазір қазақ қолөнері үлгісінде керегі көктеп, уық иіп, шаңырақ шеңберлеу жоқ. Киіз үй іспетті темірден жасалынған, тент жамылған кеңдеу күрке сияқтылар көбірек кездесті.

ҚЫЗ ЖАСАУЫНА
КИІЗ ҮЙ СҰРАҒАН

Киіз үй мен оны жасаушы шеберлер туралы сөз қозғалса, адамдардың айтатыны тек өткен шақ туралы естелік болып шығады. Құрманғазы, Индер, Исатай, Жылыой аудандарында бұл күндері тиісінше бар бабымен, көркімен жайнаған бірнеше көрнекті киіз үйлер бар. Олардың бәрі де осы заманда жасалғандар емес, бұрынғы қалпында сақталғандар. Осыдан жарты ғасырға жуық бұрын венгр халқының Хун заманынан бергі тектік төркінін көп ізденген, түрік-қыпшақ тілінен қалған түбір сөздерді көптеп тапқан тарихшы-түркітанушы, ұлты мадияр, марқұм Қоңыр Монтеки Кең Жылыойдың қызы Айшаға үйленгенде күйеудің қалауы, қыздың жасауы ретінде облыстағы ең көрнекті киіз үйді сұрап алған. Сол киіз үй Венгрия (Хунгария) мемлекетінің Будапештегі бас мұражайында әлі тігулі тұр деп естиміз. Ал, біздің облыстық мұражайымыздың үлкен залына киіз үй тігіп қоюды күні кеше ғана еске алдық.
Облыстың соңғы 20-30 жылдық тарихында ел ішіндегі киіз жасауды көрген, білген шеберлерді жинап, сегіз қанат нағыз қазақы киіз үйді жасатқан, тиісті көркімен жайнатып ұстаған бір-ақ мысал бар. Оның мынадай мәні бар. 1938 жылы Гурьев облысы алғашқы рет құрылғанда құрамындағы бес ауданның бірі, қазіргі Индер, Махамбет аудандарын және Қызылқоға ауданының батыс бөлігін қамтитын Есбол ауданы еді. Кейін оны біраз жыл басқарып, болашақта үш бөлінетіндей негіз қалаған, өз кезі үшін белгілі бір даму белесін жеткізген кісі – Еділ-Жайық еліне еңбегі елеулі, есімі сыйлы Қуанышкерей Сұлтанов еді. Аталған үйді жасатқан сол ағаның ұлы, өткен ғасырдың соңғы кезінде Есбол кеңшарының директоры болған ел азаматы – Руслан Сұлтанов. Ол бұрын аудан, ауыл азаматтары болған ақсақалдарға, «өлкемізде алғаш облыс, аудан құрылғаннан бері үлкен шаңырақтың біріміз, өткен тарихымыз құрметті, қарттарымыз қадірлі, ауылымыз абыройлы болсын, кейінгі жастар ауылымыздың аймаққа беделді екенін біліп жүрсін» деп отырар еді марқұм. Бұл өзіне үлкен үй тұрғызу емес, ауылы үшін үлкен киіз үй құрғызу дейтін жаңа бастама болған. Алайда, оны басқа аудандар мен ауылдар үлгі етіп, іліп әкетпеді. Мұндай іске басшылары мән беріп, бастамашы болса, елі ерсі демес еді, әрине.

Әлібек ҚАЙЫРОВ.
(Жалғасы бар)

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*