ГЕРМАНИЯДАН ЖЕТКЕН ҚОЛА

Атыраулық отырып ойнау волейбол командасы Германияда өткен халықаралық «Лейпциг кубогі» паралимпийлік турниріне қатысып, қола жүлдені қанжығасына байлады. 

Саксони жеріне жаһан жүзі мойындаған мықтылардың мықтысы жиналып, ең үздігін анықтады. Атап айтқанда, әлем және Азия біріншіліктерінің бірнеше мәрте жүлдегерлері Мысыр, Германия, Украина және Финляндия елдерінен құрама командалар бас қосты. Ойын иелерінің өздері германиялық 8 команданы сайысқа қосты. Осынау әлемдік спорт додасына Қазақстан ұлттық құрамасының негізін құраған атыраулық команданың шақырту алғаны – қуанышты жағдай. Германияда алғаш ойын көрсетіп отырған атыраулық спортшылар ел сенімін абыроймен ақтады. 

– Жартылай финалға дейінгі бес кездесуден де сүрінбей өттік. Оның үшеуінде – Магдебург, Леверкузен, Мысыр командаларын жеңіп, бір ойында ғана Украина құрамасына есе жібердік. Ал, Лейпциг құрамасымен кездесуде тең нәтиже көрсеттік. Үшінші орынға талас біз үшін оңайға түскен жоқ. Бас қарсыласымыз болған финляндиялық спортшыларды 18:16 есебімен жеңіп, жанкүйерлердің сенімінен шықтық, – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, осы ойында топ капитаны болған Бауыржан Тахауов.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*