Гүлденіп, көркейе бер, Атырауым!

Қаланың 376 жылдығы үлкен ұйымшылдықпен аталып өтті.

Еуропа мен Азияның арасын жалғап, талай тарихи оқиғаны бастан кешірген Атырау өлкесі өткен демалыс күндері қайта бір түлегендей күйге енді. Ақ Жайықтың жағасы, кәрі Каспийдің сағасындағы Атырау қаласының 376 жылдығы облыс орталығында салтанатты жағдайда аталып өтті.

img_57042016-10-11-11-06_830x393_00b

Бүгінде Атырау жақсылар сүйінген, ұлт-ұлыстар ұғысқан сәулетті де дәулетті қалаға айналды. Бейбарыс сұлтан, Исатай-Махамбет, Саламат Мұқашев және Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры алаңдарында ұйымдастырылған шараларда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, спорты мен мәдениет саласының өркендеуі жан-жақты көрініс тапты.

 

Дәстүрге айналған  дода

Мереке байдарка мен каноэда  ескек есу спорттық жарысынан бастау алып, бұқаралық спорт–   жеңіл атлетикалық кросс пен велошеруге ұласты. Бұл шараларды  халықпен бірге облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, қала әкімі Серік Шәпкенов, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев  тамашалады.

Облыс тарихында ескек есу спортының өзіндік орны бар. Байдарка мен каноэда ескек есу спорты 1955 жылдан бастау алады. Содан бері бірнеше КСРО және Еуропа чемпиондары тәрбиеленіп  шықты.

Мереке күнгі додаға 25-ке жуық ескекші қатысып, 50, 100, 200 және 500 метр қашықтықтарға жарысты.

Жеңіл атлетикалық кросс спорты елімізде бұқаралық сипатта жаңаша дамуда. Мереке күнгі турнирге екі жүзге тарта спортшы қатысып, Жайық жағалауы бойымен шақырым жарым қашықтыққа жүгірді. Олардың басым бөлігі жастар болғанымен, егде жастағы спортшылар да бұл жарыстан қалыс қалмады. Жасы 55-ке келсе де үнемі салауатты өмір салтын насихаттап, түрлі халықаралық жарыстарға қатысып жүрген Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Асқар Қазиев осы жолы додаға өз шәкірттерімен келген екен.

Велосипедшілер облыстық әкімдіктің алдынан Қ.Сәтбаев көшесінің бойымен, Авангард мөлтек ауданы арқылы өтіп, Жеңіс саябағына дейін жарысты.

 

Мұнай тербелмесі – қаланың жаңа символы

Мереке қала сәулетіне сән беретін мұнай тербелмесінің ашылу салтанатына ұласты. Шараға шаһар басшысы Серік Шәпкенов, ардагер мұнайшылар, қала жұртшылығы  қатысты. Бұл шара барша атыраулықтардың, әсіресе, мұнайшылардың мерейін үстем ете түсті.

_eac0363

– Ғасырдан астам тарихы бар қазақ мұнайының игерілуі, еліміздің, облысымыздың игілігіне жаратылуы – тәуелсіздігіміздің жемісі. Қиын да күрделі саланың ескерткіші болсын деген ниетпен орнатылған архитектуралық нысан мұнайшы ардагерлердің еліміздің дамуына қосқан үлесінің көрінісі деп білеміз, – деді қала әкімі Серік Жамбылұлы.

Қала көркіне сән беретін сәулеттік нысан қаланың Еуропа бөлігіндегі орталық көпір табанындағы шағын жасыл алаң орнатылған.

– Бұл – өндіріс есебінен шығарылған СК-5 сериясының шынайы тербелмесі. Нысанның биіктігі – төрт метр, ал, жүк көтергіштігі – бес тонна. Оны орнату кезінде бюджеттің бірде-бір теңгесі  жұмсалған жоқ. Учаскені абаттандырудың бүкіл жұмысын «Құрманқұрылыс» компаниясы өз мойнына алды. Сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» АҚ да бізді қолдап, өз тербелмелерінің бірін тарту етіп, оны өздері орнатып берді. Нысан тек қатып тұрған ескерткіш күйінде емес, тәулік бойына қозғалыста болады, – дейді қала әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев.

Салтанатты шара барысында КСРО-ның үздік мұнайшысы, Қазақстан кен орындарын игеруші,  Құрмет орденінің иегері, «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин облыс мұнайшыларының, екі мыңға жуық сала ардагерлерінің атынан мұнайлы астананың жаңа ескерткішінің ашылуымен және қала күнімен құттықтады.

Сондай-ақ, мереке күні Жайықтың дәл үстінде көз тартарлықтай субұрқақтың да іске қосылуы басшылықтың атыраулықтарға жасаған үлкен сыйы  болды.

 

Бірлігіміз берекеге бастайды

Таңертеңнен бастап қала көшелерінде көптеген мерекелік шаралар жұртшылық назарына ұсынылды. Исатай-Махамбет орталық алаңында «Достық» үйіндегі этномәдени орталықтары ұйымдастырған концертіне шаһар басшысы Серік Шәпкенов қатысты.

_eac0252

Атырау қаласының туған күніне ұлттық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақ ән өнерінің үздік шығармаларын насихаттап, Қазақ елі туралы өз ана тілдерінде жазылған әндерді орындады. Бір мемлекетте біртұтас халық болып бейбіт өмір сүрудің үлкен бақыт, Қазақстан халқы жаңа әлемдегі жақсы тұрмыс кешетін саламатты ел екенін көрсетті.

 

«Ғасырлардан сыр шерткен – Атырау»

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қала тұрғындарына киіз үй ішінде көрмелер ұйымдастырды.

Мұражай қызметкері Динара Аманжолқызының айтуынша, киіз үй ішінде 200-ден аса жәдігер бар. Аса құнды жәдігерлер дәстүрлі қазақ қоғамында орын алатын теріден, жезден, ағаштан жасалған ыдыс түрлері, яғни, бұл жерде кесеқап, саптаяқ, бауырсақ салғыш табақтары, бас тамақ, ми салғыш, күмістен жасалған әшекей бұйымдары, қазақ әйелдерінің сырғалары, топсалы білезіктер, үлкенді-кішілі түймелері де орын алған. Көрме аясында атыраулық тұрғындарға сәндік-қолданбалы өнер үлгілері, сондай-ақ, өлкенің тамаша көрікті жерлері мен өнеркәсіптік-экономикалық даму жайлы фотосуреттер де көрсетілді.

Жәңгір ханның жұбайы Фатима ханымның камзолы мен басына киген қасабасының көшірмесіне және Жәңгірханның өзінің де шапанына қала тұрғындары ерекше қызығушылық танытты.

 

Суреттер көрмесі

Мерекелік шара аясында облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейі жергілікті суретшілер мен қолөнершілердің өнер туындыларының көрмесін өткізді. Көрмеге музей қорындағы туындылар және облыстық қылқалам шеберлері мен қолөнершілердің бұйымдары қойылса, ал, Атырау оқушылар орталығы, «Жас натуралистер», Исатай Тайманов атындағы орта мектеп, №34 лингвистикалық мектептің және «Жас Атырау» порталының «AtyrauLive» көрмелері жұртшылықтың назарына ұсынылды.

Жастардың отансүйгіштік қасиетін арттыру, олардың жаңаша ойлауына ықпал ету мақсатында қолға алынған көрмеге аталған жоба қатысушыларының түсірген әсем суреттері қойылды. «Жас Атырау» порталының редакторы Алтынай Серікбайдың айтуынша, оныншы тамызда басталған байқау қыркүйек айының соңына дейін жалғасты.  Бүгінде сайыс қоржынына 1000-нан астам сурет пен 40-тан  астам бейнекөрсетілім келіп түскен.

 

Жәрмеңкеде бәрі арзан болды

Алаңда тігілген киіз үйлерде азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, 20-дан аса кәсіпорын өз өнімдерімен таныстырды. Атап айтсақ, кондитер өнімдерін шығарумен айналысатын «Заман Групп» ЖШС, «Ландыш» ЖК, «Дәулет нан», «Сауран food», «Аннушка», «Печка пироговая», «Baizaar-Marko», «Амангелді» ӨК, т.б. кәсіпорындары өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Со­­нымен қатар балық өнімдерін шығаратын кә­сіпорындар да осы көрмеден табылды. Келушілер барлық өнімдерінің дәмін татып, азық-түлікті нарықтық бағадан біршама арзан бағаға сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Мерекелік концертпен бірге мұнда ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, арқан тартысу секілді бәсекелерге көпшілік таласа қатысып жатты.

_eac0621

 

Төреғалидың ән-шашуы

Шырайлы шаһардың үш жүз жетпіс алты жылдығына арналған шара Махамбет атындағы қазақ драма театры алдында үлкен концертпен қорытындыланды. Күннен-күнге көркейіп, өркендеп-өсіп келе жатқан облыстың бас қаласы төл мерекесін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында тойлады. Осыған орай, айтулы күні қаламызда үлкен өмірге қадам басып, отау құруға ниет білдірген 25 жас жұбайға Атырау қаласы әкімінің Алғыс хаты мен гүл шоқтары табысталды.

anu_1110

Одан соң мұнайлы мекен қонақтары мен тұрғындарын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады. Ол мемлекетімізде конфессияаралық және ұлтаралық келісім нығайып, халқымыз бірлік пен татулықтың арқасында бақытты ғұмыр кешіп отырғанын, осы орайда облыстың да жеткен жетіс-тіктері мен табыстарының аз еместігін айтты.

– Бүгінде Атырау шаһары  Астанаға қарап бой түзеп, жаңару, өзгеру кезеңіне қадам басты. Бірақ, облыс және қала басшылығы, атыраулықтар бұл жетістіктерге тоқмейілсімейді. Алға қарай да жетілдіріп, қызмет атқаратын мүмкіншіліктеріміз толығымен бар. Біз ортақ іске бір кісідей жұмыла кірісіп, күш-жігер біріктірсек, алмайтын қамал, аспайтын асу жоқ, – деді  облыс басшысы. Нұрлан Асқарұлы «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» жобасы аясындағы эстафетаның символикалық «Бәйтерек»  белгісін Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметовке табыстады.  Еліміздің тарихын, мәдениетін, дәстүрін насихаттайтын мега-жоба аясында облыстағы 72  елді мекенде мәдени, спорттық, қайырымдылық, басқа да  шаралар ұйымдастырылады.

Ал, Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиада ойындарының чемпионы, ауыр атлет Ниджат Рахимов  жерлестерін өзінің бейне-құттықтауы арқылы ерекше қуанышқа бөледі. Одан соң сахна төріне көтерілген аталмыш олимпиаданың жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит те жүрекжарды лебізін білдіріп, жұртшылықты облыстың бас шаһарының туған күнімен құттықтады.

Әрі қарай жергілікті және қазақстандық әншілер сахна төрін сазға бөледі. Сондай-ақ, думанды кешке отандық танымал өнер жұлдыздары Төреғали Төреәлі, Кәмшат Жолдыбаева мен Фарида Жолдасовалар қатысып, Атырау түнін әнмен әрледі. Концерттік бағдарлама соңы мерекелік отшашуға ұласты.

anu_1320

Бұл күні мерекені тамашалауға бұрын-соңды болмаған  халық жиналды.  Олар драма театры мен орталық көпір арасындағы алаңға сыймай тұрды. Бұл сөз жоқ, қала мерекесіне деген шексіз құрмет еді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ, Абай АҚМҰРЗИЕВ, Рита ӨТЕУҒАЛИ,

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ, Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Нұржан СЕРТЕКОВ,

 қала  қонағы:

– Атырау – «қара алтын»  астанасы. Қаламыздың көркейіп, гүлденгені біздің төбемізді көкке жеткізгендей. Халық үшін, ел-жұрт үшін ерекше мейрам. Осындай жақсылықтар, мерекелер көп болсын. Атырау қаласының  туған күні құтты болсын!

 

Дәмеш НҰРТІЛЕКОВА,

қала қонағы:

  • Дана халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөзі бар. Халықтың ынтымағы, татулығы, бір-біріне деген құрметі – ел өркендеуінің кепілі. Сондықтан, әсем қаламыз – бақ-береке бесігі болсын деп тілейік. Еліміздің болашағы баянды болсын! Әр шаңыраққа жақсылық, мол бақыт тілеймін.

 

Жандарбек Ермахашов-Самал Есқалиева,

жас жұбайлар:

–  Өміріміздегі маңызды сәттің қала күнімен тұспа-тұс келгеніне қуанып отырмыз. Облыс басшысының лебізін тыңдап, қала әкімінің Алғыс хатына ие болдық. Қуанышымыз еселеніп отыр. Облыстың, Атырау қаласының үлгілі отбасыларының бірі боламыз деп сенемін.  Қазақстан қалаларының ішінде өзінің ала-бөтен орны бар шырайлы шаһарымыз күннен-күнге дамып, өркендеп, өрлей берсін! Ғасыр қалаға айналсын!

1 комментарий

  1. Нурбек Бақытбаев

    Концерт керемет өтті, халық сонша көп жиналды, өнер жұлдыздары ойдағыдай өнер көрсетті, жоғары деңгей.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*