ГАЗ-ХИМИЯ КЕШЕНІ – КЕЛЕШЕКТІҢ ЖОБАСЫ

Нақтылай кетсек, бұған дейін де айтылып жүргеніндей, жобалық құны 6,3 миллиард АҚШ долларын құрайтын «Атырау облысында алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу» жобасы республикамыз бойынша қабылданған үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген серпінді жобалардың бірі болып табылатындығы да мәлім.
Бұл кешеннің құрылысы қазірде салынып жатқан Қарабатандағы «Болашақ» мұнай өңдеу зауытына таяу маңда жүргізілмек. Және де ол жалпы аумағы бірнеше жүздеген гектарды қамтитын арнайы экономикалық аймақтың басым бөлігін қамтымақ. Білгеніміздей, қазірде мұнда келешекте бой көтеретін теңдесі жоқ заманауи кешеннің құрылысын бастауға дайындық шаралары жүргізілуде. Хабардар болғанымыздай, серпінді жоба сәтімен жүзеге асқан кезде газ-химия кешеніне кіретін зауыттарда өндіріс пен өнеркәсіп кәсіпорындарында тұтынылатын, тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты қолданылатын 500 мың тонна полипропилен мен 800 мың тоннаға дейін полиэтилен өнімдері шығарылады. Жоспарланғанындай, жоба соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған бірнеше қуатты қондырғыдан және мамандар мен жұмысшы-қызметкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына қолайлы жағдай туғызып, мүмкіндік беретін инфрақұрылымдардан тұрады. Бастапқы кезеңі «KPI Inc» компаниясы қаражатының, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ, «Қазақстан Даму Банкі» және Қытай экспорттық-импорттық банкі несиесінің есебінен қаржыландырылады.
Бұл жайында қос палаталы Парламент депутаттарының осы жобаны іске асыруды қолға алған құрылымдар өкілдерімен кездесуінде егжей-тегжейлі баяндалды. Қосымша мәлімделгеніндей, жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары күшіне еніп, қарқын алған уақытта үш мыңдай адамды жұмысқа тарту межеленсе, нысанды іске қосқанда 450 маманды қамту, болашақта мұндағы қазақстандық кадрлардың үлес салмағын 95 пайызға жеткізіп, қазақстандық мазмұнның деңгейін арттырып, дәрежесін көтеру көзделген.
Әрине, мұның бәрі құптарлық жайт деп есептелгенімен кейбір қиындық туғызып, кедергі келтіріп отырған, шешімін күткен түйткілді тұстардың да барлығын оператор компанияның өкілдері жасырмады. Негізінен алғанда, олардың құрылысқа бөлінген жер телімін, кедендік, салықтық, экологиялық ережелер мен талаптардың орындалуымен, ішінара қаржыландыру мәселесімен, т.б. жағдаяттардың заңдастырылуымен байланысты екендігін аңғардық. Егер бірнеше сатыдан тұратын және бірнеше жылға созылатын өміршең жобаның бірінші кезеңіне енгізілген іс-шараларды тиянақтап, игілікке беру 2015 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланғанын ескерсек, туындаған проблемалардың шешу жолдарын кешіктірмей қарастырып, қағаздағы қатып тұрған құжаттардан гөрі нақты іске көшу қажеттігі, оған мемлекеттік деңгейде мән берілу керектігі кәміл.
Өндіріс басында ұйымдастырылған кездесуде көтерілген мәселенің мәнісі осыны меңзеді, айтылған әңгіменің түйіні де соған тірелді.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*