Еуразиялық Экономикалық Одақ: меже мен мүмкіндік

Жақында Бішкекте Еуразиялық Экономикалық Одақтың Үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев арнайы барған жиында Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясының Үкімет басшыларымен бірге, Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

экономика

Тұрақсыздық неге байқалды?

Кеңес отырысында баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық Экономикалық Одақтың екі жылдан астам уақытта тиімді интеграциялық бірлестік ретінде орныққанын атап өтті. «Дегенмен, бұл жылдар біздің елдеріміз үшін оңай болған жоқ. Сыртқы қозғаушы күштердің ықпалы, жаһандық қаржылық және тауар нарықтарының тұрақсыздығы байқалды. Осыған орай, Одақтың жалпы ішкі өнім көлемі 0,7%-ға төмендеді. Біздің өзара сауда айналымымыз 11%-ға азайды» деген Бақытжан Сағынтаев одақ мүшелерін өзара іс-қимылды нығайтуға, елдер арасындағы сауданы дамытудың жаңа тиімді құралдарын қалыптастыру үшін күш-жігерді шоғырландыруға шақырды.

Бизнеске біраз жеңілдік бар

«Бірлескен отырыстың нәтижелері қандай?» дегенге келсек, негізгі үш мәселені атап өтуге болады. Басты жаңалық  – «Жол карталарының» әзірленетіндігі. Кедергілер мен шектеулерді жоюға бағытталған карта кәсіпорындарымыздың ортақ нарықтарға шығу жолын жеңілдетіп, олардың дамуына қосымша жағдайлар жасайды деген үміт бар. Ендігі мәселе, аталған картаны дайындауға отандық сарапшылар мен экономист ғалымдарды, заңгерлерді қатыстыруға жағдай туғызуда болып отыр.

Екіншіден, Еуразиялық Экономикалық Одақтың отандық кәсіпкерлер үшін ортақ нарық қалыптастырғаны белгілі. Мәселен, бұған дейін он жеті миллион халыққа қызмет көрсетіп келген бизнесмендер үшін нарық он есеге дейін артты. Оның үстіне, технология қозғалысында да еркіндік туындап, бизнес үшін мемлекеттік сатып алуларға жол ашылғанын ескерсек, әріптес елдердің өзара ортақ ережелерін қалыптастыруды талап етуі де заңдылық. Осы орайда, Кедендік кодекстің де көп ұзамай қабылданатынын негізгі жаңалық ретінде атап өтуге болады. Жаңа кодекс Одақ құрамындағы елдердің бизнесіне кеңінен мүмкін-діктер ашады, кедендік рәсімдерге, посткедендік бақылауға жеңілдіктер әкеледі деп күтілуде.

Үшіншіден, «Одаққа мүше-лік қай елдің экономикасына қалай әсер етті?» деген сұраққа кеңес толық жауап бере алмады. Рас, Қазақстан экспорттап отырған тауарлардың ішінен, азық-түлік, минералды заттар, жанармай, энергетикалық өнімдер, түрлі түсті металл, құрылыс материалдарын санамалап шығуға болады.  Басқаны айтпағанда, Ресей нарығында да әжептәуір қозғалыс байқалады. Бірақ, әлемдік экономикада болып жатқан жағдай бәрібір ойлану керектігін айқындай түсті. «Десе де, әлемдік нарықта қалыптасқан жағдай аймақтық интеграцияның экономикалық тербе-лістерге дайын болу керектігін көрсетіп отыр» дейді сарапшылар.

экономика2

Алмақ пен салмақ

Саясаттанушы Жұлдызай Ысқақова Еуразиялық Экономикалық Одақ құрамына енгелі бері Қазақстанның   нақты қандай «плюстарға» қол жеткізгенін санамалап шығудың қиын екендігін айтады. «Себебі, одақ оған мүше елдердің экономикасы қиындықтарға тап келген кезде құрылды. Соның нәтижесінде, одақтас мемлекеттердің барлығы ішкі жалпы өнімнің құлдырауын бастан кешіріп отыр» дейді сарапшы.

Әрине, одақтың құрылуы, қалыптасуы, одан кейін дамуы бар. Сондықтан, уақытша қиындықтардан шығу жолдарын іздестірумен қатар, еліміз технология қозғалысында туындайтын еркіндікті тиімді пайдаланар болса, ұтылмас едік. Одақтың ғаламдық экономикада бой көрсеткен жағымсыз факторлардан қорғану «иммунитетін» күшейтуге, Қазақстанның транзиттік және инвестициялық әлеуетін кеңейте түсуге мүмкіндік беріп отырғанын ескерсек, уақытша қиындықтарға бола, бірлескен интеграцияны түбегейлі жоққа шығаруға да болмайтындай.

Мәселен, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов «интеграция күн тәртібінде тұрған мәселе болғандықтан, бәрібір одақтың әлеуетін толықтай пайдалануға маңыз беру қажет» деген пікірде. «Біз – Орта Азия континентінде орналасқан үлкен елміз. Десе де, мейлі саяси, мейлі экономикалық қауіпсіздігімізді бірігіп қорғауға міндеттіміз» дейді ол.

Интеграция мәселесінің екінші қыры да бар.  Қазақ елінің мұхитқа шығатын жолы жоқ. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, энергетика, ауыз су мәселесінің тапшылығы да ойландырмай қоймайды. Үшіншіден, экономикалық, транзиттік қыспақтан сақтану үшін де, елімізге одақ әлеуетіне жүгінуге тура келеді.

Еуразиялық Одақ  ең алдымен, өндірістік  ортадағы  бәсекелестікті  күшейтеді.  Ал, одақтағы  орнымызды  айқындай түсу үшін,  ішкі экономика мәселесінде  көп қадамдар  жасауға  тура келеді. Қалай болғанда да  еліміздің  Одақтағы  салмағы артуы тиіс.

*Сіз не дейсіз?

Асылбек ЖӘКИЕВ,

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалының директоры:

Еліміздің екінші тынысы ашылды

Ең бастысы, Еуразиялық Экономикалық Одақ еліміздің екінші экономикалық тынысының ашылуына мүмкіндік береді. Әлемде Батыс Еуропа Одағы, Еуропалық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы сынды өзін мойындатқан ірі құрылымдар бар. Бұл одақтардың қай-қайсысы  да өзіне мүше мемлекеттердің экономикалық мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Міне, ЕурАзЭҚ те сол ұйымдар секілді,  әсіресе бизнеске, елімізге инвесторлар тартуға жаңа жол ашып отыр. Уақытша қиындықтар бар. Бірақ, түптің түбінде біздің экономикамыз жаңа белеске көтерілетін болады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*