Голливудтағы қазақ. Бен Гур

Тимур БекмәмбетовГолливудтағы үлкен деңгейге шыққан жалғыз қазақ (әзірше). Сондықтан да, елде отырып алып, «тақымын қысып», оны сыртынан мақтан тұтып жүретіндер жетерлік. Ол да орынды. Жүз миллион долларды «Парамаунт пикчерз» кім көрінгенге ұстата салмайды. Голливудта біз білетін, білмейтін қанша режиссер бар, ондай ірі бюджетті фильмге екінің бірінің қолы жетпейді. Бекмәмбетов жеткен екен. Ер. Бірақ, бұл, жұмыстың жартысы ғана. Абыройың толық болу үшін киноңды ұялмайтындай етіп түсіру керек.

Ендеше, оның жаңа фильмі «Бен Гур» деп аталады. Кино әлеміне қызықпайтын болсаңыз, көшекөшедегі билбордтардан аттың үстінде ақырып тұрған брюнетті байқаған боларсыз. Бен Гур деген сол. Ал, киноға аздап қызығатын болсаңыз, «Аға мен іні. Империя мен құл…» деп келетін, пафосты трейлерін көрген де шығарсыз. Ал, киноға өте қызығатын адам болсаңыз, 1959 жылы Уильям Уайлер түсірген «Бен Гурды» көрмеуіңіз мүмкін емес.

Сонымен, Бекмәмбетов өте тартысты, эпикалық масштабқа сұранып тұрған оқиғаны (1880 ж. шыққан Л.Уоллестің әйгілі романына негізделген) түсіргісі келді. Бірақ, ол ағаттық жасады. Голливудтың алтын тәжін киген, бір емес, он бір «Оскар» алған мақтаулы дүниеге «қол көтерді». Ремейк, әсіресе, жаппай жақсы көрілетін классикалық киноның ремейкіқауіпті нәрсе. Жоғарыда айтылған Уильям Уайлердің «Бен Гуры» Америкада мейрам сайын эфирден берілетін біздің «Қыз Жібек» сияқты, Голливудтың канондық дүниесі. Сөйткен әулие фильмді, қайдағы бір Дон Кихот Бекмәмбетов келеді де, басқаша түсіреді. Әрине, түпнұсқаны жатқа білетін сыншылар шоқпарын алып өре түрегеледі. «Индепендент», «Гардиан», «Нью Йорк Таймс», «Вашингтон Пост», басқа да басылымдар осы күндері Тимур Бекмәмбетовті қансорпасын шығарып сынап жатыр.

Әділетсіз дейін десең, Абайша айтқанда, Бекмәмбетовтің өзі «виноват». Тимур мен оның командасынан тагонист пен протогонист, иудей Джуда мен римдік Мессаланың жай ғана достар болғанын місе тұтпапты. Оларды (ғайыптан қанша градусқа тайып кетсе де) бір үйде тәрбиеленген бауырлар еді дейді. Мессала еврейлердің қолында аса бір махаббатқа бөленбейақ, Джудамен жарысып өсіп келе жатқан асыранды ұл екен. Күндердің күні ол Гурлар үйінде өзінің артық екенін сезіп, кетіп қалады да, біраз жылда әскербасы болып оралады. Бауырлар қайта табысады, бірақ енді екеуі ырғасып жатқан екі халықтың өкілі. Джударимдіктерден бостандығын алғысы келетін иудейлер ханзадасы, МессалаИерусалимдегі зираттарды қиратқан римдіктердің әскербасы. Осындай ширығысты жағдайда Мессаланың тікелей басшысы префект Понтий Пилат Иерусалим көшесімен салтанатты түрде жүріп өтетін болады. Қас қылғандай, Гурлар үйінде жасырын емделіп жатқан төңкерісші Понтий Пилатқа садақ кезейді. Әскербасы ашуға мініп, «көтерілісшіні ұстап бермеген» Джуданы құлдыққа айдауға, шешесі мен қарындасын айқышқа керуге (ол заманда сатқындарға жиі қолданылатын жаза) пәрмен береді (Киноның әр тұсында бір шығып, ақылды сөздер айтатын Иса Пайғамбарды да көресіз). Бес жыл айдауда кеменің ескегін есіп, бұлшық ет жинаған Джуда ақыры Иерусалимге оралады. Мессала бұрынғыдан да күшейіп алған: Римнің мақтанышы. Енді Джуданың бар арманыМессаланы жарыста қапы қалдырып, кегін қайтару. Не керек, адреналині жоғары арбамен жарыс сахнасы аяқталғаннан кейін, Исаның өлімін көрген Джудамыз тәубесіне келеді.

Әсия Бағдәулетқызы.

(Жалғасы бар)

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*