Фермерлікті таңдаған фотомодель

Назерке Кусесова – мамандығы бойынша экономист. Малайзияда ағылшын тілін оқытатын халықаралық мектепте оқыған. Оған қоса, мұнайшы мамандығын меңгерген. Сұлулық пен нәзіктікті бойына қатар жиған ару – сән индустриясына сәтті қадам басқан модель. Алайда, ол  – әке кәсібін жалғастырушы, нәзікжандылар аса бара бермейтін ауыл шаруашылығы саласына бет бұрған кәсіпкер.

фермерл¦кт¦ та__да__ан

Отбасылық бизнеске айналған «Айкөркем» шаруа қожалығы қазіргі таңда табиғи, таза ет өндіру ісін қолға алған. Батыс өңірін толығымен қамтып отырған бизнес иелерінің болашақта іске асырар жоспарлары мол. Экспортқа өнім шығарып, шаруашылықты көп салалы ету де – күн тәртібінде. Үлкен аумақты қамтыған шаруашылықта жергілікті тұрғындар табысты жұмыс жасап, отбасыларын асырауға мүмкіндік алған. Таяуда Астана төрінде бизнес өкілдері бас қосқан алқалы жиыннан оралған Назерке Берікқалиқызымен тілдескен едік.

Астанадағы бизнес форумнан оралдыңыз. Әсеріңіз қандай? Жеке өзіңізге қажетті қандай мәліметтерге қол жеткіздіңіз?

– Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлескен форум өте жоғары деңгейде өтті. Шетелдік меймандар, әсіресе, біздің ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпкерлік саласына қызығушылық танытты. Өзіме қажетті, кәсібімізді одан әрі дамыта түсуге керекті мағлұматтар алдым. Өзге елдердің озық тәжірибелерімен таныстым. Араб инвесторларының біздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға инвестиция салуға ниетті екендіктері және еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған бағдарламалар жайлы мәліметтерді молайта түстім. Өнімді экспорттауға қатысты да шетелдіктердің талаптарымен таныстық. Маусым айында өтетін Астанадағы экономикалық форумға шақырту алдым, осы тақырыптың жалғасын сол жиыннан табамын деген үміттемін.

Өміріңізді бір сәтте өзгертіп, фэшн индустриядан фермерлік бағытқа қадам басуыңызға не түрткі болды? Бұл атаанаңызға қолғабыс қылу мақсатынан туындаған шешім бе?

– Иә, шынымен де, бұл ата-анама қолғабыс қылсам деген ойдан туындаған қадам болатын. Әке-шешем алдындағы перзенттік парызымды өтеумен қатар, әкемнің өзі қалаған ісінің алға басуына сәл де болса септігім тисе екен деген ойда болдым.

Бастапқыда қиын болғаны шын. Мамандығым да басқа. Осы уақытқа дейін жүрген ортам да мүлдем бөлек-ті. Алайда, әке жолымен жүруді бәрінен жоғары қойдым. Отбасында үш қызбыз. Апам Алтынай – бұл салаға менен бұрын келген, тәжірибесі молырақ. Сіңілім Айкөркем – шет елде оқуда.

– «Айкөркем» шаруа қожалығы кеңею үстінде, таяуда тағы да жаңа серіктестік ашыпсыздар. Ол да тек ет өндіру бағытын қамтиды ма?

– Иә, жаңадан ашылған серіктестік те негізінен осы бағытты қамтиды. Яғни, асыл тұқымды малды өсіру мақсатын көздейді.

– Сіздің шаруа қожалығында нақты атқаратын жұмысыңыз қандай? Сүйріктей саусақтармен мал баптау, оны сою ісіне араласпайтын шығарсыз?

– Әрине, олай емес. Бұл жұмыстар толығымен әкемнің мойнында. Мен шетелдік нарықты игеру, тұтынушылық базаны көбейту секілді қызметтермен айналысамын.

– «Жас Отан» жастар қанатының мүшесісіз. Саяси мәселелерге де белсене араласатын боларсыз?

– Иә, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде де қоғамдық-саяси өмірге араласамын. Өңірдегі бизнес иелерінің жас өкілі ретінде күз айында мемлекет басшысының қатысуымен өтетін жастар форумына шақыртылғаным да осы істерімнің жемісі деп білемін. Ал, жоспарларымның қатарында қалалық депутаттыққа үміткер ретінде қатысу да бар екенін айта кеткім келеді. Алар асулар мен бағындырар белестерімнің көп екеніне сенімдімін.

– Сіз – фотомодельсіз. «Изабель Гарсия» секілді әлемдік брендтің де фотосессиясына қатыстыңыз. Негізінде, фотомодель мен шаруа қожалығының арасы жер мен көктей. Кей кезде қожалықты тастап, сән әлеміне біржола кету туралы ойламайсыз ба?

– Әрине, кедергіге ұшырамайтын кәсіпкер болмайды. Кей сәттерде осының бәрін тастап, көңілімнің қалауы бойынша фотостудиядағы өміріме қайта оралғым келеді. Бірақ, оған жол беруге болмайтынын да түсінемін. Модель болу – менің хоббиым. Одан қол үзбеймін. Таяуда «L`officiеl» танымал сән журналының мұқабасына түсуге шақырту алдым. Сонымен қатар, киноға түсуге де ұсыныс түсті.

– Бір жылдық тәжірибеңіз бар жас кәсіпкерсіз. Өзіңізді дамытуға мотивацияны, сабақты кімнен аласыз?

– Қай ісінен де үлгі алуға болатын, әркез алдымдағы жол сілтеушім, ол – әрине, әкем Берікқали. Біз Батыс Қазақстан облысынан Атырауға көшіп келген сәтте танысымыз да, баспанамыз да болмады. Шағын үй жалдап тұрдық. Әкемнің осындай талпынысын, өз ісіне деген сүйіспеншілігін көрген соң, жаның қалап, бір жұмысты жасасаң үлкен нәтижелерді бағындыруға болатынына көзім жетті. Бұдан соң, өз-өзімді дамытуға бар күшімді жұмсаймын, бизнес тренингтерге қатысамын. Кітап оқуды да әдетке айналдырған жөн. Күніне ең кемінде 20 минут кітап оқу қажет.

– Әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне орай демеушілік бағыттағы жұмыстарыңыз жайлы айта кетсеңіз.

– Бұл туралы көп айта берудің қажеті жоқ шығар. Біздің халқымызда «Жақсылық қылсаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр» демей ме?! Демеушілік таныту – біздің бұлжымас қағидамыз. Әркез қолдау білдіріп, мұқтаж жандарға қолымызды созып келеміз.

– Ауылда өстіңіз. Қарапайым отбасынан шықтыңыз. Өзгелерге табысқа жету жолында қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Ең алдымен, өз-өзіңе деген сенім мықты болуы керек. Қорықпау қажет.  нәтиженің оң боларына сенімді болсаң ғана  жетістікке жетесің. Мен кішкентай күнімнен-ақ белгілі бір жетістікке жетеріме сенімді болдым. Соған талпындым. Сол секілді, әсіресе, жастар, қазіргі таңда мемлекет  тарапынан беріліп отырған мол мүмкіндіктерді пайдаланып, көңілі қалаған істі бастаса екен деймін. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорының да бұл бағыттағы ұсыныстары көп екенін жастар білсе екен. «Агробизнес-2020» бағдарламасын, төмен пайыздық несиелерді толықтай пайдаланудың тетігін білсе, кез келген істі бастау қиын емес. Сөйтіп, біз жұртқа жұмыс тауып береміз, елімізді өркендетеміз. Бұны біз жасамасақ, кім жасайды?..

Гүлжан Әмірова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*